Денсаулық

Отбасыма қуанып оралдым

 Әлем халқын әбігерге салған аты жаман мына індет мені де айналып өтпеді. Жұмыста жүріп, осы аурудың тырнағына ілініп, қатты ауырдым. Қызуым көтеріліп, тамаққа тәбетім тартпай, әлсіздік еңсемді басып, өкпеме дем жетпей, аудандық ауруханаға ауыр күйде түстім. Ауруханада жұқпалы аурулар бөлімінің қызметкерлері дер кезінде қарқынды ем-шараны қолға алып, тура келген ажалдан арашалап қалды. Коронавирусқа тапсырған тест нәтижесі вирус барын көрсетті. Оны естіп, біраз уайымдап қалған едім. Алайда дәрігерлердің қатаң бақылауында болып, жүректі жылытар жақсы сөздерінің арқасында бесінші күн дегенде бетім бері қарап, басымды көтердім.

Жалаң қолмен майдан шебінде жүрген медицина қызметкерлерінің қызметін ерлікке бағалар едім. Жандары қалмай өбек болып, дәрі-дәрмектерді уақытымен беріп, жағдайымызды жасады. Үстеріне киген қорғаныс киімдеріне қарап отырып жаның ашиды. Аяқтарындағы резеңке етіктерін көтеріп, онымен жүріп-тұрудың өзі қиын екенін сезесің. Үнемі маска мен қорғаныс көзілдіріктерін тастамайды. Әрине, бұның бәрін қатаң сақтау кажет. Жұқтыру қаупі жоғары аймақта жүріп, өз денсаулықтарын бәске салып жүрген дәрігерлер мен мейірбикелердің жасап жатқан қызметтері үлкен батырлық. Ақ халатты абзал жандарға айтар алғысым шексіз. Істерінен береке тапсын!

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін стационардан шыққаннан кейін 14 күн бойы үй карантинінде болу керек екен. Бүгінде ауруханадан шығып,  отбасыммен қайта қауышқаныма ризамын. Бірақ әлі де күтімнің керек екенін айтты. Осының бәрі дәрігерлердің арқасы деп білемін. Ауданымызда осындай антына берік дәрігерлер мен медбикелер бар екеніне өте қуанамын.

Жаман індетке шалдығып, қиындықты артта қалдырған науқас ретінде аудан тұрғындарына айтарым, сақтық шараларын қатаң сақтап, індеттің таралуына жол бермейік! Бір болайық!

 Базарбай ТІЛЕКБАЕВ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button