Денсаулық

Көңіл жылылығы — дертке дауа

Дерт дендеген әлем бүгінде күш-жігерін, білімі мен ғылымын осы індетпен күреске жұмсауда. Бұл жерде, әсіресе, дәрігерлердің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Себебі, мен осы ауруды басымнан өткізіп, алдымен Алланың, сосын ақ халаттылардың арқасында орнымнан тұрған адаммын.

Өзім Ақтөбе қаласының тұрғынымын. Алдымен маусымның аяғында аздап қызуым көтерілді, оған аса мән бермедім. Бірақ уақыт өте шілденің жетісінен бастап, қызуым тұрақты көтеріліп, ақырында «Қуаныш» клиникасында рентгенге түстім. Нәтижесінде өкпемнің 50-60 пайызы зақымданғаны белгілі болып, екі жақты өкпе қабынуы деген диагноз қойды. Содан өзім  сұранып, тоғызыншы шілдеде Қандыағаш орталық аудандық ауруханасына келдім. Алғашқыда мұндағы дәрігерлердің киген киімінен шошып кеттім. Толайым тұмшаланып, барлық жерлерін жапқан, аяқтарына резеңке етік киген. Бірақ мен олардың көзінен от көрдім. Жаны қиналып, дертіне дауа іздеген адамның көңілі ме қайдам, осы жандардан қатты үміт күтіп, көзілдіріктерінің ар жағындағы жанарларынан жылу іздедім. Сол жылуды көрдім де, сезіндім де. Ауруханадағы алғашқы 3-4 күн өте ауыр өтті. Дертім жаныма батып, таңды таңға ұрып, түнімен ұйықтамай, таңның атуын ғана күтіп, тікемнен тік отырған күндер еді бұл. «Осы таң атса, аман қаламын» деп жұбататынмын өзімді.

Сол уақыттары ауруханадағы ақ халаттылардың, мейлі, ол дәрігер, мейлі ол медбике, кіші қызметкер болсын, жанкештілігін көрдім. Ауруханадағы барлық дәрігерлер мен медбикелер өз істерінің майталман мамандары екенін көрсетіп, ұйымдасқан түрде еңбек етуде. Мұны мен құр мақтан үшін айтып отырғаным жоқ, өз көзіммен куә болған жайтты баяндап  отырмын. Төрт күннен кейін жағдайым жақсара бастады, тамақ іше бастадым. Бұл ауруханада мен бір де бір дәріні өз қалтамнан сатып алмадым, бәрі тегін болды. Жан-жағымдағы жандарға да солай көмек көрсетіліп жатты.

Тағы бір баса айтқым келетіні, Қандыағаштың жергілікті кәсіпкерлері ауруханадағы науқастарға қой сойып, сорпасын, қуырдағын әкеп, жемісін таратып, игілікті іс жасады. Бұл да болса, жер бетіндегі қайырымды жандардың көптігін, қиын кезде бәріміздің біріге алатынымызға тағы бір сендіріп өткендей болды.

Осы сәтті пайдаланып, қайырымды жандарға да шын жүректен ризашылығымды білдіріп, жақсылықтары өздеріне еселеп оралсын дегім келеді.

Жағдайым бірқалыпты болғаннан кейін, 15 шілдеде ауруханадан шықтым. Қазір үйден күтініп, таза ауамен тыныстап, құнарлы тамақ жеп, барынша дәрігерлердің айтқанын жасап жатырмын.

Менің аурумен арпалысқан күндері ұққаным, адамға осындай сәтте жылылық ауадай қажет екен. Алған емің дертіңе дауа болса, адамнан көрген, сезінген жылылық жаныңа сәуле ұялатып, көңіліңде үміт отын жағады екен. Осындағы дәрігерлерден мен соны көрдім. Сол жылылық пен мейірім мені еммен бірге аяғымнан тұрғызды. Сондықтан да бас дәрігер Мейіржан Кенжебаев бастаған қандыағаштық ақ халатты абзал жандарға, мені емдеген дәрігер Берік Ибрагимовке айтар алғысым шексіз! Алла амандығын берсе, еліміз бұл қиындықты да жеңіп, қалыпты өмірге ораларымызға сенемін! Осындай жағдайда тек айтарым, бір-бірімізді мейірімімізден айырмасақ екен.

Әсемгүл АЛДАНАЗАРОВА,

Мұғалжар ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button