Білім

Грантқа құжат қабылдау мерзімі созылды  

Талапкер-2020

ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығы бойынша мемлекеттік білім грантына құжат қабылдау уақыты 30 шілдеге дейін созылды.

Құжат екі тәсіл бойынша қабылданып жатыр. Бірі —egov электронды үкімет порталы арқылы, екіншісі виртуалды қабылдау комиссиясы арқылы қабылдануда.

Талапкерлер үйлерінде отырып-ақ, egov электронды үкімет порталының көмегімен құжат тапсыра алады. Бұл — бірінші әдіс. Egov арқылы түскен өтініштерді әрбір техникалық хатшы өңдеуден өткізіп, мұқият тексеріп, қабылданғаны немесе қабылданбағаны туралы хабарламаны талапкерлердің электронды пошталарына жібереді. Бұл портал арқылы қазір 2500-ден астам талапкерден өтініш түсті. 

Екінші әдіс — виртуалды қабылдау комиссиясы арқылы да құжаттар қабылданып жатыр. Қазір ZOOM платформасы арқылы құжат қабылдау үшін 10 оператор жұмыс жасауда. Бұл тәсіл де құжат тапсыруға ыңғайлы. Әрбір талапкер өз облысында, өз ауданында отырып, біздің қабылдау комиссияның техникалық хатшыларымен тікелей сөйлесіп, сұрақтарын қойып, кеңес алып және бірден мемлекеттік білім грантына құжаттарын тапсыра алады. ZOOM платформасы арқылы 1000-нан астам талапкер құжат тапсырды, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасындағы қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Рауан Жалтырбаева.

Оның айтуынша, ақылы бөлімге құжат тапсыру үшін талапкерлер аталған университеттің arsu.kz сайты арқылы құжаттарын жібереді. Яғни талапкерлерді ақылы бөлімге қабылдау мемлекеттік білім грантымен қатар жүргізілуде.

Талапкерлер университет сайты арқылы онлайн режимде құжаттарын тапсырып, құжаттарының түпнұсқасын 25 тамызға дейін әкеледі. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты талапкерлерден медициналық анықтамасы болмаса да қабылдау жүргіземіз, — дейді Рауан Жалтырбаева.

Сонымен қатар университетте талапкерлерге онлайн кеңес беру жүргізілуде. Техникалық хатшылар WhatsApp, Telegram, Instagram секілді әлеуметтік желілер арқылы талапкерлер мен олардың ата-аналарының сұрақтарына жауап береді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button