Жастар

От ортасында оттегі тасып жүргендер…

Еріктілер жылы

Наурыз айында жер бетін әбігерге салып, әбжыландай айналасына уын шашқан коронавирус дертімен әркім әлі келгенше күресіп жатыр. Қауіп әлі сейілген жоқ. Осындай «оттың» арасында ауруханаға оттегі тасып жүрген еріктілердікі де нағыз ерлік…

 Әлішер САДЫҚ,

«Жүректен жүрекке» еріктілер тобының мүшесі:

— Біздің топтың құрылғанына бірнеше жыл болды. Әлемде пандемия жарияланып, елде карантин режимі енгізілген кезде облыста еріктілер штабы құрылған болатын. Оның құрамына тек біз ғана емес, қаламыздағы бірнеше белсенді топ мүшелері кірді.Қазіргі кезде біздің топтың еріктілері қаламыздағы туберкулезге қарсы күрес диспансеріндегі провизорлық госпитальге барынша қол көмегін беріп жатыр. Госпиталь жұмысын бастаған кезде 200 кереует пен матрас тасып, апарып бердік. Қазір оттегі баллондарын тасимыз. Әкімдік тарапынан, демеушілердің көмегімен әкелінетін оттегі баллондарын жүк көлігінен түсіріп, «қызыл аймаққа» дейін жеткіземіз. Әрине, «бейбіт» күнде бұл жұмысты әркім-ақ атқара алатын шығар, бірақ қазіргідей вирус жұқтыру қаупі жоғары болып тұрған кезде екінің бірінің жүрегі дауаламайтын іс шығар бұл. Рас, өз денсаулығың, өмірің үшін қорқыныш болады, дегенмен аурухана қабырғасының ар жағында бір жұтым ауа жетпей, өліммен арпалысып жатқан адамдарды ойлағанда, оған қол ұшын созбау мүмкін емес… Еріктілердің еңбегі зор. Біреудің алғысын, батасын алу, мұқтаж адамға көмектескен кезде оның көзінен қуаныштың көз жасын көру, өзің аш болсаң да, көңіліңді тоқ етеді, шын мұқтаждың алғысын алғаннан асқан бақыт жоқ!Қазіргі уақыт — қазақтың ауызбіршілігін арттырып, ынтымағын нығайтып, татулығын бекітіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын уақыт.

Екатерина ГОЛОТИНА,

«Zello_help» және «zello_poisk» еріктілер қозғалысының негізін қалаушы, «AntiCovid-19»еріктілер қозғалысының жетекшісі:

Біздің «AntiCovid-19» еріктілер қозғалысы биыл наурыз айында құрылды. Әлемді жайлаған індеттің біздің елді де айналып өтпейтінін түсінген кезде, коронавирус инфекциясын біздің қаламыздың тұрғындары жұқтырғанын естіген кезде «AntiCovid-19» еріктілер тобын құрып, жұмысты бастап кеттік. Бастапқыда қатаң карантин енгізіліп, тұрғындар қиын жағдайға тап болған кезде көпшілігі жұмыссыз қалды, үйінен шыға алмады. Сол кезде көптеген отбасының үйіне азық-түлік апарып бердік, далада қалған отбасыларға тұратын жер тауып беріп, пәтерақыларын төлеп бердік, қаламыздағы әлеуметтік нысандарға орналастырдық, психологиялық, құқықтық, басқа да бағыттарда көмек көрсеттік. Жалпы алғанда сол кездері облыс бойынша 2200 отбасына көмек бердік. Мақтааралда техногендік сипаттағы апат болғанда да барынша қол ұшын созуға тырыстық, гуманитарлық көмек жібердік. Осыдан үш-төрт апта бұрын облыста вирусты өкпе ауруы асқынып, ауруханаларға науқастар сыймай жатқанда медициналық мекемелер қол күшіне зәру болғаны белгілі. Қазір жағдай жақсарып келеді. Біздің топтың еріктілері ауруханаларға оттегі баллондарын тасып, науқастарға дәрі-дәрмек, басқа да керек-жарақты апаруға көмектесіп жүр. Күні-түні оттегі баллондарын тасиды, босаған баллондарды алып шығып, оларды қайта толтырып әкеледі. Қыздар жағы күні-түні өмір мен өлім арпалысқан ауруханалардағы батырларымызға — медицина қызметкерлеріне түскі, кешкі ас апарады. Біздің жігіттер мен қыздар ешқашан көмек сұраған адамның бетін қайтармайды. Барлық ауруханада қазір біздің еріктілеріміз жұмыс істеп жүр. Тегін. Бұл ісіне ешкімнен бір тиын да ақы алмайды. Бастапқыда күніге тек 2-3 ауруханаға баратын болсақ, қазіргі кезде кемінде 7-8 госпитальге барамыз. Дәрігерлер: «Оттегі концентраторларының арқасында бір адамның өмірін алып қалдыңыздар», — десе, төбеміз көкке бір елі жетпей қалады. Ең болмаса бір адамның өмірін алып қалуға сәл де болса көмегіміз тисе, соның өзі үлкен бақыт қой! Оттегі концентраттарын дәл керек кезінде апарғанымыздың арқасында өмірді өлімнен арашалап қалсақ, арқамызға қанат бітіп, одан сайын осындай көмек жасағың келеді, ол үшін ешкімнен алғыс дәметпейміз. Ең бастысы, адамдардың аман қалуы!  Оттегі концентраттарын алу үшін халықтан ақша жинадық, демеушілер де қолдау көрсетті. Мен қазір үйдемін, аздап науқастанып қалдым, толық айығып, дәрігерлер шығуға рұқсат еткен кезде мен де еріктілер қатарына қайтадан қосыламын. Қазір біздің тобымызда 70-тен астам ерікті бар, тобымызға қосылып, көмектескісі келетіндер көп. Ақтөбе — өте қайырымды қала, біздің қалада үлкен жүректі, мейірімді адамдар көп, осындай жұмыстарды біз халықтың арқасында істеп отырмыз.

София МОЛОДОЖЕНЯ, 

«AntiCovid-19»тобының ең жас еріктісі, 26 жаста: 

«Zello_help», «zello_poisk» еріктілер тобына қосылғаныма екі жылдай болды. Мен, негізінен, науқас балалардың еміне ақша жинауға көмектесемін. Қазіргі кезде «AntiCovid-19» еріктілер тобы құрамында ауруханаларға көмектесіп жүрміз.  Адамдар қайғыдан қан жұтып отырғанда мен үйде қол қусырып, қарап отыра алмаймын. Егер біз бәріміз үйде ештеңе істемей отыра беретін болсақ, ештеңе де өзгермейді. Сондықтан еріктілер тобына қосылдым. Күн сайын баламды анама қалдырамын да, еріктілермен бірге ауруханалардағы дәрігерлерге ас-ауқат апарамыз. Менің анам — жеке кәсіпкер, «Мега Шығыс» сауда орнында киім сатады. Бұл — отбасылық кәсібіміз. Қазір сауда орындарының барлығы карантинге жабылғандықтан, басқа адамдар секілді біз де жұмыссыз отырмыз. Дегенмен ел ішінде осындай жағдай болып жатқанда «мен жұмыссызбын, өзімнің де жағдайым жоқ» деп отыра алмайды екенмін. Қолым бос болса, неге қолымнан келгенше қолдау күткен адамдарға көмектеспеске?! Міне, төрт аптадан бері күн сайын 11-ден кешке дейін дәрігерлерге түскі, кешкі ас апарамыз. Тамақты демеушілеріміз, кафе-мейрамханалар, қарапайым тұрғындар пісіріп береді. Күн сайын 7-8 ауруханаға (оның ішінде жедел жәрдем қызметі де бар) апарамыз. Біздің қаламыздың тұрғындары қайырымды ғой, бірі мал сойып әкеледі, бірі ұнын, картобын әкеліп жатады. Бәліш, бауырсақ пісіріп беретін аналарымыз да бар.

Күні кеше ғана бір қайырымды адам 90 келі картоп, 10 келі пияз, сәбіз әкеліп берді. Бірі тоқаш пісіріп, енді бірі кәмпит-печенье әкелді. Тамақты шикілей берсе, Сергей деген ерікті жігітіміз кемінде 100 адамға жететіндей қылып қазан асып, пісіріп береді. Ең алғаш ауруханаға көмек қолын созайық деп, дәрігерлерге ас-ауқат апарғанымызда: «Бұл не? Сіздер кімсіздер? Қандай компаниядан келіп тұрсыздар?» деп таңғалғаны рас. Біз қарапайым қала тұрғындары екенімізді, ерікті екенімізді, бір адамды болса да аман алып қалайық деп жанталасып жүрген дәрігерлерге қолдау көрсетуге келгенімізді айтқанда, олардың жанарынан от көрдік, олар өздеріне ғана үміт арқалап, сенім білдіріп отырған халықтан қолдау көргеніне рухтанған секілді көрінді маған.Сенен көмек күткен адамға қол ұшын созу кеудеңді ғажап сезімге бөлейді. Мен өмірімді енді мұнсыз елестете алмаймын. Ақтөбеде жүрегі жылы адамдар көп, күнде кешкісін үйге келгеннен кейін де телефоныма тыным жоқ: барлығы да қолдан келгенше көмек көрсеткісі, қолындағы барын бергісі келеді.

Бақытқали ОРАЗҒАЛИЕВ,

«AntiCovid-19» тобының еріктісі:

Кішігірім кәсібім карантинге байланысты тоқтап тұрғандықтан, қазіргі кезде бос уақытымның барлығын ауруханаларға көмектесуге арнадым. Отбасымды ауылға, ата-анамның қасына жіберіп, өзім осында қалып, еріктілер қатарында жұмыс істеуім қажет деп шештім. Волонтерлікпен айналысуды осыдан төрт жыл бұрын  бастадым. «Zello_рoisk» еріктілер тобының құрамында із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге, табуға көмектесіп келе жатырмыз. Біреудің қайғысына жай қарап отыра алмаймын, қаржылай көмектесе алмасам да, қол еңбегіммен көмектесейін. Егер біздің көмегіміз бір адамның болса да жүгін жеңілдетіп, қайғысын сейілтсе, соның өзі үлкен олжа. Қазір халықтың, қаламыздың кәсіпкерлерінің көмегімен медициналық мекемелерге оттегі концентраторларын алып бердік. Провизорлық орталықтарға оттегі баллондарын жүк көлігіне тиесуге, түсіруге көмектесеміз. Бұл баллондар өте ауыр, салмағы шамамен 80-90 келі болады. Босаған баллондарды дер кезінде толы баллонмен ауыстырып, босағанын толтыру керек. Әр секунд санаулы. Ал аурухана қызметкерлерінің басқа да жұмысы жетерлік, сондықтан көмекке келдік. Біз науқастардың қасына бармаймыз, «қызыл аймаққа» кірмейміз. Біздің жұмысымыз — баллондарды көліктен түсіріп, арухананың лифтісіне дейін апару. Ары қарай жұмысшылар немесе медбикелер өздері әкетіп, жоғарғы қабаттарға жеткізеді. Тобымызда бірнеше жігіт бар, күндіз-түні ауруханалардың қасында кезекшілікте боламыз. Себебі оттегі баллондары түнде де керек болып қалуы мүмкін. Мұндағы ойымыз — дәрігерлердің, медбикелердің жұмысын жеңілдету, олардың уақытын үнемдеу, өздерінің тікелей жұмысын алаңсыз атқарсын деген мақсат. Себебі қазіргі жағдайда олар майданда жүргендей… Күн сайын қатарымызға қосылып жатқан еріктілер бар. «Көп түкірсе — көл» деген, қаржылай болсын, заттай болсын, қол күшімен болсын, бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Демеушілік көрсетіп жатқан қарапайым тұрғындарға, кәсіпкерлерге, демеушілерге алғысымыз шексіз.

Мен «Жақсылық Алладан қайтады» дегенге сенемін. Ешқашан өз көмегім үшін ешкімнен ақы сұрамаймын. Бұл — өз еркімен, жүректен шыққан көмек. Өз денсаулығымды сақтау үшін дәрігерлердің кеңесін қолданамын, үнемі бетперде тағып, қолғап киіп, антисептик пайдаланамын, иммунитетімді көтеретін дәрумендер ішіп, спортпен шұғылданамын.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button