Экономика

«Бизнеске арналған үкімет» орталығы онлайн жұмыс жасайды

Биыл маусымда облыс әкімдігінің қолдауымен Ақтөбе қаласында «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай орталығы ашылған болатын. Бұл — Президент тапсырмасы негізінде жүзеге асырылған шара.

«Бизнеске арналған үкімет» жобасының мақсаты —  «бір терезе» қағидаты бойынша бір жерде қызметтер кешенін және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну, сондай-ақ кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің жылдамдығы мен сапасын арттыру. Мұндай қағидатты енгізу кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау шараларын қамту мен қолжетімділікті, сондай-ақ қолдау шараларын алу рәсімдерінің ашықтығын арттырады.

Мұнда кәсіпкерлерге мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының, екінші деңгейлі банк филиалдарының, қызмет көрсетуші кәсіпорындардың өкілдері қызмет көрсетеді. Сондай-ақ «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшылары кеңес береді.

«Бизнеске арналған үкімет» жобасы екі аймақтан тұрады. Оның бірі — операциялық аймақ, екіншісі — кеңес беру және өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы. Яғн, соңғысына маркетинг, құқықтық сүйемелдеу, басқа да құзыреттілік түрлері кіреді.

Мамандардың айтуынша, уақытша шектеу және карантиндік іс-шаралар қабылданғанына байланысты «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай орталығы қазіргі уақытта онлайн режимінде қызмет етіп жатыр. Соған қарамастан тұрғындарға барлық қызмет түрі ұсынылады.

Эпидемиологиялық жағдай қалыпқа келтірілгеннен кейін қызметтер пакеті мен мемлекеттік қолдау шаралары офлайн режиміне көшірілмек.

«Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай орталығы Ақтөбе қаласындағы Сәңкібай батыр даңғылы, 22-үй, «Қазына» бизнес орталығы ғимаратында орналасқан.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button