Экономика

Ақтөбеде жалпы құны 21,8 миллиард теңге болатын 5 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Ақтөбе» индустриялық аймағында болды. Аймақ басшысы «LucrumStar» ЖШС қағаз өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысымен танысты.

Инвестиция құны 300 млн теңге құрайтын кәсіпорын жылына 3,335 тонна негізгі қағаз немесе 23 миллион орама дәретхана қағазын, 3 миллион орам қағаз сүлгілерін, 7,5 миллион пакет майлықтарын өндірмек. Компания макулатураны жинайды, өндірістік цехтың жанында сұрыптауға және сақтауға арналған қойма бар. Бұған дейін Ресейден шикізат сатып алынды, енді толық өндірістік циклды құру және елдің ішкі нарығын сапалы өніммен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ өңір басшысы «Aktobe Smart Tech» деректерді өңдеу орталығының монтаждау жұмыстарын бақылады. Орталық толық іске қосылса, көлемі 5 петабайтқа дейінгі деректерді сақтауға болады. Жоба құны — 10,8 миллиард теңге.

Биыл Ақтөбеде жыл соңына дейін жалпы құны 21,8 миллиард теңге болатын 5 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Соның арқасында 315 жұмыс орны ашылады. Ақтөбе облысы өңірлік үйлестіру кеңесі 2020 жылы құрылыс материалдары өндірісі, қолданыста болған мотор майын қайта өңдеу, күрделі металл құрылымдар мен металл бұйымдарын дайындайтын зауыт, т.б. құны 9,7 миллиард теңге болатын 8 жобаны  мақұлдаған. Жобалар жүзеге асырылса, 497 жұмыс орны құрылады. Осылайша жыл соңына дейін индустриялық аймақта кем дегенде 600 адамды жұмыспен қамту күтіледі. Айтып өтейік, жалпы 25 компания — индустриялық аймақтың резиденті. Қазіргі уақытта индустриялық аймақта 6,2 миллиард теңгенің 7 кәсіпорны жұмыс істейді. Облыс әкімі  бұдан соң «Ақтөбе» ӘКК» АҚ өкілдерімен жиын өткізді. Басқосуда инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі талқыланды. «Облыста  жүзеге асырылатын әрбір жобаның орны ерекше. Өңірдің  әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етілуі кәсіпорындардың іске қосылуына тікелей байланысты. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуге әзірміз, дегенмен жұмысты жандандырып, игеріп алу өздеріңе байланысты», — деп атап өтті Оңдасын Оразалин. Облыс әкімі «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ның басшысы Ермек Имантаевқа инвестициялық жобалар санын арттырып, жоспардағы  кәсіпорындарды ыждағаттап іске қосуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button