Басты жаңалықтарЭкономика

«Ақтөбе-Атырау» тасжолы: биыл 214 шақырымдық жол қозғалысы ашылады

Облыс аумағындағы республикалық маңыздағы жолдардың ұзындығы — 1869 шақырым. Ресми мәліметтерге сүйенсек, оның шамамен 70 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тасжолының облыс аумағындағы бөлігін қайта жаңғырту жұмыстарының басталғанына біраз уақыт болды. Жасыратыны жоқ, қазір көпшілік аталған жолдың құрамына кіретін 89 шақырым — Ақтөбе-Қандыағаш учаскесінде құрылыс жұмыстарының тезірек басталуын күтіп жүр. Өйткені екі аралықтағы жолдың жайы жүргізушілердің ығырын шығарған.

Құрылыс қарқыны қандай?

Ақтөбе облысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы желісі — 1869 шақырым. Оның ішінде жолдың 21 шақырымы — бірінші санатты, 473 шақырымы — екінші санатты, қалған бөлігі үшінші санатқа жатқызылады. Ал жолдың жалпы жағдайына келер болсақ, республикалық деңгейдегі автомобиль жолының 1060 шақырымы — жақсы, 89 шақырымы — қанағаттанарлық, 720 шақырымы — қанағаттанарлықсыз күйде. Облыстың республикалық жолдар желісін дамыту аясында биыл 214 шақырым жөндеу жұмыстарын қамту үшін 16,49 миллиард теңге  қарастырылған.

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов бүгінгі күні Ақтөбе-Атырау автокөлік жолы учаскелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып жатқанын айтты.

«Ақтөбе-Атырау-Астрахань» халықаралық тасжолының Ақтөбе-Атырау аралығындағы 100-160 шақырымдық учаскесіне екінші санаттағы жол салынады. Бұл — Қандыағаштан бастап Қалмаққырған ауылынан сәл асыңқырайтын тұс. Жоба құны — 14 миллиард теңге. Бүгінгі күні бұл аралықта «Uniserv» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс жасап жатыр. Биыл аталған учаскеде 45 шақырымдық жол қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз. Былтыр аталған компания бұл учаскеде 16 шақырымдық жол құрылысын салса,  ал биыл 7 шақырымдық жол салынды. Жыл соңына дейін бұл аралықта  екі қабатты асфальт жамылғысы төселіп, жол құрылысы толығымен аяқталатын болады, — дейді М.Махамбетов.

Мамандардың айтуынша, қазіргі күні мердігер компаниялар жергілікті жерден жұмысшыларды көптеп  тартып жатыр. Яғни бір учаскедегі шетелдік жұмысшылардың саны оннан аспайды. Алайда «Uniserv» компаниясында жұмыс жасап жатқандардың барлығы — жергілікті тұрғындар.

Сол сияқты аталған жолдың 160-220 шақырымына мердігерлік ететін «Todini Construzion Generali S.P.A» компаниясы бүгінде 3,89 миллиард теңгенің жұмысын жүргізіп жатыр. Жолдың бұл учаскесіндегі жұмыстарға  93 дана техника мен 109 адам жұмылдырылған.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жолдың 60 шақырымындағы жұмыстарды жолшылар жоспарға сәйкес орындап жатыр.Қазіргі таңда мұнда ірі түйіршікті асфальт-бетоннан жасалған жол жабындысының төменгі және жоғары қабаттары жаңартылуда. Аталмыш жұмыстар аяқталғаннан соң ені 9 метрді құрайтын тасжол екінші техникалық санаттағы жолға сәйкестендірілетін болады. Бұл аралықта  техникалық бақылау шараларын «Consult Enginering» және «ZS Enginering» компаниялары жүзеге асырып жатыр.

Сондай-ақ қазір осы жолдың бойында «СПИК Аккорд» мердігерлік компаниясы да іске кіріскен.

Жалпылай алғанда, биыл Ақтөбе облысында жыл соңына дейін «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тасжолын қайта жаңғырту құрылысы бойынша 214 шақырымдық жол қозғалысы ашылады деп жоспарланған.  Бұл —  жолдың 100-160, 160-220, 236-275 және 275-330 шақырымдарының аралығы.

Ақтөбе-Атырау тасжолы:

Көпірлер саны — 11, аяқталғаны — 6.

Су өткізетін құбырлар саны — 138, аяқталғаны — 105.

Мердігері жоқ телімдер

Марат Махамбетовтің айтуынша, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тасжолы жобасын аяқтау мерзімі 2023-2024 жылдарға жоспарланған.

— Жоба бойыншақайта жаңарту жұмыстары 7 учаскеге бөлінді. Оның ішінде 1 учаскеде жұмыс аяқталды. Қазір 4 учаскеде құрылыс жүргізіліп жатыр, ал қалған учаскелер бойынша тендерлік процедуралар өтуде. Ол  — жолдың 11-52 және 52-100 шақырымы. Әзірге бұл учаскелерге бас мердігер анықталған жоқ. Екі телім бойынша жол ұзақтығы — 89 шақырым. Бұл — Ақтөбе мен Қандыағаш қалаларының аралығы.  Жобаның сметалық құны — 70 миллиард теңге, — дейді филиал директоры.

Оның айтуынша, Ақтөбе-Қандыағаш аралығындағы қазіргі қолданыстағы тасжол 1960-1970 жылдары салынған. Бұл — үшінші санатты республикалық маңыздағы екі жолақты жол.

—Ақтөбеден Қандыағашқа дейінгі үшінші санатты жолды бірінші санаттың төрт жолақты жолына ауыстыру жұмыстары, яғни жол учаскесін қайта жаңарту жоспарлануда. Бұл жоба Ақтөбе қаласы мен Алға және Мұғалжар аудандарын қамтиды. Жоба бойынша аталған учаскедегі жолдың көп бөлігі жартылай шөлді аймақ арқылы өтеді. Жобаны әзірлеу кезеңінде жақын маңдағы ауылдарға ықпалын азайтуға бағытталған бірнеше нұсқалар қаралды. Атап айтқанда, екі айналма жол Алға және Қандыағаш қалаларына әсерін тигізбеуге бағытталған. Географиялық орналасуына байланысты Бестамақ ауылының маңайында айналма жол салу мүмкін емес. Өйткені елді мекеннің  бір жағы — өзен, ал екінші жағы — теміржол. Сондықтан бұл учаскеге арнайы техникалық параметрлер қолданылды. Атап айтқанда, жылдамдықты төмендетіп жүру мәселесі қарастырылды. Автомобиль жолының құрылысы аяқталғаннан кейін, мұнда ені 0,5 метр болатын екі жақ жиекке тосқауылдар, одан кейін тосқауылдық қоршау, яғни шуылдан қорғаушы экрандар, жарықтандыру тіректері салынатын болады, — дейді Марат Махамбетов.

Ақтөбе мен Қандыағаштың арасы

Жобаға сәйкес Ақтөбе мен Қандыағаштың арасында екі участок, яғни екі телім бар. Бұған дейін сол екі телімге Нұр-Сұлтан қаласында тендерлік конкурс өткізілген болатын. Тендерге қытайлық және нарықта жол құрылысымен айналысып жүрген басқа да компаниялар қатысты. Нәтижесінде ең төменгі бағамен қытайлық компания екі лотты ұтып алды. Бірінші лотты Қытайдың Ухань қаласындағы компания ұтса, екінші лотты да қытайлық кәсіпорын еншіледі. Алайда COVID-19 індетіне байланысты қытайлық компаниялардың елімізде жол құрылысы жұмыстарын бастауға мүмкіншіліктері болмағандықтан, осы тендерді қайта ұйымдастыруға шешім қабылданды.Қазір Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы бұл мәселені бірлесіп шешу үшін жұмыстанып жатыр. Яғни ішкі нарықта жол-құрылыс саласында жұмыс жасап жүрген қазақстандық және шетелдік компаниялар арасында өткізуді жоспарлаған тендер  биыл екінші жартыжылдықта ұйымдастырылмақ.Бұл жоба «Азия Даму Банкі» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылатындықтан, бүгінгі күні келіссөздер де жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе жақын аралықта шешіледі. Содан кейін  мердігер компания  дайындық жұмыстарын бастайтын болады. Ал толыққанды жұмыс келер жылы басталуы мүмкін, — дейді Марат Махамбетов.

Оның айтуынша, биыл сәуірде облысқа жасаған іссапары кезінде Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға бұл мәселе баяндалған. Сондықтан қазіргі күні аталған проблеманы шешу жұмыстары Премьер-Министрдің бақылауына алынған.

Расын айту керек, жобадағы Ақтөбе-Қандыағаш аралығындағы жолдың «жыры» ұзаққа созылып кетті. Сондықтан жақын аралықта бұл мәселе шешіледі деген ойдамыз. Өзім де осы учаскеде жол құрылысының басталғанын тағатсыздана күтіп отырмын. Өйткені халықтың алдында ұят болды. Сондықтан жобадағы жол құрылысының өзге учаскелеріндегі жұмыстар аяқталып, тапсырыла береді. Ал бұл аралықтағы жол құрылысы биыл басталады деп отырмыз, — дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов.

P.S. Бүгінгі күні жұмыс жүргізіліп жатқан барлық учаскелерде карантин режимі сақталып, санитарлық-гигиеналық шаралар жүргізіліп жатыр. Жол құрылысына тартылған жұмысшылар арнайы киімдермен және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген. Жолды қайта жаңарту учаскелерінде жұмысшыларды ауруханаға жатқызу және оқшаулау үшін медициналық бекеттер мен арнайы орындар да қарастырылған. «Расын айту керек, бұл жағдай жол құрылысын жүргізуге де айтарлықтай қиындық тудырып тұр. Барлық сақтық, қауіпсіздік шараларын жасап жатқанның өзінде 25 жұмысшы науқастанып қалды. Бүгінде соның үшеуі жазылып шықты. Мердігер өз тарапынан барлық қажетті шараларды жасап жатыр», — дейді филиал басшысы.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button