Жаңалықтар

 Кәсіпкерлер онлайн сайлауға түседі

Ақтөбеде өңірлік кеңеске мүшелікке 69 кәсіпкерден өтініш түсті

Биыл 5-11 тамыз аралығында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңестеріне үміткерлерді сайлау өтпек. Бүгінгі күні үміткерлерді тіркеу аяқталып қалды. Содан соң үгіт-насихат жұмыстары басталады.

Кәсіпкерлер кеңесіне мүшелерді сайлау онлайн режимінде өткізілмек. Алайда сайлауға үміткер ретінде кімдер түсе алады? Осы және өңірлік кеңестің жұмысы турасында біз облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанованы сөзге тартқан едік.

— Сайлау қалай жүргізіледі?

Бұған дейін сайлауды 20-22 шілде аралығында өткізу жоспарланған болатын. Алайда кәсіпкерлердің сұрауы бойынша әрі елімізде пандемияға байланысты шектеу шаралары мерзімінің ұзартылуына орай «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық кәсіпкерлер палаталары жанындағы өңірлік кеңестерге мүшелерді  сайлау мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады.  Сайлау үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең — үміткерлерді тіркеу, құжаттарды қабылдау жұмыстары 7-22 шілде аралығында жүргізілмек.  Екінші кезең 25 шілде мен 3 тамыз аралығында жүзеге асырылатын болады. Яғни бұл уақытта үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарымен айналысады. Ал үшінші кезеңде сайлау өткізіледі. Бұл — 5-11 тамыз  аралығы.

Кандидат ретінде сайлауға қатысуға кім үміткер бола алады?

— Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесіне мүшелікке кез келген кәсіпкер үміткер бола алады. Алайда оларға қойылатын арнайы талап та бар. Яғни сайлауға түсуге үмітті кандидат өңірімізде кемінде үш жыл бойы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған болуы шарт. Бұл ретте оның мерзімі үш айдан асатын салық берешегі болмауы тиіс. Яғни кандидаттың меншігіндегі кәсіпорын  банкроттық немесе тарату рәсіміне жатпайтын бизнестің жұмыс жасап тұрған субъектісі болуы қажет. Ал қандай да бір қауымдастықтардың, яғни одақтың атынан сайлауға түсетін үміткерлер мен өзін-өзі реттейтін ұйымдардың кандидаттарына келер болсақ, олардың да үш айдан астам мерзімге салық берешегі болмауы тиіс әрі қолданыстағы ұйым болуы қажет. Ең бастысы — әрбір үміткер Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Кандидат өңірдің әлеуметтік-қоғамдық өміріне белсенді қатысушы, кәсіпкерлер арасында өзіндік ой-пікірі мен ұстанымымен көшбасшы ретінде танылған, сол сияқты аймақтағы белгілі тұлға, бизнестегілер арасында және қоғамда жақсы беделге ие болуы да маңызды. Тағы бір айта кететін жайт, өңірлік кеңеске мүше үміткерлердің бизнесі дұрыс жолға қойылған болуы шарт. Кандидаттың әлеуметтік жауапкершілігі баса назарға алынады. Сонымен қатар оның заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы болмауы тиіс. Бұл жерде облыстық, қалалық мәслихат депутаттарымен жұмыс құпталады.

— Сайлауға қатысу үшін қауымдастық тарапынан бірнеше кандидат ұсынуға мүмкіндік бар ма?

— Жоқ, қауымдастықтар немесе одақтар өңірлік кеңестің құрамына іріктеу үшін бір ғана кандидатура беруге құқылы. Бұл орайда қауымдастықтың, өзін-өзі реттейтін ұйымдардың бірінші басшысы немесе атқарушы органының мүшесі кандидат ретінде ұсынылады.

— Елдегі жағдайға байланысты көп жұмыс қашықтан атқарылып жатыр. Бұл орайда сайлауға түсу үшін өтініш қалай беріледі?

— Үміткерлер vote.atameken.kz порталы арқылы өтінім қалдыра алады. Сол сияқты бұл істі кәсіпкерлер палатасының кеңсесіне келіп, офлайн режимінде жүргізуге болады. Дегенмен карантиндік шектеу шараларына байланысты, әрине, мұны онлайн жүргізген тиімді. Бүгінгі күні Ақтөбеде өңірлік кеңеске мүшелікке 69 кәсіпкерден өтініш түсті.

— Жалпы сайлау комиссиясының құрамында кімдер болады?

— Өңірлік сайлау комиссиясының құрамы мәслихат депутаттары мен облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерінен, сол сияқты қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерінен тұруы мүмкін. Бұл жерде айта кететін бір жайт, өңірлік сайлау комиссиясы өз қызметін өтеусіз негізде жүзеге асыратын болады. Осылайша сайлау мен дауыс беру процесі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан ешқандай қосымша шығындарды қарастырмайды. Өңірлік кеңес мүшелігіне әрбір үміткер өзінің сайлауалды үгіт-насихат науқанын тек өз қаражаты есебінен өткізеді.

— Кандидаттар тізімі қалай құрылады?

— Облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі туралы ережеге сәйкес онымен vote.atameken.kz сайтында танысуға болады. Құжаттардың толықтығын және осы ережеде белгіленген талаптарға сәйкестігін қабылдап, қарау жұмыстарын үміткер өтініш берген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өңірлік комиссия жүзеге асырады. Ұсынылған құжаттарды қарау қорытындысы бойынша өңірлік комиссия өңірлік кеңес мүшелігіне кандидаттардың тізімін қалыптастырады және үміткерлерді тіркеу немесе тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Үміткерді кандидаттар тізіміне тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда өңірлік комиссия бұл туралы Ұлттық палатаның бірыңғай интернет-порталында тиісті ақпаратты орналастыру жолымен хабардар етеді.Кәсіпкерлік субъектілерінен, сондай-ақ қауымдастықтар мен өзін-өзі реттейтін ұйымдардың өкілдерінен тіркелген кандидаттардың жалпы тізімін өңірлік кеңеске үміткерлерді іріктеу бойынша дауыс беруді өткізу үшін ұсынылған құжаттарды қарау қорытындысын бір жұмыс күні ішінде өңірлік комиссия қалыптастырады.

Үміткер ретінде тіркелу үшін кәсіпкерден қандай құжаттар талап етіледі?

— Өңірлік кеңес мүшелігіне кәсіпкерлік субъектілерінен үміткерді тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады: ережеге сәйкес нысан бойынша жеке кәсіпкердің, кәсіпкерлік субъектісінің немесе акционердің болмаса қатысушының өңірлік кеңес мүшелігіне кандидат етіп ұсыну туралы өтініші, үміткердің өңірлік кеңеске ұсынуға және дербес деректерді тексеруге өтініш-келісімі, сол сияқты кәсіпкерлік субъектісі жарғысының немесе құрылтай шартының көшірмесі, бизнес  субъектісін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі сұратылады. Сонымен қатар үміткердің түйіндемесі немесе өмірбаяндық деректер, оның бірінші басшы ретіндегі лауазымын растайтын құжаттармен қатар жеке куәлігінің көшірмесі де қажет. Сол сияқты, жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпкерлік субъектісінде үш айдан асатын мерзімге салық берешегінің жоқ екендігі туралы белгіленген нысандағы анықтаманың болуы шарт.

Жалпы дауыс беру процесі қалай жүргізіледі?

—Әлемдегі жәнеелдегі күрделі эпидемиологиялық жағдайға, сондай-ақ 5 шілдеден бастап енгізілген шектеу шараларына байланысты дауыс беру процесі тек онлайн режимінде өткізілетін болады. Дауыс беру рәсімі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірыңғай интернет-порталында таңдаған үміткеріне электрондық дауыс беру арқылы жүзеге асырылады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button