Жаңалықтар

Ассамблея өкілдері қайырымдылыққа үлес қосты

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де қауіпті індетпен күрес кезінде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, зейнет жасындағы қарияларға, жалғызбасты аналар мен ауруханада ем алып жатқан науқастарға азық-түлік, дәрі-дәрмектер жеткізіп, қолдау көрсетуде.

Әркез игі істің басында жүретін ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишняк Ақтөбе қаласындағы 12-шағын ауданында орналасқан №3 емханаға 400 мың теңге көлемінде көмек көрсетті. Бұл қаражатқа еріктілер емханаға ыстық тамақ пен гигиеналық заттар апарып берді. Сонымен қатар Сергей Вишняк облыстық мәслихаттың депутаты Хайдар Ілиясовпен бірігіп, көршілес Ресей елінен 600 мың теңгеге дәрі-дәрмек алдыртып, қалалық емханаларға тегін таратты.

Мұндай қайырымды істердің легін облыстық ҚХА жанынан құрылған «Бірлік» волонтерлер орталығы жалғастырды. «Ақтөбе-Лайв» ақпараттық порталының ұйымдастыруымен аталған орталықтың белсенділері қала тұрғындарының жинаған қаражаттарының есебінде дәрі-дәрмектерді тегін тарату жұмыстарына қатысты.

«Жақыныңа жанашыр бол!» акциясы аясында «Бірлік» волонтерлері 24 отбасыға азық-түлік пакеттерін таратты.

Татулық пен бірлікті ұран еткен ақтөбелік энтос өкілдері де жақсы істен құр қалмай, карантин кезінде қайырлы істер жасады. Мәселен, «Урарту» армян этномәдени бірлестігі қаладағы елшілік жанынан медициналық бөлімше ашып, қызметкерлер мен жақын маңда орналасқан тұрғындарға көмек көрсетіп, тегін тексерістен өткізіп, олардың ауруханаларға орналасуына жағдай жасады.

Сондай-ақ ҚХА жанындағы Ойыл аудандық Аналар кеңесінің мүшелері де «Матадан жасалған бетпердені қолдану тәсілі» тақырыбында тұрғындарға нұсқаулықтар таратты.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button