Денсаулық

Соңғы күндерде бірде-бір науқас тіркелмеген емханалар бар 

Брифинг

Ақтөбе өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен тікелей эфир барысында Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, 20 шілде күнге дейін облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 2736 адам тіркелген. Оның ішінде 48,1 пайызы — симптомы бар аурулар және 52 пайызы — симптомсыз. Ауру жұқтырғандардың 1172-сі емделіп шықты. Коронавирус инфекциясы бойынша аурушаңдық деңгейінің өсуі бүгінгі күні 0,5 пайыз болып отыр.

— Өткен аптадан бастап біздің департамент полиция департаментімен бірге облыс бойынша рейдтік жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда осы рейд нәтижесінде 89 әкімшілік материал түсті, соның 11-іне әкімшілік шара қолданылып, 1 миллион 55640 теңге көлемінде айыппұл салынды. Жеке тұлғалар көшеде үш адамнан артық жүру, нысандарға бетпердесіз кіру секілді тәртіп бұзған болса, жеке тұлғалар санитарлық-дезинфекциялық режимдерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ереже бойынша тәртіп бұзған жеке тұлғаларға — 83 мың теңге, заңды тұлғаларға 638 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Сондықтан осындай айыппұл төлемес үшін тәртіпке бағыну қажет. Рейд әлі жалғасып жатыр, жалғасады, — деді Н.Беркімбаева.

Светлана Есенаманованың айтуынша, бүгінде облыста вирусты өкпе қабынуын жұқтырған 1600 адам ем алып жатыр, оның 1283-і — Ақтөбе қаласының тұрғындары. Бүгінде провизорлық, инфекциялық ауруханаларда 1200-ден аса бос орын бар.

— Соңғы күндері облыста вирусты өкпе қабынуымен ауырып, емханаларға жүгініп, жедел жәрдем шақырып жатқандар азайып келе жатыр. 18-інен бастап аурушаңдық деңгейі айтарлықтай төмендегені байқалады. Егер шілденің алғашқы күндерінде тәулігіне 240-250 шамасында адам түскен болса, 18 шілдеде 72 адам, 19шілдеде 80 адам, соңғы тәулікте 59 адам өкпе қабынуымен тіркелген. Соңғы аптада аурушаңдық деңгейі 5 есеге азайды. Күн сайын емханалар бойынша мониторинг жүргіземіз, міне, соңғы күндері бірде-бір ауру тіркелмеген емханалардың бар екендігін айтқым келеді. Қазіргі уақытта барлық провизорлық, инфекциялық стационарларда орындар бар. Жансақтау бөлімінде де бос кереуеттер бар. Ауру өте көп таралған кездері жансақтау бөлімінде бос кереуеттер болмаған еді. Бұл аурушаңдық деңгейі төмендеп келе жатқанын көрсетеді, — деді С.Есенаманова. Оның айтуынша, бұл — карантиндік шектеу шараларының нәтижесі.

1 тамыздан бастап елімізде коронавирус инфекциясы мен өкпе қабынуы ауруымен науқастанғандар статистикасы бірге есептелетін болады. Соған сай осы аурулардан қайтыс болған марқұмдарды жерлеу рәсімдері де бір ретке келтірілуі мүмкін. Басқарма басшысының орынбасары осылай деді.

Бүгінде облыста дәрі-дәрмек толық жеткілікті екені де айтылды. С.Есенаманованың айтуынша, «СК-Фармация» компаниясы барлық дәрі-дәрмекті алдымен провизорлық стационарларға жеткізіп отыр. Оған қоса өткен аптада үлкен көлемде гуманитарлық көмек әкелінген.

— Егер аурушаңдық деңгейі бұрынғыдай жоғары болған жағдайда да кемінде 20-25 күнге жетерлік дәрі-дәрмек қоры бар. Жасанды тыныс алу аппараты, оттегі концентраттары мен көпшіктері де жеткілікті. Дәрігерлеріміз де жеткілікті. Жақын күндері медициналық университеттің 120 түлегі жұмысқа тартылатын болады, — деді ол.

С.Есенаманова облыста балалар арасында өкпе қабынуы ауруының көп еместігін айтады. Дегенмен бұл аурумен ауырып, жазылып шыққан ата-аналарға әлде де сақтанып, барынша оқшаулану шараларын орындағанын жөн санайды.

—  Вирусты өкпе қабынуымен ауырған адам, егер ағзаға бактерия түссе, бактериялық аурулармен, басқа да вирустық аурулармен қайтадан ауыруы мүмкін. Қалай болғанда да қазіргі жағдайда қатты сақтануға тура келеді. Егер аурудың белгілері байқалса, өзіңіз емханаға бармай, жедел жәрдем немесе емхана жанындағы мобильді бригадаларды шақыру керек. Себебі емханаға бару арқылы сіз өзіңізге, айналаңызға қауіп төндіресіз. Үйге келген дәрігер диагноз қойып, дәрілер жазып береді. Бұл дәрілер науқастарға тегін жеткізіледі, — деді ол.

Карантиндік шектеу шаралары ел аумағында 2 тамызға дейін сақталады. Облыстың бас санитар дәрігері тұрғындарды шектеу ережелерін қатаң сақтауды тапсырды. Бұл ескертукүн ыстықта су жағалауларына жиі баратын қала тұрғындарына да қатысты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button