Спорт

Бабадан қалған бұл спорт

Сайыс

Ақтөбеде ат спорты түрлерінен Қазақстан чемпионаты аяқталды

Қазанның 13-17-сі аралығында Ақтөбе ипподромында 1989-1994 жылдары туған жастар арасында ат спорты түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтті. Чемпионатта ұлттық спортымызды алға апаратын жанарында от, білегінде күш, бойларында жігер бар қазан жүрек жастарымыз көкпардан, аударыспақтан, теңге ілу мен қыз қуудан сынға түсті.

Бұрын көкпарды тек теледидардан ғана тамашалап келген қаншама ақтөбелік көкпаршыны, көкпар ойынын көзімен көрді. Көкпардың ережелерімен танысты. Бұл күндері қаншама жасөспірім ат спортына қызыға қарап, атқа деген құмарлығы оянады екен.

Чемпионаттың жабылу салтанатында Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов сөз сөйлеп, спортшыларға сый-сияпат көрсетті. Көкпардан чемпион атанған Оңтүстік Қазақстан облысының командасына облыс әкімі тіккен автокөлікті табыс етті.

Чемпионат барысында көкпардан 8 команда сынға түсті. Ойынның алғашқы күні-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының көкпаршылары бас бәйгені басқаға бере қоймайтындықтарын көрсетті. Қарсыластарының бәрін айқын басымдылықпен ұтып, финалға емін-еркін шықты. Қай командамен кездессе де, шымкенттіктер ойын алаңына иелік етті. Тіпті, қазандыққа салым салудан алда келе жатқан Сырым Ізбасаров серкені командаластарына беріп, олардың да ұпай жинауына мүмкіндік жасап жатты. Бұл оңтүстікқазақстандықтардың көкпардағы шеберліктерінің аса жоғары екендігін көрсетті. Ақтық сында Ақмола облысының командасын 9:1 есебімен ойсырата жеңген Оңтүстік Қазақстан облысының көкпаршылары бесінші рет Қазақстан чемпионы атанды. Күміс жүлде Ақмола облысының, ал қола медаль Астана қаласының командаларына бұйырды. Бұл чемпионатқа бұған дейін бір рет Қазақстан чемпионы болған үздік командалардың бірі Жамбыл облысының көкпаршылары дәлелді себептермен қатыса алмады.

Ал біздің жерлестеріміз Шығыс Қазақстан облысынан ғана басым түсіп, 7-орынды қанағат тұтты.

Чемпионат бағдарламасына сәйкес өткен аударыспақ шеберлері 5 салмақ дәрежесінде күш сынасты. 50 келі салмақта Азат Әбуғалымов (ШҚО) чемпион атанды. 2-3 орындарды Алмасбек Мамытбеков (ОҚО) пен Азат Молдабек (Қарағанды) иеленді. 60 келі салмақта ақтөбелік Димаш Жалғасов үстем болды. Осылайша Димаш ақтөбеліктердің мерейін бірінші болып көтерді және командададан шыққан жалғыз чемпион болды. Тұрарбек Керімбеков (ОҚО) күміс медальға, Азамат Билалов (Қарағанды) пен Серік Елемесов (Алматы облысы) қола медальға ие болды. Біздің спортшылар 70 келі салмақта да жанкүйерлерін қуанта білді. Жаттықтырушылар сенім білдірген Азамат Дәулетов күміске қол жеткізіп, сенімді ақтай білді. Бұл салмақта Жәнібек Бисекешов (БҚО) чемпион атанса, Жақсылық Амалбеков (ОҚО) пен Ерасыл Қуандықовқа (ШҚО) қола медаль тапсырылды. 80 келі салмақта да ақтөбеліктер жүлдесіз қалмады. Баубек Әлібеков команда қорына қола медаль қосты. Сондай-ақ қызылордалық Жасұлан Жәлімбетовке де үшінші орын берілді. Сырым Ізбасаров (ОҚО) екінші жүлдегер, ал шығыстан келген Мақсат Арынов еліне чемпиондықпен аттанды. 80 келіден жоғары, яғни ауыр салмақта тағы бір шығыстық спортшы Дархан Бейсенбаев жеңіс тұғырына көтерілді. Баян Қилыбай (ОҚО) күміс, Рүстем Байназаров (Қызылорда) қола жүлделерге ие болды.

Теңге ілу сайысында Түймебек Жұмалиев көп ұпай жинап, чемпион атанса, Жанболат Қуанышқалиев (БҚО) екінші орын алды. Ал Мағжан Әндіров тағы бір қоламен ақтөбеліктерді тағы бір қуантты.

Қыз қууда да жерлестеріміз жүлделі болды. Александр Карпенко мен Юля Станкевич күміс медаль иелері атанды. Павлодарлықтар Олжас Сариев пен Мәдина Сапарова екінші, шығыстық Данияр Оразаев пен Еркеназ Айтышева бірінші орынды жеңіп алды. Айта кету керек, Данияр мен Еркеназ Қазақстанға белгілі ат спортының маманы, ұлттық спорттың ақсақалы Тоқан Базархановтың немерелері екен. «Атаға ұқсап туса игі, ата жолын қуса игі» деген осы болар.

Ұлт бар жерде спорты өлмейді

Немерелерінің табыстарымен құттықтағанымызда Тоқан аға Базарханов рақметін айта келіп, әңгімені ұлттық спортты дамыту мәселесіне бұрды.

— Ат спорты түрлері бағзы замандардан келе жатқан ұлттық ойындарымыз ғой, — деді Тоқан Базарханов. — Кейін ғой барымыздан айрылып қала жаздағанымыз. Қазақтың азаматтары бас көтеріп, 1992 жылдан бастап көкпарды дамытуды қолға алдық. 1995 жылы республикалық Көкпар федерациясын құрдық. 1998-99 жылдары қауымдастыққа айналды. Қазір қауымдастыққа Қайрат Сатыбалды бауырымыз басшылық жасауда. Осы 15 жылдай уақыттың ішінде көп жұмыстар атқарылды. Көкпар спорттың қызықты түріне айналды. Бірнеше рет Азия чемпионы атандық. Ендігі біздің ойымыз — көкпарды әлемдік деңгейге шығару.

Алда, қарашаның ортасында Шымкентте Асқар Асанбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді. Турнир кезінде көкпардан Азия федерациясын құру жоспарланып отыр. Оған Ресейден, оның ішінде Алтай өңірінен, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан елдерінен командалар шақырылды.

Жалпы көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу секілді ойындарымыз күштілікке, ептілікке, төзімділікке, тапқырлыққа тәрбиелейді. Біздің ұрпақтарымыздың бойында осы қасиеттер болуы тиіс. Ол үшін ұлттық спортымызды дамыта беруіміз керек. Сонда ғана ұлттық құндылықтарымыз сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді.

Тоқан Базархановтың шәкірті, осы жарыста облыс намысын қорғаған Мейрам Қасенғазин былай дейді:

— Шығыс Қазақстан облысы соңғы орында қалғанымен, бұл чемпионатта өте нашар өнер көрсеттік деуге де болмас. Өйткені жыл сайын командалардың шеберліктері шыңдалып, ойын тәсілін меңгеруі жоғарылай түсуде. Біз де барымызды салдық. Бірақ біздің аттарымыз әлсіз, көкпарға дайын емес. Демеушілері жақсы ат сатып алып беріп жүрген оңтүстіктегі командаларға қызыға қараймыз.

Өзім Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туып-өстім. Бізде 5-6 жастағы балалар атқа отыра бастайды. Мен де солай өстім. Көкпар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу біздің ауданда бұрыннан дамыған. Той, үлкен-үлкен астарда осы спорт түрлерінен жарыстар жиі өткізіледі. Қазір Өскеменде пединститутта спорт бөлімінде оқимын. Кейін еңбек жолымды балаларды спортқа баулуға арнасам деймін.

«Жігіт атқа, ат жігітке сай болсын!»

Көкпардан бесінші рет Қазақстан чемпионы атанған Оңтүстік Қазақстан облысы командасының бапкері Еркебай Омарбектен бірнеше жыл бойы чемпион атануының қыр-сырын сұрадық.

— Алты чемпионаттың бесеуінде шымкенттіктердің жеңіске жетуінің себебі қарапайым, — дейді Еркебай. — Алдымен айтарым, ат спорты түрлері еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда оңтүстікте жақсы дамыған. Әсіресе, ауылдық жерлерде атқа отырмайтын бала жоқ. Сондықтан бізде спортшыларды елеп-екшеп, іріктеп, таңдап алуға мүмкіндік мол. Мәселен, осы чемпионаттың алдында 30 жас көкпаршыдан ең мықты деген 12 ойыншыны таңдап алдық. Сондай-ақ жігіт атқа, ат жігітке сай болуы тиіс. Аттың мықты болуы да жеңісті жақындатады.

Біздің команданың басқалардан тағы бір артықшылығы — жақсы демеушілеріміз көп. Нұрдәулет Мырзабаев деген кәсіпкер ағамыз жыл сайын 10 мың доллардан екі-үш ат сатып алып беріп тұр. Облыстық ат спорты мектебінің директоры Ғани Ахметбеков жақсы аттарды өз ақшасына да сатып алып жүр. Осы секілді азаматтар қалтасынан шығын шығатынын біле тұра, облыстың намысын, одан әрі қазақ деген елдің намысын байлықтан жоғары қояды. Міне, осындай намысы биік жігіттер ат спортын дамыта отырып, бүкіл Азияны, әлемді мойындату мақсатында жұмыс істеуде.

Еліміздің солтүстігінде, батысында ат спорты кенже қалып отыр. Биылғы чемпионаттың Ақтөбеде өтуі сіздерге пайдалы болады деп ойлаймын. Қанымыз қазақ болғасын намысымыз бір ғой. Ақтөбе жұртшылығын біріншіліктің Ақтөбеде өтуімен құттықтап, табыс тілеймін.

«Алатау» атты ала ат бар

Көкпар сайысын тамашалағандардың назары «Алатау» атты ала атқа ерекше ауды. Жалпы көлемі 80х200 метр алаңда ойнақ салған 12 аттың арасынан «Алатаудың» қимылы бөлек. Серкеге жақындағанда мойнын алға жіберіп, кеудесімен қарсыластың атын бөгеп, ыңғайы келгенде серкеге қарай икемделіп, иесінің жерден көтеріп алуына мүмкіндік туғызып жүрген ала атты көргенде, «Пәтшағар, мынауың адамнан да ақылды ғой» деп тамсандық. Алаң шетіне жақындаса болды, көрермендер суретке түсіріп қалуға ұмтылады.

Бұл ат бұрын Қырғыз елінің құрама командасында болған екен. «Алатаудың» ақылды, икемді, күші мығым екенін көрген шымкенттіктер қомақты қаржыға дереу сатып алыпты.

«Алатаудың» ойындағы иесі, облыс командасының капитаны Түймебек Жұмалиев 18 жаста. Ол бұған дейін жастар арасындағы біріншілікте теңге ілуден екінші орын алған. Ал биыл бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ көкпардан командасы чемпион атанды.

— Жеңіске жету үшін атың жақсы болуы керек, — дейді Түймебек. — Ал «Алатау» — аттың төресі. Өзі спортшыға тән кірпияз да. Жаттығу кезінде жалықпайды, шаршамайды. Жарыс алаңында серкеге де, теңгеге де өзі икемдеп алып келеді, қалғаны — маған сын. Мен де «Алатаудың» еңбегін еш жібермеуге тиіспін.

«Ауыл баласы атқа отырсын»

Ақпараттар кеңістігінде қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген БАҚ-тың бірі — «Қазақ радиосының» басшылығы осы чемпионаттан материалдар дайындауға тілшісі Бағдат Мұхтарұлын жіберіпті. Жас та болса ұлт намысына қатысты келелі ойлар айтып, тыңдармандарының ықыласына бөленіп жүрген Бағдат ат және ат спорты туралы өзінің ойын былай деп түйіндеді:

— Ұлттық ат спортында сеңнің қозғалуы соңғы жылдардағы қазақ азаматтарының белсенді жұмысының нәтижесі. Ат спорты батыс өңірлерде де қолға алынуда. Чемпионаттың Ақтөбеде өтуінің өзі жергілікті басшылықтың қолдауының арқасында болып отыр. Демек, Ақтөбеде ұлттық спорттың дамуына мүмкіндік бар.

Ұлттық спортты дамыту жөнінде Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жақсы жұмыстар жүргізуде. Бірақ қауымдастық мемлекеттік мекеме болмағандықтан, мүмкіндіктері шектеулі.

«Ауыл баласы атқа отырсын» деп жатыр Елбасы. «Біз — қазақ, ат үстінде өскен халықпыз» деп мақтанамыз, жылқыға қазақтай жақын халық жоқ дейміз. Өкінішке қарай, қазір қазақ баласының жылқыдан жырақтап кеткені жасырын емес.

Ат спортын дамыту, жылқыны құрметтеу Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қай тапсырмасына да сәйкес келеді. Спорттың бұқаралығын арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулықты сақтау — осындай-осындай адам өміріне, жалпы қоғамға қажетті ұстанымдардың қай-қайсысына да ат спорты жақын. Мәселен, денсаулыққа қатысты айтайық. Австралия жылқының еті мен қымызын пайдалану, ат спортымен айналысу арқылы жүрек ауруын 2 пайызға төмендеткен. Жабының етіне әлемде сұраныс көп. Италия, Германия, Франция секілді мемлекеттерде жылқы еті дәріханаларда сатылады. Ресейде 80-ге тарта қымыз өндірумен айналысатын орталық, 40-қа жуық емдеу-сауықтыру орталықтары бар. Германияда қымызшылар одағы бар, бізде жоқ. Міне, шетелдіктердің жылқыға деген құрметі, көзқарасы қандай? Ал біз газдалған, түрлі химиялық қоспалары бар су ішіп жүрміз. Өйткені ішетін қымызымыз жоқ. «Жанға — шипа, дертке дауа» қымыз қайда? Сондықтан жылқы шаруашылығын дамыту қолға алынса екен дейміз.

Жылқы — табыстың көзі, пайданың өзі. Жылқы зауыттарын ашу ісі қолға алынса, экономикалық табысқа да қол жеткізуге болады. Мәселен, Ирландияда асыл тұқымды айғырдың биеге шабуы 500 мың доллар тұрады екен. Ал Польшада араб жылқысын өсіретін зауыт пайдаға белшеден батуда.

Қазақтар ұлан-ғайыр даланы аттың үстінде жүріп қорғады. Сондықтан қазақ жылқыға қарыздар. Кешегі КСРО тұсында Қазақстанда 5 миллиондай жылқы болса, қазір соның бестен бірі ғана қалды.

Ақтөбеліктердің көңіліне келмесін, осы чемпионат аясында қандай қызықты жарыстар өтті, бірақ көрермен аз. Неге? Адамдардың ат спортына қызығушылығы төмен болғаны ма? Әлде насихаттау аз ба? Дұрысы, халықты кінәламай, насихаттау жұмысының аздығынан деген жөн шығар. «Қазақ радиосында» «Тайбурыл» бағдарламасы жүргізілді. Қазір «Жылқы жыры» хабары ашылды. «Қазақстан» телекомпаниясы «Көкпар» бағдарламасын тұрақты жүргізіп келеді. Бірақ санаулы ғана бұқаралық ақпарат құралдарының мұндай бағдарламалары, әрине, аздық етеді.

Ат спортының дамуына қазіргі кезде ат төбеліндей ғана қалталы азаматтар үлес қосып жүр. Атырау, Маңғыстау облыстарында көкпардан команда жоқ. Қазақ үшін әрбір ауданда, әрбір ауылда команда болуы тиіс деп түсінемін.

Ұлттық ат спортын дамыту үшін алдымен ипподром керек. Стандарттарға сай ипподромдарда халықаралық жарыстар өткізуге болады.

Бір сөзбен айта келгенде, «Түбіміз — түркі, түлігіміз — жылқы» екенін ұмытпай, арда қазақтың баласы атқа қонатын жағдайға жетуіміз керек.

Жарыс Ақтөбеде өтті. Нәтиже де алыс болмас

Осы чемпионатқа қатысқан ақтөбелік спортшылардың бәрі де №10 облыстық балалар мен жасөспірімдер ат спорты мектебінің шәкірттері. Ашылғанына биыл 5 жыл ғана толған мектептің жас спортшылары қазірдің өзінде республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделерге қол созуда.

— 2006 жылдан бері жастарымыз республикалық біріншіліктерге қатысып келеді, — дейді ат спорты мектебінің жаттықтырушысы Абат Аймағамбетов. — Бұрын бізде көкпар ойыны атымен болмады деуге болады. Бәрін жаңадан бастадық. Алғашқы кездері қиын соқты. Бірақ бірте-бірте тәжірибе жинақтап, басқаларға сес көрсете алатындай деңгейге жеттік. Көкпаршыға ержүректілік, батылдық, мықтылық керек. Міне, осындай қасиеттерді бойларына жинақтаған жастарымыз ересектер арасындағы чемпионаттарға да қатысып, шыңдалу үстінде. Көкпардан да алға жылжу бар. Аударыспақ, қыз қуу, теңге ілуден жүлделерге ие болып келеміз.

Келешегінен үміт күттіретін жастарымыз баршылық. Асхат Жақудаев, Азамат Дәулетовтер республикалық басшылықтағы мамандарға танымал болды. Азамат — Қазақстан жастар құрама командасының мүшесі. Мейрамбек Әлиев ат спортынан спорт шеберлігіне кандидат, ал Нұрлан Додай спорт шебері атағын қорғады.

Чемпионат өз деңгейінде өтті

Болат Қанапин, республикалық «Көкбөрі» қауымдастығының президенті:

— Ұлттық ат спорты түрлері дәл қазіргі біздің уақытта аса маңызға ие. Өйткені әкелеріміз бен аталарымыз, бабаларымыз қалдырған дәстүр ұмытыла жаздап барып, тәуелсіздігіміздің арқасында қайта өрлеу үстінде.

2000 жылы республикада «Көкбөрі» қауымдастығын құрдық, қауымдастықтың ІІ съезінде мені президент етіп сайлады. 2001 жылы Өскеменде көкпардан алғашқы Қазақстан чемпионатын ұйымдастырдық. Ақылдаса келе жастар арасындағы чемпионатты қолға алу керек деп шештік. Себебі ат спортын жастар арқылы дамыту қажеттігін түсіндік. Бұрынғы шеберлер кетеді, ал олардың орнын кім баспақ? Жастарды көптеп тарту жолдарын қарастыру керек. Әсіресе, солтүстік, батыс өңірлеріне көңіл аударуға тырыстық. Көкпардан, аударыспақтан жарыстарды Оралда, Қостанайда, Павлодарда, Өскеменде өткізудегі мақсат та осы ғой.

Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовқа алғысымыз зор. Ұсынысымызды аяқсыз қалдырмай, бірден қолдап, чемпионаттың өз деңгейінде өтуіне жағдай жасады.

Бердібай КЕМАЛ.

«Қазақстан» телеарнасындағы «Көкпар» бағдарламасының жүргізушісі, осы чемпионатты жүргізіп отырған ұлттық дәрежедегі төреші Мұрат Қыдырбай айтады:

«Көкпарға салынған серке етін қазақ киелі деп санаған. Себебі тартыс кезінде серке бірнеше адамның қолынан өтеді. «Қырықтың бірі — қыдыр» дегендей, сол адамдардың бірінің тілегі қабыл болады деп есептеп, көкпар аяқталғаннан кейін сол серкенің етін сәбилі бола алмай жүрген әйелдерге берген. Содан әйел жүкті болып, қуаныш сыйлайтын көрінеді».

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button