Мереке

Мағыналы жолдың иесі

Еңбек адамы

Өткен жексенбіде Металлургтер күні аталып өтілді. Қазіргі жағдайға байланысты салтанатты шаралар ұйымдастырылмаса да, өндіріс саласына еңбегі сіңген жұмысшыларға құрмет көрсетілді. Хромтау қаласындағы Дөң тау-кен байыту комбинатының бірқатар өнеркәсіп майталмандары мереке қарсаңында арнайы марапаттарға ие болды. Солардың бірі — 42 жыл комбинатта көлік жүргізушісі қызметінде келе жатқан Болат Әуесов.

«Еңбек сіңірген жұмысшы» марапаты — Болат Әуесовтің еңбек жолына құрмет. Зейнеттік демалысқа шығуына екі ай қалғанда осындай атақ алуы—бір жағынан еңбегінің бағалануы. Бала күнінен ағайындарының қасында жүріп, техниканың тілін меңгерген он сегіз жасар бозбала комбинаттың автокөлік және механизм цехына алғаш келгенде өз-өзіне сенімді болады. Ол тізгінін ұстаған 27 тонналық «БелАЗ» көлігінің рөлі Болатты ұзақ жылдарға ұласқан еңбек жолына жетелейді.

Жұмыс істеп жүрген жылдары әскер қатарына алынып, әскери борышын өтеп келіп, қызметін қайта жалғастырады. Техникумнан бірнеше мамандықты игерсе де, жастайынан әулет кәсібі ұғымын ұғынып өскен жігіт жүргізушіліктен басқа салаға ауысуды еш ойламаған.

Ол сексенінші жылдардан бергі уақытта бірнеше тонналық өзі аударғыш жүк машинасын, «КамАЗ», автобустарды жүргізді. Автопаркке таңмен таласа келу оның қашаннан қалыптасқан дағдысы.

— Еңбектің қай түрі болмасын, адам баласын жетістікке жеткізеді. Мен оны өзімнің өмірімнен айта аламын. Ұзақ жылдар жолдасым болып келе жатқан кәсібімді құрмет тұтамын. Кішкентай немерелерімнің келешекте тап осы мамандық болмаса да, өзімнің қолтаңбам қалған комбинатта қызмет еткендерін қалаймын, — дейді сөз арасында ол.

Бұл сөздердің астарында ұрпағы ата жолын жалғастырса деген тілегі тұр. Осы кәсіптен Әуесовтер әулетін құрғысы келетін алпыстың асқарындағы әкенің арманы асқақ көрінеді.

Сырттан қарағанда қарапайым көрінетін шопырлықтың қыр-сырын үйреткен өзінің жас кезіндегі Алексей Иванченко, Петр Анатольевич секілді тәлімгерлерін атап өткен кәсіби маман қазір өзі де жастарға бағыт-бағдар беріп келеді. Әлі де «Қазхром»ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинатында жарылғыш заттарды тасымалдап, цехаралық, шахта аумағында көлік тізгіндеп жүр.

Бүгінде өмірлік қосағы Айманмен бірге үш бала тәрбиелеп, немерелерінің қызығын қызықтап отыр. Қырық жылдан астам еңбек жолындағы бейнеттің зейнеті ұрпақ жалғастығымен сабақтасқанын тілейді ол.

Арайлым ҒАНИ,

Хромтау қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button