Жастар

Алғыс арқалаған Аслан

Осыдан бірнеше апта бұрын әлеуметтік желілерде ақтөбелік жас жігіттің тұрғындарға жасаған үндеуі көптің есінде қалды. Ол өңірде болып жатқан жағдайды көріп, мұқтаж жандарды дәрі-дәрмекпен қамту, науқастарды емдеп жатқан дәрігерлерге қолдау көрсету туралы бастама көтерген болатын. Ал өткен аптада белсенді жас қаламыздағы бірқатар кәсіпкерлерді жұмылдырып, облыс орталығындағы науқастарды емдеп жатқан медицина қызметкерлеріне тегін азық-түлік таратып, бірқатар ауруханалар мен орталықтарға дәрі-дәрмек үлестірді.

Жас та болса үлкен бастама көтеріп жүрген бұл жігіт — Ақтөбе қаласының тұрғыны, жас кәсіпкер Аслан Дұшпанов.

Аслан Ақтөбе қаласындағы №14 орта мектепте оқып, білім алған. Мектепті аяқтаған соң

Ақтөбе көліккоммуникация және жаңа технологиялар колледжіне оқу түседі. Бұдан кейін жоғары білім алуды ойлаған жас арман қуып, Алматыға барады.

Өз мамандығы бойынша М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясына оқуға қабылданады. Жасынан оқуға құштар, жан-жақты жас жоғары оқу орнын аяқтаған соң  жеке кәсіп ашуды ойлайды. Мақсатқа жету жолында көп еңбектенген ол осылайша Ақтөбенің орталығынан фастфуд өнімдерін тасымалдап жеткізу қызметін ашады. Бүгінде ол өз кәсібін дөңгелетіп, отбасын асырап отыр. Ал жуырда Аслан коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан науқастарға көмек көрсету мақсатындаигі бастама көтерді.

— Көзімізбен көргендей, өткен айда Ақтөбеде коронавирус инфекциясымен, пневмониямен ауырған науқастардың саны күрт өсті. Дәріханаларда дәрі-дәрмек таусылып, халық ем іздеп, жан-жаққа жан ұшыра жүгірді. Осыны көріп жақын достарымның қолдауымен бастама көтеріп, әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке үндеу жариялаған болатынмын. Менің үндеуімді бірқатар азаматтар қолдап, қол ұшын берсе, бірқатар тұрғындар жағымсыз, сенімсіз пікірлерін де білдіріп жатты. Алайда «Көп түкірсе көл болады» демекші, бірқатар азаматтар қаржы жинап, көршілес Ресейдегі өзіміз сияқты жас кәсіпкерлер мен белсенді жастардың қолдауымен өткен аптада қаладағы 8 ауруханағаазитромицин, азитрус форте,ацетилсалицил қышқылы, леволет-р, левофлоксацин, лидокаин, цефтриаксон, тағы басқа дәрілік заттарды тегін үлестірдік. Жаны қиналып, ауырып жатқан науқастарға қол ұшын берейік, олардың індеттен аман-есен жазылып кетуіне үлес қосайық деген ниетпен көрші елден бүгінге дейін дәрі-дәрмек, оттегі жастығын алдырып,  стационарда емделіп жатқан тұрғындарға апарып жатырмыз. Осындай қиын кезеңде бір-бірімізге қолдау білдірмесек, бізге кім сырттан дәрі-дәрмек әкеліп, көмек қолын созады? Сондықтан алдағы уақытта да белсенді азаматтар қатарымызға қосылып жатса, біз тек қуанамыз, — дейді Аслан.

Кеше Асланның бастамасымен  Ресейден Ақтөбеге 25 оттегі жастығы әкелінген. Осы аптада оның 13-і облыстық туберкулезге қарсы диспансерге, ал 12 оттегі жастығы «Шағала» шипажайындағы стационарға жеткізілмек.

Қазіргі таңда ауруханалар мен стационарларда емделіп жатқан науқастар көп. Олардың әрқайсысына жан ұшыра жүгіріп, ем жасап, жағдайына қарап жүрген тек дәрігерлер. Соңғы кезде сол ақ халатты абзал жандардың да арасында бірқатары ауру жұқтырып, үйлерінде емделуде. Осындай қиын кезеңде дәрігерлерге де қолдау көрсету — қайырлы іс. Осы мақсатта біз өткен аптада облыс орталығында фастфуд өнімдерін жеткізумен айналысатын және кафе-мейрамханалары бар бір топ кәсіпкерлер жұмылып,  «Шағала» шипажайындағы провизорлық орталыққа, жедел жәрдем ауруханасына және облыстық туберкулезге қарсы диспансерге  60 дана пицца, 70 литрден астам сусын апардық. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне науқастардың өміріне араша болғаны үшін өзіміздің алғысымызды жеткіздік, — дейді Аслан.

Елге төнген қауіп кезінде жас та болса бастама көтеріп, жас кәсіпкерлердің басын қосып, игі іске жұмылдырған кейіпкеріміз қандай болсын мақтауға да, марапатқа да лайық. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы Асланға көрсеткен көмегі үшін алғысын жаудырып жатқандар көп. Алайда Аслан көп жағдайда мақтау сөзден қашатынын айтады. Себебі ол адамдарға жақсылықты қайтарымы үшін емес, Алланың ризашылығы үшін жасауға тырысу керек деп санайды.

Бүгінде ата-анасын бағып, өзі де үлгілі әке болып отырған кейіпкеріміздің алға қойған жоспары көп, мақсаты айқын. Қайырымды, іскер, жан-жақты жасқа біз де амандық пен жақсылық тілейміз.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button