Басты жаңалықтарДенсаулық

Ұлттық сусындар иммунитетті көтереді

Облыс орталығына жақын маңдағы Құрашасай ауылында тұратын Бүркіт аға мен Жаңыл апаны қаладан арнайы іздеп барушылар көп қазір. Себебі бұл отбасы үш бие сауып отыр.

— Жиырма жылдан бері жылқы ұстаймыз. Тек соңғы төрт-бес жылдықта ғана өз отбасымыз үшін бие сауып жүрмін. Биелер асау, оның үстіне екі сағат сайын саууың қажет. Жолдасымның жүрегіне ота жасалып еді, денсаулығын нығайтып, иммунитетін көтеру керек болды. Аталарымыз білген ғой, ағарғанның пайдасы шаш етектен екенін. Қазір отбасымызбен ішеміз, әсіресе немерелеріме беремін. Бие сүтін сатам деп ойламап едім. Бірақ өкпені қысқан жаман ауру халықты әбден қажытып жіберді, адамдар ем іздеп шарқ ұрып жүр. Көршілерден, ауылдастардан естіген болса керек, әйтеуір, қаладан арнайы келіп, жаңа сауылған бие сүті мен саумал ішіп кететіндер бар. Бие сүтінің дәмі тәттілеу болады. Емдік қасиеті мол. Әсіресе жас малдың, анығы, бірінші рет құлындаған қулық биенің сүті құнарлырақ болады. Бие басына күніне орта есеппен 7-8 литр сүт аламыз. Екі сағат сайын, күніне 7-8 рет сауамын. Қымыз сапасы, күш-қуаты мен тұтыну мерзіміне қарай саумал, түнемел, құнан, дөнен, бесті, балқымыз, сары қымыз деген бірнеше түрге бөлінеді. Қазір тіпті саумал өзімізге жетпей қалады. Бірі ауырып жатқан анасына, енді бірі келіншегіне саумал сұрай келеді. Содан бір литрін мың теңгеден беретін болдым. Күбім бар, арасында қымыз да пісем. Бірақ қазір саумалға сұраныс көбейіп, кейде қымыз пісуге артылмай қалып жүр. Әрине, «саумал ішсең, қымыз жоқ, бие мінсең, құлын жоқ», — дейді Жаңыл Жұбанова.

Бұл отбасы Құрашасайға Байғанин ауданынан көшіп келіпті. Жаңыл апа — төрт қыздың кішісі. Кейінгісі ұл болсын деген ниетпен, атын Жаңыл деп қойған екен. Ата-анасы еркелетіп өсірген ол бойжетіп, күйеуге шыққанында түйе, бие саумақ түгілі сиыр да сауа алмапты.

— Келін боп түскенімде, рас, қолымнан ештеңе келмеді. Өмірдің ағысымен, қажет болғасын үйрендік. Қазір төрт келінім бар, бие түгілі сиыр да саумайды. Баяғы мен сияқты. Тек бір келінім мал ұстап, сиыр сауа бастады. Қазір айтады: «Сиыр сүтінен ештеңе қалмайды екен, сүт, айран, ірімшік, сарысу — бәрі тамақ», — деп. Ағарғанның қайдан шығатынын түсінгеннен бері сиырдың желініне жабысып қалды (күліп). Негізі, біздің тіршілік болмысымыз табиғатпен тығыз байланысты ғой. Біраз ажырап кеткен едік. Қысылтаяң шақта ауруға шипа іздегендер дәстүрлі шаруашылықты естеріне ала бастады. Қазір саумалды сатып алу үшін алдын ала хабарласып, кезекке жазылатын болды тіпті. Келушілердің бірі тағы бір жерде әр адамға тек 300 миллилитрден ғана беретінін айтты. Бәрі де ішкісі келеді, алайда биенің түріне қарай, әр биеден бір сауғанда бір литрдей ғана шығатынын ескеруіміз қажет. Әйтпесе халықтың, кім-кімнің де амандығы жақсы ғой. Ел аман, жұрт тыныш болсын! Жастардың болашағы жарқын болсын! — дейді Жаңыл апа.

 ***

Әйтеке би ауданы Аралтоғай ауылының тұрғыны Жұмасұлу Жақина да бие байлап, сауған сүтін шипа іздеп келгендерге ұсынып отыр.

— Сүйінтаевтар әулетіне келін боп түскенімде ата-енем бие де, түйе де ұстады. Енеміз екеуміз сиыр, бие, түйе бәрін саудық. Ол кезде сатпайтын, көрші-көлем, жолаушылар тегін ішіп кетіп жататын. Қазір де сауамын. Келіндерім де, атасы барда, бие сауу технологиясын тәп-тәуір меңгеріп алды. Үш сауын биеміз бар. Қарабұтақтан, Хромтаудан келіп, қымызды 5-10 литрлеп алып кететіндер бар. Ал жаңа сауылған бие сүтіне сұраныс көп, оны сауылған күйінде тез таратып алып кетеді. Артылғанын жақын маңдағы Қарабұтақ ауылына апарып, сатып келемін. Литрін 700 теңгеден беремін, — дейді Жұмасұлу Жақина.

Бие сауып, келіндерін де атакәсіпке баулып отырған көпбалалы ана бізге бие сүті мен қымыз туралы әңгімелеп берді.

— Көпшілік саумал мен жаңа сауған бие сүтін ажырата алмай жатады. Жаңа сауған бие сүтіне ашыту үшін қымыз араластырған сусынды қазақ халқы бұрыннан «саумал» дейді. Енем де солай айтып отыратын. Саумалдың көп ауруға ем екені ежелден белгілі. Сондай-ақ жаңа сауған бие сүтінің шипалық қасиеті мол саналады. Үлкендер жағы бие сүтін сауғаннан кейін жылылай көбігі барында ішкен пайдалырақ екенін айтады. Қазір жаман індетпен күресте бие сүті мен саумалға сұраныс артты, бұрын асқазаны ауыратындар ішетін. Қазір, менің байқауымша, салқын тигізіп алғандар, өкпесі қабынғандар мен бауыры ауыратындар алдыртып ішіп жүр. Қазағым аман болсын! Елді қырып бара жатқан ауру тезірек жойылса екен! — дейді кейіпкерім.

Үш ұлы мен үш қызын аяқтандырған ана балалары мен немерелерін төрт түлікке жақын болуға, дәстүрлі шаруашылықтың қыр-сырын меңгеруге барынша баулып жүр. Күбісін тобылғы гүлімен ыстап, қымыз пісетін Жұмасұлу апа енді тайлақ сатып алыпты. Алдағы жылы түйе саумақшы екен. Кенже ұлы Саламат пен Элеонора осы ауылда «Орда» шаруа қожалығын ұйымдастырып отыр. Реті келгенде мал шаруашылығына аға-жеңгелері Еркінбек пен Диана, Азамат пен Динара да көмектеседі.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, қазір Маржанбұлақта тұратын Нұрсұлу есімді қызы да несібесін малдан айырып отыр. Сиыр сүтінен дайындаған өнімдерін сатады, сондай-ақ анасы секілді бие сауып, қымыз піседі. «Орда» қожалығының сауыншылары бие сүтінің дәмі ана сүтіндей екенін айтады. Негізі, ғалым мамандар да жаңа сауылған бие сүтінің құрамы жағынан да, тіл үйірер дәмі жағынан да ана сүтіне жақын екенін жазып жүр.

Саумал ішіп сауыққандар

Жақында әріптесім Нұрболат Туысбайұлы фейсбук желісіне: «Той тойлап, би билеп» болсаңдар, биеге бет бұрыңдар. 10 күннен бері төсек тартып жатып қалған анамызды саумал тұрғызып алды. Шынымен де, бір сиқыры бар екен. 103 қызметі де шақырылды, дәрінің де түр-түрі ішілді, егілді. Ешқайсысынан пайда болмаған. Қан қысымының, температураның жоғарылауы, әлсіздік нәр татуға шама бермеп еді, саумал бері қаратты. Көп нәрсеге скептикалық тұрғыда қарайтын мен мойындадым. Ем болсын, ауырмаңдар!» — деп жазба қалдырып еді.

Хабарласып, анасына саулық тілеп, мән-жайды сұрадым. Анасына саумалды Құрашасайдағы Бүркіт аға мен Жаңыл апаның үйінен алдыртқанын айтып берді.Халық арасында саумал ішіп сауыққандар қатары жетіп артылады екен.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Әйгерім Жарқынқызы да ауырып қалған анасына саумал көмектескенін айтып берді.

— Ата-анам Ырғыздатұрады. Жақында анам ауырып қалды. Үйде жылқы бар еді. Әкем ем болсын деп өзі сауып әкеліп, анама беріп отырды. Сөйтіп, анамыздың беті бері қарап, тәуір болды. Оған дейін түрлі дәрі қабылдаса да әсер етпеп еді. Анам бие сүтін тоңазытқышқа салмай, жылылай жұтымдап ішті. Ауылда жүргенде қымыздың көп ауруға ем екенін естіп өстік. Енді, міне, он күн ішінде анамды аяққа тұрғызғанына куә болдық. Қымыздың қандай түрі болса да пайдалы, ішіңіздер! Ем болсын! — дейді Әйгерім.

Ал Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында тұратын Айнұр Аманғали денсаулық пен ағарғанның қадірін жақсы біледі.

— Өткенде қатты ауырып қалдым, дәрігерлер«екі өкпең де қабынған» деді. Оның үстіне коронавирустың да белгілері барын айтты. Қымыздың өкпе ауруына ем екенін бұрын да еститінмін, бірақ соған аса мән беріп қарамайтынмын. Ауырып, жаның қысылғанда шипа іздейсің ғой, сөйтіп, ауылдағы қожалықтардан литрін мың теңгеден алдыртып, саумал іштім әуелі. Өзөзіме келіп, басымды көтерген соң да біраз іштім. Қымыз ішуді әдетке айналдырдым. Қазір екі өкпем таза, Аллаға шүкір. Саумал ішіп, сауықтым деп айта аламын. Пайдасынан зияны көп кока-кола ішкенше, ағарғанның қай түрі болса да ішіңіздер. Жағдай көтерсе, қымыз ішкенге не жетсін. Жаман індет тезірек жойылса екен, халық аман болсын! — дейді Айнұр.

Сұрастырып білгенімдей, барлық ауданда саумал мен бие сүтіне сұраныс артқан. Бағасы да бірдей, литрі — мың теңге.

Мамандардың кеңесіне сүйенсек,бие сүті сауғаннан соң 2 сағатқа дейін күшін жоймайды. Бірақ дәрігерлер сауғаннан кейінгі 15 минуттың ішінде ішкеннің пайдасы көбірек екенін айтады.

Егер адам күніне жарты литр бие сүтін немесе саумал ішсе, С дәруменінің ағзаға қажетті

тәуліктік мөлшерін алады екен. Алайда мамандар саумалды тоқтамай ішкеннен гөрі, араға уақыт салып ішкен дұрыс екендігін де ескертеді. Мысалы, 10 күн ішіп, 10 күн үзіліс жасаған жөн.

Интернеттегі зерттеулерге сүйенсек, саумал құрамында ақуыз, амин қышқылы, тез еритін май, оттегі және организмге керек кальций, натрий, фосфор, калий, темір, магний, бром сияқтыминералдар мен С, А, В1, В2, В6, В12, Е, РР дәрумендері бар. Саумалөкпе, асқазан, бауыр ауруларының алдын алады, қан құрамын реттейді. Көздің көруін де жақсартады. Бастысы — иммунитетті көтеріп, күш-қуат береді. Саумал туралы тағы бір факт: қатерлі ісіктің алдын алады, тіпті жеңіл, енді басталған түрлерінен айықтырады.

P.S. Өкпені қысқан жаман індет жаналқымнан алғанда ағарғаннан алыстап кеткен жұрт төрт түлікке жақын адамдарды, анығы, сауыншыларды іздеп, сабылып кетті.Жақынынан айырылып, аурудың екпінін сезінгендері өз беттерімен ауырмаудың жолын іздеді. Қазір жұрт қазақтың ұлттық тағамдары — ағарғаны мен сүт өнімдеріне көңіл бөле бастағандай. Ел аузындағы «Жылқыныжесең ет, мінсең көлік, ішсең сусын» дейтін сөзі бекер айтылмаса керек. Иммунитет көтеріп, денсаулығыңызды нығайтқыңыз келсе, ұлттық сусындар ішіңіз!

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button