Жаңалықтар

Анголада шайқасқан офицер

Мерей

Қазақ офицері Қажымұқан Сәтенов көпшілік біле бермейтін талай қатерлі сәттерді бастан өткерді.Бүгінде жетпіс жастың жалына қол іліктіріп отырған ол осы мамандықты таңдауы, әскери қызметте тапсырылған міндеттерді абыроймен атқаруы тағдырдың сыйы деп біледі.     

 Талап тас жарады

Мектеп бітірер кез жақындаған тұста кім-кімнің де қиял құшағына беріліп, болашақ мамандығына байланысты ойға түсетіні рас қой.Қобда ауданының орталығы Новоалексеевка қазақ орта мектебін жоғары сынып оқушысы Қажымұқан Сәтеновтің әскери оқуға барамын деген талабы қатарластарын мүлдем таңдандырмайтын. Өйткені олардың көпшілігі кішкентайларынан бастарына пилотка киіп, сымдай тартылған жауынгер болуға құштарлықтарын танытатын. Ал іс жүзінде қалай болар екен? Бір күні бұлардың мектебіне әскери комисариаттан өкілдер келді. Олардың сымбатты тұлғалары, өздеріне жарасып тұратын әскери киімдері балаларды тіпті қызықтыра түсті. Қажымұқан бесінші сыныптан бері көздеген мақсатының орындалар күні жақындап-ақ қалғандай сезінді. Ол тіпті қандай әскери училищеге баратынын да таңдап қойған. Мақсаты— Ташкент қаласындағы В.И.Ленин атындағы жоғарғы жалпы жаяу әскери училищесіне оқуға түсу еді.Бір қызығы, екі сыныптан бас қосқан жиырма бір ер баланың төрт-бесеуінен басқасы тізімге ынтамен жазылып жатты. Олардың біреуі ұшқыш болғысы келетінін айтып, екіншісі танкист болу талабын білдірді. Ақырында бес адам ғана аудандық медициналық комиссиядан өтіп, облысқа жолдама алды. Дегенмен әскери қызметкер боламыз деп ұмтылыс жасаған достарының арасынан жалғыз өзінің ғана жолы болыпты. Ол сол жылы Ташкенттегі жоғарғы жалпы жаяу әскери училищесіне қабылданды.

Өмірбаян жолымен

1971 жылы оқу орнын бітірген кезде ол жан-жақты дайындықтан өткен, шыңдалған, қандай сынаққа салса да әзір тұрған жас офицер еді. Оны Орта Азия әскери округіндегі арнайы ротаға барлау взводының командирі етіп жібереді. Мұнан кейін бес жылдай Германиядағы Кеңес әскерлері тобында қызмет етеді. Одан оралған соң Қиыр Шығыс әскери округіне жол тартты. Қайда жүрсе де, сүйікті жары Рабиға жанында, балалары да бұндай көшіп-қонуларға үйренген. Қиыр Шығыстағы өмір де қанша қиын болғанымен, өте шықты. Мәскеудегі әскери академияға қабылданып, жолға шығып бара жатқанда ғана оның ақиқаттығына көз жеткізгендей болды. Әйтпесе бұл жақта қызмет ететін офицерлер шет жақта болғасын ба, бойкүйездікке салынып, әйтеуір, күн өткізуді мақсат тұтып жүре береді екен. Бұлар бастапқыда пәтерде тұрады. Ол үй академиядан жиырма минуттық жер екен. Былайынша айтқанда, қаланың нақ ортасында, терезеден Кремльдің мұнаралары көрініп тұр, іргеде атақты Арбат көшесі, Гоголь атындағы бульвар, Кропоткин метросы бар.Бұлармен көршілес біраз атақты, елге танымал тұлғалар тұрады екен. Академияда Ауғанстан соғысының батырлары Руслан Аушев, Сергей Козлов, Нәби Акрамовпен бірге оқиды. Қазақтардан кейін генерал болған Абай Тасболатов, Бақытжан Ертаев та сол тұстарда білім алады.

Академияны бітірген Қажымұқанға Қытай шекарасымен шектес Панфилов қаласындағы полкқа штаб бастығы қызметіне жолдама берілді. Алайда жолдамада жазылған орын — полк штабының бастығы лауазымы бос болмай шығады. Содан кейін Душанбе қаласындағы Қызыл тулы Сестрорецк атындағы полк штабының бастығы ретінде баруға бұйрық алады. Осылайша оның әскери өмірі тәжік жерінде жалғасады.

Ал тәжірибелі офицердің арнайы тапсырмамен Ангола жеріне жіберілуі өз алдына бөлек әңгіме.

Ангола жерінде

1987-1988 жылдары ол Ангола жеріне Намибияның тәуелсіздігі үшін күреске қатысу мақсатында әскери кеңесші ретінде жіберілді. Шынын айтқанда, бұл қауіпті сапар еді. Бірақ бұйрықтың аты — бұйрық, ол талқыға салынбайды. Және бұл тапсырманың өзі құпия, сырт адамдар оның сырын біле бермейді. Мәселен, жергілікті адамдармен жалған аттарымен сөйлеседі. Бұл болса, сол күннен Николай атын иеленді. Кеңес Одағынан аттанған шағын топ сол жақтағы Оңтүстік-батыс Африка халықтық ұйымы қарауына түсетін болды.

Мұнда ұшақ өте жоғары биіктікте ұшады екен, себебі бұл Стингер ракетасымен атып түсіруден құтылудың айласы болып шықты.Оңтүстік-батыс Африка халықтық ұйымын басқарған Сэм Науйома сол уақытта Намибияның заңды түрде тұңғыш Президенті болып есептеленеді.Қажымұқан аталған ұйымға қарасты мотожаяу бригада сарбаздарын партизандық қақтығыстарды орындауға, жауды қалай алдап, ыңғайлы жерге шығарып, жеңіске жету тәсілдеріне үйрете бастайды. Бұл ретте Мәскеудегі шетел әскери институтын бітірген Игорь Игнатович деген офицер аудармашы ретінде ылғи жанында жүрді. Мұнда қауіп қайдан деп біліп болмайды. Қарсыластардың қауіпті шабуылы аяқ астынан туындап қалуы мүмкін. Бірде Қажымұқанға 20-мотоатқыштар бригадасына іссапармен жүру керек болды. Бригада Анголаның солтүстік жағындағы Андула деген қалада Куйто-Куанваледен 350 км қашықтықта орналасқан. Онда бару үшін әуелі Луандаға, содан Куйто-Куанвалеге барып, бригада тұрған қалаға тек  тікұшақпен жетуге болады. Себебі қала Совимби революцияға қарсы тобы бандиттері әскерлерінің қошауында. 20-мотоатқыштар бригадасы сарбаздары Андуланы және қасындағы бірнеше ауылды қорғаныста ұстауда еді. Тікұшақ осындағы Куба әскерлерінің қарауында. Бір қиындығы, осыдан бір күн бұрын революцияға қарсы топ бұлардың тікұшақтарын атып түсірген екен. Бұл жағдай Қажымұқанның жүрегін қобалжытқанымен, сыр бермейді.Қауіптен қашып құтыла алмайсың, жау әскерлері бұларды да нысанаға алады. Жауған оқтан тікұшақтың моторына зиян келеді. Бұлар шақ дегенде кері бұрылып, кейіндегі аэродромға жетеді. Тексеріп қараса, бортқа қадалған он екі оқтың тесіктері табылады.

Бірде Оңтүстік-батыс Африка халықтық ұйымы басшысы Сэм Нуйома келіп танысып, суретке де түсіп, Ұлы Кеңес революциясының 70 жылдығын да атап өткендері бар, Қажымұқан қызметін жақсы жүргізгені үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.

1987 жылдың күзінде берілген рұқсат бойынша Қажымұқанның зайыбы Рабиға да Ангола жеріне келетін болады. Қазір ойлап отырса, жастық па, қорқыныш деген ойға да келмейді екен ғой. Қазақ қызы бұл жақта да мықтылығын көрсетеді. Аз мерзім ішінде  пистолеттен атуды үйреніп, граната лақтыруға машықтанады.

Намибия тәуелсіздігін жария етуі қарсаңында бұлар елге қайтатын болады.

Ангола жеріндегі қызметі үшін Кеңес үкіметінің Жоғарғы Төралқасының Құрмет Грамотасымен, Варшава әскери келісімінің «Әскери ынтымақтастықты дамытқаны үшін» төсбелгісімен марапатталған Қажымұқан елге келген соң ғана ажал ортасынан оралғанын сезгендей болды.

Егемендікке қызмет

Шетелден аман-есен оралған қазақ офицері бір сәт өзін елеусіздеу қалғандай да сезінген жайы болды. Бұл Кеңес Одағының әлсіреп, алып мемлекетте ыдыраушылықтың басталған тұсы болатын.Ол Жамбыл облыстық азаматтық қорғаныс штабының бөлім бастығы қызметіне жіберілгенде ұлттық кадрларға немқұрайлы қараудың кезекті бір қадамына кезіккен еді. Бірақ қашаннан өзін жігерлі қалыпта ұстайтын ол бірден іске кірісіп кетеді. Аз-кем уақыттан соң  ДОСААФ-тың біріккен техникалық мектебінің бастығы болып тағайындалады. Осылайша Таразда төрт жылдай еңбек етеді.Ал еліміз егемендік алған тұста Маңғыстау облысына әскери комиссар болып тағайындалады. Бұл да оңай шаруа емес еді. Өйткені еліміздің әскери жүйесі өз алдына енді қалыптасып, ал әскер қатарына шақырушылар тәртіпті орындаудан жалтарып, бас сауғалай бастаған тұс еді бұл. Қажымұқан егемендіктің нығаюына өзінің үлес қосатын шағы енді келгенін жете ұғынып, күні-түні жұмыс істеді. Өз жұмысы өз алдына, тіпті Ақтауда әскери-теңіз флотының жасақталуына да көмегін тигізді.

Ал 1993 жылы туған өңірі Ақтөбеге әскери комиссар болып келгенде өзінің алдында бұрын-соңды болмаған үлкен жауапкершілік күтіп тұрғанын айқын сезініп еді. Осыдан ширек ғасырдай бұрын әскери қызметкер боламын деп алысқа сапар шеккен балаң жігіт енді туған жерге полковник дәрежесінде оралып отыр. Ол мұнда да күн-түн демей қызмет ету қажеттігін ұғынды және солай істеді де.Қажымұқан Сәтенұлы сол тұстарда қандай да болмасын қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Он жыл бойы ат үстінен түспеді деуге болады. Бұл кезеңде облыста жастарды әскер қатарына шақыру, олардың қызмет атқаратын әскери бөлімдерімен тұрақты байланыс жасау, жастар тәрбиесінде ата-аналардың белсенділігін көтеру сияқты шаралар жүзеге асырылды.

…Бұл күнде Қажымұқан Сәтенов — елдегі қадірлі аға буын өкілдерінің бірі. Оның кеудесіндегі екінші  дәрежелі «Айбын» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Әскери ынтымақтастықты нығайтқаны үшін», т.б. көптеген медальдары, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Грамотасы жауынгерлік жолдарындағы еңбегінің бағасы іспеттес. Кеңестік кезеңде әскери бөлімді өрт сөндіруге жұмылдырып, ел байлығын қорғап қалудағы ерлігіне сай орденге ұсынылып, оның орнына медаль алғанын, ал жоғары награданы өзге ұлт өкілінің иеленіп кеткенін бүгінде басын шайқап қана есіне алады. Оның есесіне 2010 жылы Намибияның президенті  Хификепунье Лукас Поха́мбадан Алғыс хат келгенін құрметпен айтып жүреді. Көңілін қозғаған көптеген жайдар туралы өзінің баспадан шыққан «Армия —моя судьба», «Құпия  қақтығыс  қаһармандары» атты еңбектерінде жазды.

ҚР Қарулы Күштерінің құрметті ардагері,«Ақтөбе облысына еңбегі сіңген» атағының иегері, Қобда ауданының құрметті азаматы, полковник Қажымұқан Сәтенов бүгінгі күні де сапта. Ол өзінің өмірлік жары Рабиға апаймен бірге қыздары Гүлмира мен

Жаннаның, баласы Төлегеннің жақсы тәрбие алып, елге қызмет етіп жүргеніне қуанады. Ең бастысы, тіршіліктегі жетістіктері өмірден ерте кеткен әкесі Асаудың, ақ тілегін үйіп-төгіп отыратын әжесі Асылдың, мейірім шуағымен қиялына қанат бітірген анасы Шұғаның қолдауы екенін жан жүйесімен сезініп, олардың сенімдерін ақтағанына тәубе ететін жайы және бар.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button