Жаңалықтар

Атакәсіп — ұлттық қазына

Жазылған жайдың жалғасы

Халық мұраларының үлкен бір мәуелі бұтағы — атакәсіп. Атакәсіп — телегей-теңіз дүние арасында ауқымды орны бар, халық болмысымен ежелден біте қайнасып келе жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазіргі уақытта да тарих сахнасынан түсіп қалмай, жаңа даму кезеңін бастан өткізіп отырған халық шаруашылығының бір санатына жатады. Қолға қалам алғызып, тарихтың шаң басқан қалың беттерін қайта ашып саралауға себепші болған «Атакәсіпті алға жылжыту — басты бағыт» атты «Ақтөбе» газетінде жарық көрген Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданының әкімі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әділкерей Әуелбаевтың мақаласы еді.

Жалпы ұлтымыздың рухани өмірінде алатын орны мен маңызы бар төрт түлік мал, оның ішінде жылқының қазақ халқының тарихындағы алатын орны мен атакәсібіміздегі үлесін айқындау осы мақаланың негізгі өзегі, көтерер жүгі болып тұр. Біз бұл жерде дәстүр мен атакәсіпті байланыстыра қарамақпыз. Бұрын-соңды осы тақырыпқа қатысты жазылған пікірлерге шолу жасап, саралай келіп, қастерлі атакәсіп — мал шаруашылығының ғасырлар бойғы тәжірибесін қорытындылап таразылайтын кез жетті деп санаймыз.

Дегенмен ұлттық атакәсіп, салт-дәстүр, дін мен діл, бабаларымыздың ғасырлар бойғы айналысқан мал шаруашылығы, төрт түлікті өсіру және т.б. көмбелерімізді ашып, халық игілігіне жаратуға дайын болдық деуге әлі ертерек.

Атакәсіп дегенде алдымен, бұл тақырып қанша қарастырылып, зерттелгенімен осы мәселеде әлі де болса кезінде назарға ілінбеген, еленбеген, түпкілікті шешілмеген тың, соны мәселелері жетерлік. Бір кезде сөз болғанымен, жаңа заман, Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі дамуы тұрғысынан, сан алуан ғылымдардың соңғы жетістіктері биігінен уақыт өте келе қайта оралып, тағы зерттелуді қажет ететін мұндай мәселелердің де туындап отыруы заңдылық. Ғылымның бір орында тұрып қалмай, үнемі қозғалыста толысып, жетіле түсуі теориялық деңгейінің тереңдеуімен кіндіктес. Тереңдеумен кіндіктес деп отырғанымыз — біздің халықтың дүниетанымы мен көзқарастары қоршаған ортаны көре білуі, табиғатпен үндесіп, өздерінің ой-қиялдарын тіршілік нәрі – мал шаруашылығымен байланыстырған. Жалқылықтан жалпылыққа өтетін танымдық түсінік таңба мен белгілер арқылы нақты көрінеді. Мысалы, профессор Қ.Жұбанов халықтың ерте заманғы түсініктеріне талдау жасай келіп: «Ежелгі дәуір адамдары әр заттың, нәрсенің не жақсы, не жаман иесі бар деп түсінген. Сондықтан жақсы жақтағыларды Құдай, періште, пайғамбар, әулие деп атап, жаман жақтағыларды шайтан, албасты, пері (мұның да екі түрі бар) деп сенген.

Төрт түліктің пірі, қолдаушысы ретінде сиыр атасын – Ойсылқара, түйе атасы – Зеңгі баба, жылқы иесі – Қамбар ата, қой малының иесі – Шопан ата, ешкінің пірі – Шекшек ата деп атау сол кезден қалған» деген пікірін талдар болсақ, ол ежелгі халықтық дүниетанымға табан тіреген мифологиялық негіздемелерді жасайды.

Қазақ халқы жылқыны сыртқы болмысына қарап айырып, оны түске бөлуде қаншама атауларды қолданады десеңші. Мысалы, бір ғана «боз» сөзін алып қарайық. Халқымыз ежелден келе жатқаи салт-дәстүр мен әртүрлі әдеп-ғұрыптарда, жеңіске жеткен ел елеулі тойда боз ат бауыздап, Құдай жолы деп, аруақтарға бағыштаған садақаға боз қасқа қой сояды, екі ру, не екі ел арасындағы бітім кезінде боз бие шалып, келісімге келген, ең аяғы кейбір жағдайларда боз бие сүтіне шомылдыратын болған…

Халық жырларында, эпостарда, ертегілер мен аңыздарда қол бастаған батырлар немесе құт-береке дарытушы деп есептелетін Қызыр Ілияс боз ат мініп, боз киім киіп жүреді. Сол сияқты адам түс көргенде өмірде марқұм болған адамдар ашық не боз түсті киім киіп, ажарлы жүрсе иманды болады-мыс, ал өмірде бар адамдар боз киіммен жүрсе, жақсылыққа кезігеді-мыс. Демек, «боз» халық ұғымында киелі, қасиетті түс.

Мұндай мифологиялық негіздемелердің Тәуелсіз Қазақстанның гербінде арғымақтардың бейнесінде көрінуі де көп нәрседен хабар бергендей.

Қазақ халқы өмір сүрген ортада әлеуметтік оқиғаларды да, сол даланың табиғаты мен өсімдігін де, адамы мен жануарлар дүниесін де бейнелерде ажарлы сөздерді мол қолданады.

Ғасырлардан ғасырға өтіп, тарих қойнауларынан бізге жеткен Ақтамберді жыраудың суреттеуінен мықты да берік, сұлу да сымбатты, жүйрік те төзімді ел қорғаған батырлар мінген арғымақтар мен тұлпарлардың бейнесін көреміз. Осындай келісті етіп суреттеу біздің халықтың арғымақ баптап, бәйгеге ат қосып, тіршілігін, дүниетанымын мал шаруашылығымен, оның ішінде қасиетті жылқы малымен тікелей байланыста болғандығын көрсетеді. Ал мал шаруашылығында жылқы малын бағып-қағып, оны өсірумен айналыспаған елдің тарихында мұндай суреттеулер ешкімнің қолынан келе бермейді. Арғымақ бейнесін суреттеу талай қазақ халқының ардақты да

абзал ұлдарына, азаматтарының шығармаларына үлгі болды. Тарихтың беттеріндегі Бұқар, Абай, Ілиястың және т.б. шығармаларындағы жылқыны суреттеу, оның бейнелері мен оған берген сындары — біздің тарихымыздың үздік оюлы өрнектері болып қала бермек.

Көне замандардан келе жаткан халыктың өзіндік дүниетанымының бір көрінісі ретінде танылуға тиіс ырымдар мен тыйымдардың ұлт менталитетін танытудағы рөлі ерекше зор және де оның сыры мен сипатын, қадірі мен қасиетін пайымдауда шешімдер табуымен ерекше бағаланып отырған.

Қазақ халқында тотемдік нанымдар қалыптасқан діни наным-сенімдердің негізінде пайда болғанын қазақ мифологиясынан да өте айқын байқауға болады. Ұлы жазушы М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында атакәсіп —  жылқы малын бағып-қағуда тіл-көзден сақтауға қатысты ырым бар екенін мынадай жолдармен береді. «Семейден кайтып келе жатқан жолда, Абай Тәкежан ауылына соқпай, қиыс өтіп бара жатады. Ауыл маңындағы мол жылқыға көзі түсіп, жанындағы Баймағамбеттен: «Осының бәрі Тәкежан жылқысы ма? Қай уақытта, қалай қалыңдап кеткен?» — деп сұрайды. Осы кезде олардың қасына Тәкежанның баласы Әзімбай келеді.Сөз реті келгенде, Абай жылқы жағын әңгіме етіп, Әзімбайдан жылқының санын сұрайды. Осыны жазушы былай көрсетеді: «Бала үндемей тартынып қалды. Ішінен жақсы біліп тұрған жылқы санын айтуды жаман ырым көрді. Әкесі Тәкежан, күнде түгендеп жүрген жылқының санын бала үйге айтып келгенде: «дабыратпа, кісіге малыңның санын айтпа!» — дейтін жолдар жылқы малының қазақ халқы үшін қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді.

Елдің бір тарихи беті болған, халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, тарихымен тығыз астасып жатқан жылқы малының қазіргі кезде біздің санамызда тек күнкөрістің бір аспектісі ретінде қалуының тарихи себептері бар. Оның бір себебі, патшалық Ресей Қазақстан аймақтарының көнгенін сөзбен, көнбегенін күшпен өзіне қаратып алғаннан кейін өз басқару жүйесіне көшуі еді. Столыпин заңынан кейін арнайы қаржыландырылып, жүйелі жүргізілген Ресей шаруаларының қазақ өлкесіне көшуі бұрын-соңды болмаған жаңа қарқын алды. Оралдың шығыс жақ бетіне қоныс аударушылардың саны ғасырдың аяғында күшті болды. Осындай жаулап алушылық және зорлық-зомбылықпен жүргізілген империялық саясат Кеңестер Одағы кезінде де жалғасты. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан тіні үзілмеген дәстүрлі шаруашылықтың өзегіне балта шабылды, қазақ халқы ашаршылыққа ұшырады.

Тарих беттерінен біздің халықтың көрген зардабын ешкім өшіре алмайтындығы да белгілі. Себебі оны халық жадынан өшіру мүмкін емес. Бұған дәлел, «Ана тілі» газетінде жарық көрген ақын Қасымхан Бегмановтың этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлымен сұхбатын айтуға болады. Сол сұхбатында елдің ақсақалы мынадай тарихи құнды деректерді келтіреді: « Кеңес өкіметі алғаш құрылып жатқан кезде, 1920-1930 жылдары қазақтардың ішкі қимылдары мен сыртқа қашып құтылуына қазақ жылқысы үлкен үлес қосты. Осы құбылысты зерттеген орыс саясатшылары қазақты мүлде жүген ұстатып, жаяу қалдыруды көздеді. Саяси астары бар осы жоспарды іске асыру үшін қазақ жылқысын жамандау басталды. «Қазақ жылқысы өңсіз, түссіз, мүсінсіз, сұлу емес. Қазақ жылқысы сыртқы саудаға жарамайды, ішкі өндірісте пайдасыз» деді де, Қазақстандағы қазақ жылқыларын түгелдей ет комбинатына айдатып, тұқым қалдырмау жағын қадағалады. ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстандағы және басқа елдегі қазақтардың қолында жиырма миллионға жуық жылқы болған деген болжам бар. Ал осы жылқының көп бөлігі Қазақстан жерінде болған. Ата-бабадан мұра болып келген төрт түлік «падишасы» қасиетті жылқы түлігі Кеңес өкіметінің «саяси жоспарының» құрбанына айналып, мүлде құрып кетуге бет алды.

… Біздің ата-бабалар қолында қанша жылқы болды екен? Бұған мөлшерлеп те жауап айтудың өзі қиын…» – деп толғана сыр шерткен болатын («Ана тілі» газеті, 15 сәуір 2010 ж).

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің «Даланы малға, қаланы еңбекқор жанға толтырамын» деп кездесуде айтқан сөзінде шын мәнінде көптен қордаланып қалған мал шаруашылығына, жылқыны өсіруге қатысты проблемаларды шешуді басты мақсат етіп алғаны көрініп тұр.

Ақтөбе облысының географиялық орналасуы да, өндіріс пен шаруашылығының сан- салалы болып келуі де ел мен жердің болашағын қамтамасыз ету және тұрақтандыру бағытында іс-шараларды шешуде үлкен роль атқарады деп есептейміз. Себебі, облыс басшысы аудан әкімдерімен және осы саланың мамандарымен кездескенде, жергілікті халықпен жүздескенде тек шаруашылық жүйесінің қызметкерлері шешетін мәселе деп қарамай, елім, жерім дейтін әрбір қазақ азаматтарының міндеті болуы тиіс екендігін үнемі айтып келеді.

Осы міндетті жұмыстардың бірі – жылқы малының тұқымын асылдандырып, мал басын көбейтуге жол ашу. Бұл бағыттағы «Ақтөбе тәжірибе стансасы» ЖШС жылқы шаруашылығы, Мұғалжар және көшім асылтұқымды жылқыларын өсіруге қатысты соңғы бір-екі жылдағы атқарылған толағай жұмыстар көңілге қонымды болуда.

Елдің бірлігі мен қоғамның тыныштығын сақтау, елдің бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуы жолында халық шаруашылығының рөлі ерекше екендігі белгілі. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мен оны ойдағыдай еңсеруде нақты жұмыстар облыс көлемінде атқарыла беретіндігіне сенімдіміз.

 Нұрдәулет АЛДАШЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button