Денсаулық

Бүгін дәрі-дәрмектің үлкен партиясы әкелінеді

Брифинг

Ақтөбе өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен тікелей эфир барысында Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыс әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Әсет Қалиев тұрғындардың сұрақтарына жауап берді:

— Облыстағы  мәйітханаларға қосымша мұздатқыштар алынғаны рас па? Не себепті? Мәйітханаға сыймай жатыр ма?

— Мәйітханаларға қосымша мұздатқыштар алынғаны рас. Себебі қайтыс болған адамдардың сүйегін кейде туыстары бірден алып кете алмай жатады. Сондықтан дене бұзылып кетпес үшін қосымша мұздатқыш контейнерлер орналастырылғаны рас.

— «Облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді» деген ақпарат тарады. Бірақ күн сайын статистика артып отырғанын көріп отырмыз. Бұл неге байланысты?

— Қазіргі уақытта өкпе қабынуы бойынша аурушаңдық деңгейі азайып келе жатыр. Соңғы 3-4 күнде өкпе қабынуы ауруымен тіркеліп жатқандар да, жедел жәрдемге хабарласушылар да айтарлықтай азайды.

— Қазір дәріханаларда кезек азайды, бірақ іздеген дәрімізді таба алмаймыз. Неге дәрі-дәрмек келмей жатыр?

— Дәріханаларда, яғни бөлшек сауда желісінде дәрілер бар. Рас, кей дәріханаларда жоқ болуы мүмкін. Бұл бәсекелестік орта болғандықтан, сұраныс жоғары болғандықтан, ондай болады. Дегенмен біз қазір ұдайы мониторинг жүргізіп отырмыз. Жергілікті атқарушы органдар дәрі-дәрмек жеткізетін компанияларға қолдау көрсетіп отыр. Осындай келісімшарттар аясында бүгін Ақтөбе облысына «Стофарм» компаниясы түрлі ассортименттегі үлкен дәрі-дәрмек партиясын әкелуі тиіс. Дәрі-дәрмек бөлшек саудаға түседі, бұл тұрғындар сұранысын біршама өтейді деген сенімдеміз.

— Компьютерлік томография мен флюорографиялық тексерісті ақылы түрде қай жерде жасауға болады? (Жеке емдеу мекемелерінде баға неге өте қымбат?)

— «Сенім», «Қуаныш», «Айгерім» сынды жеке емдеу мекемелерінде түсуге болады. Сондай-ақ өзіңіз тіркелген мемлекеттік емдеу мекемелері арқылы тегін тексерілуге де болады. Жеке емдеу мекемелеріндегі баға мәселесі тек ел заңдылықтарына қатысты реттеледі. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жақында жеке емдеу мекемелері басшыларымен кездесу өткізіп, бағаны ретсіз өсірмеу туралы айтты.

— Өткен аптада тағы бір дәрігер өкпе қабынуынан көз жұмды. Оның басқа да қосалқы аурулары болған ба?

— Өкінішке қарай, дәрігерлер арасында да ауру жұқтырып жатқандар бар. Өткен аптада бір әріптесіміз өкпе қабынуынан көз жұмды. Марқұм жүрек-қантамырлары ауруымен тіркеуде тұрған.

— Ақтөбеде кейбір нысандар шектеу шараларын сақтамайды. Оларға қатысты қандай да бір шаралар қолданыла ма?

— Шектеу шараларының қатаң орындалуын бақылау үшін Ақтөбеде, аудандарда мониторингтік топтар құрылғаны белгілі. Топ мүшелері күн сайын кәсіпкерлік субъектілерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 5 шілде күні Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен арнайы ережелер енгізілген болатын. Соған сай шектеу шаралары тәртібін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға —  83 мың теңге, шағын кәсіпкерлік және үкіметтік емес ұйымдарға — 639 мың теңге, орта кәсіпкерлікке — 861 мың теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынады. Карантиндік шектеу шаралары еліміз бойынша 2 тамызға дейін созылғаны белгілі, сондықтан әрбір тұрғын шектеу шаралары ережелерін ұстануы тиіс.

— Кейбір автобус бағыттарының рейстері азайды. Бұл қоғамдық көліктерде, керісінше, адамның көп болуына әкеліп соғады. Мәселен, №21 бағытта жүретін автобус рейстері азайды. Оны кім реттейді?

— Қалада жолаушылар тасымалы қызметін жүргізіп отырған екі мекеме бар, оларға барлық санитарлық талаптар түсіндірілді. Алайда рейстер санын шектеуге қатысты ешқандай нұсқау берілген жоқ. Ол өздерінің шешімі болуы мүмкін. №21 бағыттағы автобусқа қатысты мәселені реттейміз.

— Емханаларда неге коронавирус инфекциясы мен өкпе қабынуынан басқа аурулармен келген науқастарды қарамайды? Сондай-ақ емханалардан №063 формалы анықтаманы да ала алмаймыз? Салалық мамандар да қабылдамайды…

— Қазіргі уақытта жоспарлы тексерулер уақытша тоқтатылғаны белгілі. Бірақ қажетті жедел дәрігерлік көмек барлығына бірдей көрсетіледі. №063 формасына қатысты айтатын болсақ, қазіргі кезде медициналық тексерістен өту де тоқтатылды, егер ол құжат өте қажет болып жатса, емхананың басшылығына хабарласуға болады. Салалық мамандар да тұрғындарды шектеу шаралары аяқталғаннан кейін қабылдайтын болады.

Тікелей эифрде Нұрсұлу Беркімбаева шектеу шараларын қатаң сақтау керектігін ескертті. Себебі облыста індет жұқтырғандар саны азаймай отыр. Мәселен, 14 шілде күні 196 адамнан коронавирус анықталған. Оның 38-інде ауру белгісі білінсе, 158-і — симптомсыз. Науқастардың үшеуі Байғанин ауданынан болса, екеуі — Алға, екеуі — Ырғыз, ал қалғандары Ақтөбе қаласының тұрғындары.  Коронавирус жұқтырғандар қазіргі күні оқшауланып, оларға хаттамаға сай ем жүргізіліп жатыр.

Жалпы облыста коронавирус жұқтырған 2545 адам тіркелген.

P.S. Тікелей эфир барысында тұрғындар жеке бастарына қатысты сұрақтар да қойды. Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы  мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыс әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Әсет Қалиев мұндай мәселелердің барлығын жеке-жеке қарастыруға уәде берді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button