АуылБасты жаңалықтар

Өзіңе — пайда, өзгеге — қажет

Кәсіпкерлік

Қобдада соңғы жылдары дәстүрлі емес шаруашылықты қолға алған кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Түйеқұс, қаз секілді құс шаруашылығын дамытып, қыруар пайда табуға болатынын, баларасын дұрыс баптасаң, берекелі кәсіпке айналатынын айтады шаруалар. Ал көкөніске күнделікті күтім жасасаң, тап-таза табыс көзі екені айтпаса да белгілі.

Бұған дейін ауданда «Бизнес бастаудың» игілігін көріп отырған жас кәсіпкерлер жөнінде айтқан едік, бұл жолы жоқтан бар жасап, кәсібінен нәсіп тауып отырған қобдалықтар жөнінде сөз қозғамақпыз.

Ара балының көптеген ауруға ем болатыны көпшілікке жақсы таныс. Ал оны өсіріп- баптап, балын алсаң, толағай табысқа кенелуге және болады. Қобда ауданында аталған кәсіпті игере бастаған шаруалар қатары көбейіп келеді.

Мәселен, Бестау ауылының тұрғыны Бисембай Шахаров 350 000 теңгеге екі баларасының ұясын сатып алып, бал дайындауды қолға алған. Ол шын ниет етсең, кез келген істен береке табуға болатынын айтады.Болашақта аудан аумағын таза балмен қамтуды көздеп отырған шаруа ауласында монша құрылысын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта ауыл ішінде қоғамдық монша ашып, шаруасын дөңгелетпек.

Кеңес Одағының Батыры Иманғали Білтабанов атындағы ауылдық округтің тұрғыны Батырбек Бегесинов баларасын өсіруге өткен жылдан бастап кірісіпті. Баларасын Өзбекстан Республикасынан сатып әкеліп өз кәсібін бастаған ол, алғашқы өнімдерін өткен жылы тума-туыстарымен көршілеріне тегін таратыпты. Ал биылдан бастап балдың бір келісін 3000 теңгеден сатып жатыр. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар арқылы грант алып, балараларының ұясын 100-ге жеткізуді көздеп отыр. Болашақта аудан халқын таза әрі сапалы балмен қамтуды көздеген шаруа бүгінде бал жинайтын гүлдердің тұқымын әкеліп қойған. Қосымша жер бөлінсе, ірі-ірі жоспарларын жүзеге асырмақ.

Ал Қобданың Сарыбұлақ ауылында тұратын Ольга Илли қоян өсіруді қолға алған. Бүгінде 50 қояны бар ол аудан орталығында өтетін жәрмеңкелерге қоян етін шығаруды көздеп отыр. Өсімтал келетін қоянның еті дәмді әрі тез қорытылады. Дәрумендер мен минералдық мазмұнына сәйкес басқа еттерден асып түсетін қоян етіне үнемі сұраныс болатынына Ольга сенімді.

Ольга Иллидің ауылдасы «Айзан» шаруа қожалығының басшысы Әмина Мәжидова көкөніс егіп жатыр. Биыл бақшасына қауын мен қарбыз, картоп, кәді тұқымын сепкен шаруа күтімін жасасаң, таза өнімді өзге өңірлерден емес, өзімізден де шығаруға болатынын айтады.

Ал Әлия ауылындағы «Д-Дәулет» шаруа қожалығы биыл 30 гектар алқапқа бау-бақша өнімдерін егіпті. Шаруашылық иесі қасына көмекке ауыл балаларын тартқан. Каникул кезінде бау-бақша күту жұмыстарына 4 студент өз үлестерін қосып жатыр. Әрқайсысы күніне 2 мың теңгеден өз жұмысы үшін жалақысын алады. Егер қосымша жұмысқа қаламын десе, үстеме төлемақы қарастырылған.

— Қияр, қызанақ, қарбыз-қауын, кәді, болгар бұрышы өтімі жағынан тез әрі жергілікті жерге өсіруге қолайлы болғандықтан биыл тек 30 гектар жерге егіп бастап жатырмын. Алдағы уақытта шаруам алға басып жатса, бау-бақша көлемін арттыру жоспарымда бар, — дейді тамшылатып суару әдісі арқылы жаз уақытында халыққа қажетті көкөністерді өсіріп отырған шаруашылық басшысы Аслан Төлеубаев.

Аталған шаруалардың жасап жатқан еңбегін көріп, ауданда кәсіпкерлікке бетбұрған азаматтардың саны артқанын байқауға болады. Алайда ауданда бұл саланы толықтай дамыту үшін әлі де атқаратын қыруар жұмыстар бар.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button