Ақтөбеде пневмониямен ауыратындар саны азайып келеді
Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай талқыланған жиында айтылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
— 1 шілдеден бастап провизорлық стационарларға өкпе қабынуымен түскендердің азайғанын көріп отырмыз. Мәселен, соңғы тәулікте емдеу мекемелеріне 71 адам түссе, 116 адам емделіп шыққан. Жедел жәрдем бекетіне 98 адам жүгініп, оның ішінде 50 адам ауруханаға жатқызылды, тағы жиырма адам емделуге өздері келген, — деді Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірде жағдай тұрақты екендігін айтады. Оның айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес стационарлардағы кереует орындары 50%-ға көбейген:
— Қазіргі таңда стационарлар 65-70%-ға толды, резервте 30% орын бар. Шілде айында медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 400-ге жуық оттегі баллоны сатып алынды. Тәулік сайын 510 баллон толтырамыз. 300 Бобров аппараты,55 оттегі концентраты бар. Тағы 200 оттегі концентратын сатып алу үшін келіссөздер жүргізілуде. Өкпені жасанды желдететін 184 аппарат, провизорда 98 аппаратымыз бар, олардың санын көбейту жағын шешіп жатырмыз, — деді Нұржауған Қалауов.
Медициналық заттармен қамтамасыз етуге қатысты СК «Фармация» тарапынан дәрі-дәрмек қорытолықтырылғаны да айтылды. Дәрі-дәрмек алты мекеме мен емханалардағы күндізгі стационарлар жанындағы пульмонология бөлімшелеріне таратылды. Сондай-ақ бүгін облыс әкімдігі мен Орынбор қаласындағы облыстық дәріхана қоймасымен арадағы келісімге сай 22 түрлі дәрілік препарат жеткізілмек.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті 94 дәріханаға дәрілік заттардың 41 түрі бойынша мониторинг жасады. Жалпы, өңірде 192 мониторинг тобы жұмыс істейді. Бұл топтар мүшелері шамамен 7800 нысанды тексеріп, 1438 ұйғарым берді. Мониторингтік топтардың жұмыстарының нәтижесі бойынша төрт дәріханада дәрілердің бағасын негізсіз көтеру деректері анықталып, тексеру жүргізіліп жатыр.
Коронавирус індеті мен өкпе қабынуы ауруларына қатысты сұрақтар бойынша кеңес беретін cаll-орталыққа 5 шілдеден бері 4700-ден астам сұрақ түскен, оның 550-і — бейнеқоңырау, 180-і — аудиоқоңырау. Облыс әкімі түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тұрғындардың әлеуметтік желілердегі жарияланымдарына жауап қайтаруды тапсырды.«Тұрғындармен кері байланыс болуы керек. Ақтөбеліктерді қай дәріханаларға дәрі түсіп жатқандығы, стационарлардың қажет дәрілік препараттармен қаншалықты қамтылғаны, карантин тәртібінің бұзылғандығы туралы хабардар етіп отыру керек. Тұрғындар біз жүргізіп жатқан жұмыстарды біліп, адам көп жиналатын шараларды өткізудің салдары қандай болатынын түсінуге тиіс. Маған осы жұмыстардың нақты нәтижесі керек», — деді Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.