Пікір

Құтқару жолы — бірлікте

Адамның өмірден өтуі қаншалықты ауыр еді. Оның ішінде жақыныңды, достарыңды, тіпті танысыңды жоғалту жүрегіңді жаралайды. Өзіңе жақын сол бір аяулы жанның енді ортамызға оралмайтыны, оның орнын ештеңемен де толтыра алмайтынымыз қандай өкінішті.

Өз мамандығы, өмірдегі алға қойған ұстанымы бойынша біздің денсаулығымызды қорғауға, қиын сәтте өмірімізге араша түсуге жаралған ақ халатты абзал жандардың да осындай қиын күндерде қауіп қақпанына түсіп қалып жатқаны қалай? Мұның барлығы біздің көңілімізге көлеңке түсіреді, жанымызға мұң оятады.

Жоғары дәрежелі кәсіби дәрігерлер, шын мәніндегі білікті мамандар, адамгершілігі мен азаматтығы айналаға шуақ шашып жүретін Рахымжан Арыстан, Қалихан Қозыбағаров, Дон Қожақұлов сияқты еңбегімен ел құрметіне бөленген бауырларымыздың бірінен соң бірі арамыздан алыстап кете баруы бәріміз үшін де оңайға соғып жатқан жоқ. Олар ақырғы демі қалғанша ақтөбеліктердің денсаулығы мен өмірі үшін күресті, қай-қайсысы да жерлестерінің отбасыларына қайғы бұлты төнбесе екен деген тілекпен тынымсыз еңбек етті.

Осындай орны толмас жоғалтулардан кейін біздің елімізге мысықтабандап еніп кеткен жамандықтың жай ғана басымызға аспаннан түсе қалғандай кезекті бақытсыздық емес екендігіне тоқтам жасайсыз. Және бұл — адам өмірін жалмайтын, аяусыз дұшпан. Кезінде еліміз бен жерімізді басқыншылардың құлдыққа салғысы келгендей мұндай жауды біз жаппай бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қана жеңе аламыз.

Біздің қуатты көршіміз — Қытай елі темірдей тәртіптің арқасында мұндай қатермен қысқа мерзім ішінде қалай күресуге болатынын көрсетіп берді. Алайда біздегі бүгінгі ахуалды қарап отырып, өкінішке қарай, мүлдем басқа көрініске тап боламыз.

Мен өзім күн сайын куә болып жүрген жайлар туралы баяндағым келеді. Біздің медицина қызметкерлері бәріміздің өмірімізді қорғау жолында жанқиярлықпен күресіп жатқанда көпшілігіміз сақтықтың қарапайым шарттарын орындаудың өзіне қамсыздықпен, салғырт қараймыз. Ал коронавирус құрығы айналамызда әртүрлі сырқат атауымен адамдарды барынша қамтып қалуға тырысуда. Бүгінгі күні жақын-жуығын, жекжат-жұрағатын, таныс-білістерін жоғалтпаған отбасылар кемде-кем деуге болады.

Соған қарамастан, осы қауіп дәл өзімізді міндетті түрде айналып өтетіндей сезініп, көпшілігіміз бұрынғыша тіршілік жасауды жалғастырудамыз. Мыңдаған адамдар қауіпсіздіктің жай ғана шарттарын орындауды қажет деп таппайды, олар қолғап, бетперде кимей-ақ көшелерге қамсыз күйде шыға береді, дүкендерде, автобустарда, саябақтарда топталып жүреді.

Еліміздің жолдары бойымен тынымсыз ағылып жататын мыңдаған автокөліктердің жүргізушілері қай аймақта болса, тоқтай қалып, кездескен адамдармен емен-жарқын амандасып жатады, көптеген қазақстандық ауру жұқтыру қаупін елемей-ақ пойыздардың тығыз купелері мен плацкарттарында қоян-қолтық отырып алып, әңгіме айтады. Адамдардың айналада болып жатқан жағдайдың қауіптілігін түсінуі үшін, соның бәрі олардың санасына жетуі үшін ел халқының жартысы қырылуы керек пе сонда?

Мұның барлығы үрейшіл адамның бекер айтылған сөзі мен құр жоқтауы деп түсінбеңіздер, мұндай жағдай біздің тарихымызда бірнеше рет орын алғанын ескеруіміз қажет. Біздің даламызда емін-еркін өмір сүріп жатқан қандастарымыздың жартысын жалмаған қатыгез жұттың қасіреті біздің халқымыздың жадында сақталып қалмағаны ма? Ел ішінде «қара өлім» атап кеткен шешек тәрізді әртүрлі індеттердің күллі халықты жайлағанын жұртымыз ұмытып қалғаны ма?

Қазір не болып жатыр? Біз өзімізді өзіміз сақтау түйсігін жоғалтқанымыз ба? Біз неге өзімізге, өз жақындарымыздың өміріне соншалықты салғырттықпен қараймыз? Біз ауыртпалықтың ащы жылдарында жаудың қаншалықты кім және оның қаншалықты қаһарлы болғандығына қарамастан, бір жерде бас қосып, өзімізді бірыңғай халық, бір ұлт сезінгенімізді естен шығарып алғанымыз ба?

Жоқ, мүлдем олай емес. Біздің халқымызға қандай да ауыртпалық төнгенімен, біз ұлт ретінде жоғалу шегіне жетіп тұрғанның өзінде ауызбіршілігіміз, жақынымызға жақсылық жасауға әзір тұратындығымыз нәтижесінде қиындықтарға қарсы тұра білдік, жанған от ортасынан аман шықтық.

Сіз бен біздің, сондай-ақ балаларымыздың болашағы үшін өз өмірдерін қиған аяулы жандардың әрекеттері — осының айғағы. Біз осы қатарда Рахымжан Арыстан, Қалихан Қозыбағаров, Дон Қожақұлов есімдерін ерекше құрметпен атар едік. Мен олардың жарқын бейнелерін қайғыра еске алып,  аруақтары алдында басымды иіп, тағзым еткім келеді. Олардың ерлік істерін басқа да мыңдаған дәрігерлер, мейірбикелер, еріктілер күні-түні тынымсыз еңбек етіп, лайықты жалғастыруда.

Бірақ біз, ағайындар, бір нәрсені жақсы түсінуіміз керек. Егер барлығымыз бірдей қауіпсіздік шараларын қолға алмасақ, олардың еңбегі текке кетеді.

Сондықтан да қауіпке тікелей қарсы тұрған дәрігерлердің кеңестерін тыңдауымыз керек. Осындай сын сәтте үйде, отбасында болыңыздар, ағайындар. Қоғамдық көлікте арақашықтықты сақтап, адамдардың топталған жерлерінен қашық жүріңіздер, көшеге сақтық шараларын сақтап шығыңыздар. Мұны орындау ешқандай да қиындық тудырмайды. Ең бастысы, сіз өзіңіздің және көптеген жақын-жуықтарыңыздың, айналаңыздың амандығын сақтауға тікелей ықпал етесіз.

Арынғазы БЕРКІНБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button