Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.ТОҚАЕВҚА

Жеделхат

Құрметті ҚасымЖомарт КЕМЕЛҰЛЫ!

Бүкіл әлемді дүрліктіріп, әлекке салған пандемия біздің елді де орасан зор дүрбелеңге түсірді. Барлық елде дәрігерлер осы індетпен шайқаста алдыңғы қатарда болып, қауіпті дертпен жан аямай күресуде. Солардың қатарында біз де, Ақтөбе өңірінің дәрігерлері, қатерлі вирустың салдарынан дертке шалдыққан науқастардың жанына араша түсіп, шамамыз келгенше аман алып қалуға тырысудамыз. Қолдан келген барлық мүмкіндіктерімізді аямастан, осы майданда жанқиярлық ерлік көрсетіп жүрген әріптестеріміз аз емес. Өкінішке қарай, олардың бірқатары басқалардың өмірі үшін күресе жүріп, өздері осы індеттің құрбаны болды. Олардың ерлікке тән еңбегін бағалап, Сіз, Қасым-Жомарт Кемелұлы, өз Жарлығыңызбен жоғары мемлекеттік наградамен марапаттауыңызды біз ерекше көңілкүймен қабылдадық.

Ақтөбе өңірі батыс аймағында медициналық кластер болып қалыптасты.  Ортамыздан әлемге әйгілі болған шипагерлеріміз Аққағаз Досжанова, Ишанбай Қарақұлов, Жақсылық Досқалиев,Серік Ақшолақов сынды жерлестеріміз шыққан өлкеден, осы індетпен күресте соңғы демі қалғанша басқаларға жан арашашы болып жүріп өзі де келмес сапарға кеткен әріптесіміз Қалихан Есбосынұлы Қозбағаровқа мемлекеттік жоғары марапат — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының берілуін тек марқұмның жеке басына көрсетілген құрмет қана емес, ақтөбелік барша дәрігерлердің еңбегінің еленуі деп түсіндік. Сол үшін өзіңізге, қадірменді  Қасым-Жомарт Кемелұлы, ақтөбелік барша медицина қызметкерлері қауымы атынан алғысымызды білдіргіміз келеді. Және осы індетпен күрес жолында жан аямастан қызмет етіп, науқастарымыздың саны азайып, біздің қарамағымызда емделіп жатқандарға тиісті медициналық көмегімізді беріп, тезірек жазылып қатарға қосылуларына қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп сендіреміз. Өйткені біздің өңірдің оған толық мүмкіндігі бар, қажетті мамандарымыз, құрал-жабдық, тиісті дәрі-дәрмек жеткілікті. Жанға шипа болар жылы сөзіміз бен мейіріміміз де жетерлік. Біздің жасап жатқан еңбегімізді дұрыс бағалап, рақметін айтып жатқан халқымыз бар, тиісінше жәрдемін беріп қолдау көрсетуші басшыларымыз бар. Елдің ірі кәсіпорындары басшылары мен кәсіпкерлеріміз, жүздеген еріктілеріміз, елдің азаматтары шынайы жанашырлық  көрсетіп, әрдайым қол ұшын беріп, жәрдемдерін аямауда. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті. Ең бастысы, елде мол түсінік, береке-бірлік бар. Ал бірлік бар жерде алынбайтын қамал жоқ екендігі айдан анық. Баршаңызға осынау сынақтан сынбай, аман-есен өтуімізді тілейміз. Елдің амандығы, деннің саулығы болсын.

Ізгі ниетпен, Ақтөбе өңірінің дәрігерлер қауымы атынан:

Қайрат Сабыр,«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.

Роман Рахиев, Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің ардагерлер кеңесі төрағасы.

Роза Ізтілеуова, Ақтөбе облысы дәрігерлері мен провизорларының ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің президенті.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button