Жаңалықтар

Қош, қаламдас аға!

Жеделхат

Қазақстан аза тұтып жатқанда қаралы хабар жетті: Қажығали аға өмірден өтіпті…

Қажығали Мұханбетқалиұлы қазақ әдебиетінің қайыспас қаламгері, беткеұстар жазушыларымыздың бірі еді. Өмірін жазуға арнаған, қолынан келгенше маңайына шапағатын шашып жүретін, талбойын таза ұстаған, жан дүниесі кіршіксіз, өзі де, шығармалары да, кейіпкерлері де жақсылыққа жаны құштар жан еді. Ол қалың оқырмандарына «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Жүндес қол», «Жаңғырық», «Сынған терезе», «Жалғыз жиен» атты және т.б. әңгімелер мен хикаяттар, ХХғасырдағы қазақ ғұмырнамасына үлкен үлес болып қосылған туындылар, сонымен қатар жиырма жылдық ғұмырын арнаған, Мемлекеттік сыйлыққа ие болған, Сырым Датұлы туралы «Тар кезең» романын сыйлаған көрнекті жазушымыз, елдің, ұлттың сөзін ұстаған қайраткер тұлғамыз еді. Ұлылар туған қасиетті Байғанин топырағынан жаратылып, ұлы биіктерге құлаш сермеген қаламдасымыздың өмірден беймезгіл өткені қабырғамызға қатты батып отыр.
Ең алдымен, осындай қайталанбас дарынды қаламгерді дүниеге әкелген туған топырағына тағзым ете отырып, Ақтөбенің, Байғаниннің ел-жұртына, туған-туыстары мен жерлестеріне ауыр қайғыға ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын! Көңілге медет тұтарымыз  — соңында қалған өлмес туындылары!

 

Қош, Қажеке. Бақұл бол!

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button