Басты бет » Жаңалықтар » Сенат депутаттығына кандидаттар ұсынылып жатыр

Сенат депутаттығына кандидаттар ұсынылып жатыр

Сайлау

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы Мемлекет басшысының Жарлығымен алдағы 12 тамызға тағайындалғаны белгілі. Осыған байланысты сайлауға әзірлік, оны өткізуге қатысты негізгі іс-шаралар жөнінде облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Күнбаева бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында сұхбат берді.

Ол 2014 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі ағымдағы жылдың қазан айында аяқталатынын атап көрсетті. Сондықтан да республиканың 17 өңірінде еліміздің жоғарғы заң шығарушы органы жоғарғы палатасына бір-бірден депутат сайланады. Сенат депутаттарын жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру кезінде таңдаушылар — мәслихат депутаттары сайлайды, оларды өз кезегінде жалпыға бірдей сайлауда Қазақстан Республикасының азаматтары сайлайды.

Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге Орталық сайлау комиссиясы басшылық етеді. Ал облыстық аумақтық сайлау комиссиялары Парламент депутаттарының сайлауын өңірлерде дайындауды және өткізуді жүзеге асырады.

Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен соң, яғни 13 маусымнан басталды.

Біздің облысымыздан Сенат депутаттығына кандидаттыққа алты адам ұсынылды. Оның ішінде Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниевті Шалқар және Хромтау аудандық мәслихаттары ұсынды. Ал қалған бес адам өздерін өздері ұсынған болатын. Оның біреуі жоғары білімі болмағандықтан заңдылыққа сәйкес құжаттары қабылданбады.

Ал облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев, «Желдорфармация» ЖШС президенті Құдайберген Бекенов тиісті процедуралардан өткеннен кейін тіркелді. Ал қалған екі адам, олар кәсіпкерлер, әзірге құжаттарын әзірлеу үстінде.

Сенат депутаттығына кандидат болу үшін нақты талаптар бар. Отыз жасқа толған, жоғары білімі бар және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ облыс аумағында кемінде үш жыл тұратын адам Сенат депутаты бола алады.

Сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде сағат 18.00-ден кейін басталады және 11 тамызда сағат 00.00-де аяқталады.

Сенат депутаты сайлауындағы дауыс санау нәтижелері облыстық сайлау комиссиясының дауыс беру пунктінде өткізілетін отырысында анықталады.

Сенат депутатын сайлау жөніндегі дауыс санау хаттамасы таңдаушылардың бірлескен отырысында жария етіледі және сайлау күнінен бастап екі күннен аспайтын мерзім ішінде Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.