Денсаулық

15 шілдеде респираторлық қолдау орталығы өз жұмысын бастайды

Бүгінгі күні облыста коронавирус инфекциясымен және пневмониямен ауырып жатқандар көп. Қазіргі таңда тұрғындарды емдеу бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда 15 шілдеде пневмониямен ауырған науқастарды емдеу мақсатында Ақтөбе медицина орталығындағы балаларға арналған стационарға қосымша 100 кереует қойылып, 80 орындық респираторлық қолдау орталығы ашылады. Бұл туралы кеше облыс әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Әсет Қалиев тікелей эфир барысында хабарлады.

Оның айтуынша, соңғы тәулікте облыста коронавирус инфекциясы бойынша 49, пневмония бойынша 63 адам тіркелген. Қазіргі таңда өңірде пневмониямен 1946 адам ауырып, емделіп жатыр, оның ішінде 498-і — аудан тұрғындары. Олар аудандық ауруханалар жанынан ашылған стационарларда ем алуда. Сондай-ақ 728 науқас амбулаториялық жағдайда емделуде.

Қазіргі таңда пневмониямен ауырған тұрғындарға жан-жақты ем көрсетіліп, дәрігерлер үздіксіз жұмыс жасауда. Барлық провизорлық орталықтардағы медицина қызметкерлері толық қорғаныш киімдерімен қамтылған. Өкінішке қарай, бүгінде облыс орталығындағы ауруханаларда жұмыс істейтін 100 медицина қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырып, қазіргі кезде ем алып жатыр. Атап айтсақ, 100 қызметкердің 55-і — дәрігер. Сонымен қатар 77 медицина қызметкері пневмониямен ауырып, емделуде. Осыған байланысты бүгінгі күні еңбек демалысындағы барлық дәрігерлерді жұмысқа тартып жатырмыз, — деді Ә.Қалиев.

Оның айтуынша, облыс орталығындағы жеке клиникалар да пневмониямен ауырған науқастарды емдеп, көмек көрсетуде. Атап айтсақ, жуырда «Дару» емханасында 176 науқасқа арналған провизорлық стационар ашылса, «Әйгерім» клиникасында тұрғындар ем алып, тексерілуде. Сонымен қатар қазіргі таңда М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 600 орындық жатақханасы провизорлық стационар ретінде жұмыс жасауда.

Тікелей эфир барысында тұрғындар дәріханаларда әлі күнге дейін дәрілердің жетіспей жатқандығын, аудандарда птр-тесттен өту мүмкіндігі жоқ екендігін айтып шағымданса, бірқатары қалалық емханалар жұмысын қашан жалғастыратынын сұрады.

Дәріханаларда әлі де дәрі-дәрмек жетіспеушілігі бар. Мұның басты себебі — тұрғындар арасында сұраныстың көптігі. Алдағы уақытта дәрі жетіспеушілігі толығымен жойылады, бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Ал аудандарда пцр-тесттен өткісі келген тұрғындар емдеу мекемелерінде қан тапсыра алады. Олардың нәтижелерін облыс орталығындағы арнайы орталықтар тексеріп, аудандарға жібереді. Сонымен қатар қалалық емханалар жұмысына келсек, қазіргі таңда оларда тек жедел көмек көрсету қызметі ғана жұмыс жасауда. Әзірге тексерулер мен скринингтер кейінге шегерілді, жоспарға сәйкес қабылдаулар тоқтатылды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда емханаларда жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік ауруларымен тіркеуде тұрған адамдарға жан-жақты емдеу, алдын ала көмек көрсету жұмыстары толыққанды жүргізілмей отыр. Дегенмен учаскелік дәрігерлер өз пациенттеріне ем тағайындап, көмектесуде, — деді Ә.Қалиев.

Тікелей эфир соңында Әсет Қалиев облыс тұрғындарынан көшеге шыққанда санитарлық талаптарды қатаң сақтауға, қорғанып, өз денсаулығын күтуге кеңес берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button