Басты жаңалықтар

Науқастанғандар саны азайып, жазылып шыққандар саны артып келеді

Соңғы тәулікте  81 адам өкпе қабынуымен ауруханаға түссе, 161 адам жазылып шықты

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірлік коммуникациялық қызметінде тікелей эфирде өткен брифинг барысында облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы толық ақпарат берді. «Екінші толқыны күзде болуы мүмкін» деген болжамға сәйкес жүргізілген дайындық жұмыстары маусым айында етек-жеңімізді дереу жинап, аты жаман індет пен бұрын-соңды болмаған өкпе қабынуы ауруымен күресте шұғыл әрекет етуге мәжбүрледі.

— Көктемдегі қатаң карантин кезінде екі ай бойы қаладан «шығармай», «ұстап» отырған індет бүгінде, өкінішке қарай, алыс ауылдарға дейін кетіп қалды. Шыны керек,  індеттің маусым айында күрт өсіп кететінін ешкім білген жоқ. Дегенмен осы өңірдің басшысы ретінде дер кезінде әрекет жасап, түрлі шараларды қолға алдық. Қазіргі кезде коронавирустан гөрі өкпе қабынуының жиі таралуы көбірек алаңдатып отыр. Біз қандай шараларды нақты қолға алдық? Ең алдымен, инфекциялық, провизорлық госпитальдерде кереует санын 50 пайызға, яғни бастапқыдан 3 есеге дейін көбейттік. Қазір облыс бойынша науқастарды қабылдау үшін 3300 орын бар. Соңғы аптаның өзінде 924 орындық провизорлық госпиталь аштық, оның бірі Аққағаз Досжанова атындағы медициналық жатақханада, бірі «Дару» медициналық орталығында және «Шағала» шипажайында орналасқан. Қазіргі кезде провизорлық госпитальдердегі орындар 70 пайызға ғана толық. Қорда 715 кереует бар. Сонымен бірге емханалар жанында 725 орындық күндізгі стационарларда да жүздеген тұрғын күн сайын ем қабылдап жатыр. Нәтижесінде осы провизорлық госпитальдер мен күндізгі стационарларда жүргізілген ем нәтижесінде маусым айында мыңға жуық адам ауруынан құлан-таза айығып, емделіп шықты. Яғни нәтиже бар деген сөз, — деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің  айтуынша, инфекциялық, провизорлық госпитальдерде бүгінде 150-ге жуық жасанды тыныс алу аппараты, 19 рентген, 15 компьютерлік томография аппараты бар, барлығы да оттегі көпшіктерімен, концентраттарымен толық қамтамасыз етілген.

Аймақ басшысы әкелініп жатқан дәрі-дәрмектің де жеткілікті екендігін айтты.

— Дәріхана желісінің айналымын толықтыру үшін Ресейден, Үндістаннан дәрі-дәрмектің 16 түрін қосымша сатып алу үшін 500 миллион теңге бөлінді. Дәріханалар дәрілермен күн сайын толығып отыр, бірақ сұраныстың жоғары болуына байланысты тез азаюда.

Соған сәйкес импорттық дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін Ресейдің Орынбор қаласындағы облыстық дәріхана қоймасымен қосымша келісімшартқа қол қойылды. Осыған байланысты провизорлық стационарларға неғұрлым сұранысқа ие он түрлі дәрілік зат жеткізілуде. Бұл бізге қосымша 20 күндік дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, — деді облыс әкімі.

Облыста 573 дәріхана бар, 15 ірі компания дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп отыр. Маусым-шілде айларында тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті дәрілік заттардың 41 түріне бақылау жүргізген.

—  Дәріханалар күн сайын дәрі-дәрмекпен толықтырылып отыр, алайда сұраныс жоғары болғандықтан, кейде қажет дәріні таппай қалып жатқан жағдайлар бар. Қазіргі кезде осы мәселені түбегейлі шешу үшін дәріханаларға келіп жатқан отандық дәрі-дәрмекке қосымша препараттар алу үшін инвесторлармен келісіп, қарызға 500 миллион теңге қаражат бөліп отырмыз. Келесі аптаның ортасына дейін осы қаржыландырудың арқасында дәріханаларға өкпе қабынуын емдеуге қажетті дәрі-дәрмек толық келіп болуға  тиіс. Сонымен бірге өзімізде де дәрі шығару жоспарланып отыр. Ақтөбедегі «ТК Фарм» фармацевтикалық компаниясы гепарин деген вирусқа қарсы препарат шығаруды жоспарлап отыр, оның шикізатын алып беруге қаражат бөлдік. Жоғарыда айтқан 500 миллион теңгенің 250 миллионы осы мақсатқа жұмсалатын болады. Бұйырса, келесі аптаның ортасында бұл препарат та ауруханаларға түседі деген жоспар бар. Осылайша біз тұрғындардың сұранысын толық қамтамасыз етеміз деген ойдамыз, — деді аймақ басшысы.

Жақында облысқа 50 жасанды тыныс алу аппараты алынды. Ол — Көкшетаудағы «Тыныс» акционерлік қоғамында жасалған аппараттар. Сондай-ақ 300 Бобров аппараты әкелінді.

Аймақ басшысы қазан айына дейін тағы да аппараттар алынатынын айтты.

Облыста жыл басынан бері денсаулық сақтау саласына 1,2 млрд теңге қаражат бөлінген. Ол ауруханаларға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға, компьютерлік томографиялар мен басқа да аппараттарды жөндеуге жұмсалған. «Алдағы уақытта жергілікті бюджеттен тағы 650 миллион теңге шамасында қаражат бөлуді жоспарлап отырмыз. Ол дәрігерлерге сыйақы төлеу, қазір қажеттілік байқалып отырған құрал-жабдықтарды алуға жұмсалады. Ал республикалық бюджеттен қажетті дәрі-дәрмекке, дәрігерлерге жеке қорғаныш құралдарын алу үшін 945 миллион теңге бөлінді. Бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы тағы да 300 миллион теңге қаралып отыр», — деді облыс әкімі.

Облыста бұл дертпен күресу үшін тек инфекционист дәрігерлер ғана емес, барлық дәрігерлер тұтас жұмылдырылды. 2800-ден астам медицина маманы тікелей жұмыспен айналысып жатыр. 100-ден аса оқытушы-профессорлық құрам да індетпен күреске білек сыбана кірісті.

— Медициналық университеттің түлектері де түгелдей  індетпен күреске тартылды. Ауруханаларда, емханаларда мамандар жеткілікті, — деді облыс әкімі.

Өкініштісі, облыс бойынша қауіпті індет жұқтырғаны салдарынан бір медбике, түрлі деңгейде қызмет еткен 4 медициналық қызметкер қайтыс болды. «Олардың отбасына жәрдемақы беру мәселесі комиссия өткеннен кейін шешіледі», — деді аймақ басшысы.

О.Оразалин ауруханаларда орын жетпей, науқастардың дәлізде жатып қалып жатқан жағдайлардың болмағандығын, орын толық жеткілікті екендігін де алға тартты. Жақында өзі провизорлық госпитальдерге барып, жағдайды көзімен көріп, дәрігерлермен, науқастармен кездескенін де айтты. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті базасында ашылған COVID-19 және пневмониядан емдеу мәселелері жөніндегі call-орталығының да тұрғындарға қашықтан кеңес беруде өте тиімді жұмыс істеп жатқандығын жеткізді.

— Осындай жұмыстардың арқасында соңғы аптада науқастар саны бәсеңдеді. Маусым айының соңғы екі аптасында күн сайын 120-130 адам түскен болса, бүгінде 70-80 адамға дейін азайды. Ауруынан айығып, жазылып шығып жатқан жерлестеріміздің де саны артты. Мәселен, соңғы тәуліктің өзінде 81 адам өкпе қабынуымен аруханаға түссе, 161 адам жазылып шықты. Соңғы аптада көңілге медеу боларлық осындай тенденция бар, — деді облыс әкімі.

Облыс әкімі осындай сын сағатта қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге, кәсіпорын басшыларына алғысын білдірді. Мәселен, «Қазхром» компаниясы госпитальдерді толықтай оттегі баллондарымен қамтамасыз етсе, Ақтөбе мыс компаниясы, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы, «Ақтөбе хром қосындылары» зауыты, «АкТеп» компаниялары қаржылай қолдау көрсеткен, басқа да кәсіпкерлер, қоғамдық тамақтандыру орындары басшылары медицина мамандарын, науқастарды жеке қорғаныш құралдарымен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге барынша қолдау көрсетіп жатыр, еріктілердің жұмысы да айтуға тұрарлық. Аймақ басшысы әсіресе уақытпен санаспай еңбек етіп жатқан медицина мамандарына айрықша алғыс білдірді.

Пандемияның облыс экономикасына тигізген әсері туралы да айтылды. Бұл жайт тек біздің өңірге ғана емес, әлем елдері экономикасына әсер еткені белгілі. Көптеген экономикалық қарым-қатынастардың тоқтағаны салдарынан бюджетке түсетін кіріс көзі азайды. Мұнай бағасының төмендеуі, өнімнің жалпы көлемінің азаюы, яғни сұраныстың болмауы біздің өңірдің экономикасына әсер етуі мүмкін.

— Бірнеше айға созылған карантиндік шаралар, әрине, экономикаға әсер етпей қоймады. Алайда төтенше жағдай кезіндегідей қазір де маңызды кәсіпорындардың жұмысы тоқтаған жоқ. Жыл аяғына дейін пандемияның өңір экономикасына теріс әсерін жеңілдету мәселесін қарастыратын боламыз. Аудандарды аралап, ауыл-аймақтың жағдайын бағамдап, жер-жердегі кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге мән беріп отырмыз. Себебі бұл пандемия, ең алдымен, кәсіпкерлерге қиын тиіп отыр. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасына» сәйкес іс-шаралар да қолға алынып жатыр. Аталған бағдарламаға сай, өңірде құны 46 миллиард теңге болатын 300 жоба жүзеге асырылып жатыр, 11 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Осындай жұмыстардың арқасында біз негізгі экономикалық көрсеткіштерді сақтай алдық. Алты айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі — 98,9%, ауыл шаруашылығы — 103,2%, инвестиция —  111,8%, құрылыс — 103,3%, тұрғын үй құрылысы 112,9% болды, яғни экономикалық жағдай тұрақты, — деді өңір басшысы.

Оңдасын Оразалин тұрғындар арасында айтылып жүрген «мектептерді де госпиталь есебінде пайдалану» деген әңгіменің жай қауесет екендігін, ондай жоспардың мүлдем болмағандығын айтты. Аудандардағы, ауылдық жерлердегі қауіпті індетпен күресте ресурстың жеткілікті екендігі, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселелері де айтылды.

— «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»: ел азаматтарына рақмет, қол ұшын созып жатқан барша ақтөбеліктерге мың алғыс. Ел азаматтарының арқасында осыдан 3-4 апта бұрын байқалған мәселелердің түйіні біртіндеп шешіліп келе жатыр. Науқастанғандар саны азайып, жазылып шыққандар саны артып келеді, бұл — көңілге медеу болатын жағдай. Дегенмен бізге әлі де болса босаңсуға болмайды. Сақтанбасақ, бұл ауру ешкімді де аямайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Үндеуінде шектеу шараларын мықтап ұстануға, індетпен күрестің нәтижелі болуы әрқайсысымыздың жауапкершілігімізге байланысты екендігін, дегенмен уайым-қайғыға салынбай, салмақты, сабырлы болуымыз керектігін айтты. Ел арасында айтылатын жалған әңгімелерге сенбей, бір-бірімізге, уақытпен санаспай өмір үшін күні-түні күресіп жатқан дәрігерлерге қолдау көрсетейік, құрметтейік, жылы сөзімізді аямайық, — деді облыс әкімі.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button