Жаңалықтар

4720 рет тексеру жүргізілді

Мобильдік топ

Облыс әкімдігі жанынан құрылған мобильдік топ арнайы автокөлікпен қаланы аралап, сауда, қызмет көрсету орындарында санитарлық талаптың сақталуын және қаулыда көрсетілген талаптардың қаншалықты орындалып жатқанын бақылап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Топ құрамында мемлекеттік, құқық қорғау органдары, журналистер және үкіметтік емес ұйым өкілдері бар.

Арнайы маршрут бойынша топ мүшелері  Ақтөбе қаласының «Болашақ», «Юнис сити»,  Әуе қалашығы аудандарының аумағында орналасқан сауда, қызмет көрсету орындарын аралады. Барлығы он бестен аса нысанға бақылау жүргізілді. Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес сағат 21:00-ге дейін жұмысын тоқтатпай, саудасын қызу жүргізіп және санитарлық талаптарды сақтамаған бірнеше азық-түлік дүкендері анықталды. Оларға топ мүшелері профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жалпы мобилдік топ наурыз айынан бастап жұмыс жасады. Мақсат —  халық көп шоғырланатын саябақ, тойханалар,  сауда, қызмет көрсету орындары жұмыстарының Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес  орындалуын қадағалау, мониторинг жүргізу. Егер талап бұзылған жағдайда тиісті орындарға хабарлау үшін сенім телефондары жұмыс жасады. Қазіргі таңда мобилдік топ кестеге сәйкес жұмысын жалғастырып келеді.

Жалпы аймақта 5 облыстық, 25 қалалық және 168 аудандық мониторингтік топ құрылды. Осы уақытқа дейін барлық топ мүшелері  4720 рет тексеру жүргізіп, 1224 ескерту берген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button