Пікір

Өзіңді сақтау арқылы жан-жағыңды сақтайсың

Рысжан ІЛИЯСҚЫЗЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері:

— Еліміз тыныш, халқымыз аман болса, бұл індетті де жеңерміз. Жалғыз біздің елімізге ғана емес, бүкіл әлем халқының басына келген осы сынақтан абыроймен өтейік  деп күнде дұға  етемін.

Осы жағдайда  ауызбіршілігімізбен, еңбекққорлығымызбен, ақылымызбен, кеңпейілділігімізбен, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қиындықтан тастүйін өте білуіміз аса маңызды. Ол үшін не істеу керек? Ол үшін әр адам жеке басының сақтық шараларына мұқият қарау керек. Жасы болсын, жасы үлкені болсын, ретсіз көшеге шықпай, көрші-көлеммен бұрынғыдай етене жақын сөйлесіп, араласуын доғарғаны жөн.Той-домалақ, қонаққа бару, тіпті туысыңның үйіне, басқа қалалардағы балаларыңа қыдырып баруды тоқтата тұрған дұрыс. Осылайша әрбір адам  өз басын сақтау арқылы қасындағы ет жақындарын, бала-шағасын аман сақтайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елге Үндеуінде «Барлық азаматтарды тағы да  карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын.  Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен  жауапкершілігіне байланысты. Бұл – өте қауіпті, батпандап кіріп,  мысқалдап шығатын дерт» деп барынша қарапайым да, түсінікті етіп көрсетілген.

Жасыратыны жоқ,  сақтық шараларын сақтауға келгенде, біздің салақтық танытып жатқанымыз және рас. Дәрігерлердің, жауапты мамандардың айтқан ақыл-кеңестеріне құлақ түрмейміз, көшеге  бетпердесіз шығамыз, тазалық ережелерін сақтауға құлықсызбыз. Көп жағдайда бұл індет басқа жақта өтіп жатқандай немқұрайдылық танытып келеміз.  Қазақта «Сақтансаң — сақтармын!» деген  мағынасы терең сөз бар. Мұның салмағы өте  ауыр. Осы сөзді қазіргі уақытта мұқият зердемізге түйіп алғанымыз жөн.

Біздер, негізінен, үйде отырған адамдармыз ғой. Үлкен кісіге де үйде шаруа табылады. Кітап оқимыз, бұрынғы жинаған материалдарымызды қайта зерделейміз, немерелерімізге кітап оқытып, арасында өзіміз де оқып, компот, тосап жауып жатқан келінімізге  көмектесеміз. Ең бастысы, қиын күндер де артта қалып, арты жақсы боларына сенемін. Жақсы, ізгі ой ойлап, бір-бірімізге шын жанашыр болайық! Бұл күндер де артта қалар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button