Пікір

Бір-бірімізге демеу болайық

Жақыныңа жанашыр бол!

 Арман БЕРДАЛИН,

ақын, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі:

— «Тәртіпке бағынған құл болмайды», — деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, қазіргідей ауру жайлаған қиын жағдайда тәртіпке бағынғаннан ешқайсысымыз кішірейіп, төмендеп қалмаймыз. Керісінше, тәртіпке бағынғаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Сондықтан барымызша сабыр сақтап, ешқайда шықпай, үйде отырған абзал. Өзімізді, өзіміздің айналамызды сақтау арқылы біз індеттің жойылуына, кері шегінуіне үлесімізді қоса аламыз.

Ол үшін не істеу керек?

Ең алдымен, өз басыңызды қатерге тігіп, көпшілік шоғырланған жерге, той-томалаққа, жаназаға, садақа-астарға бармай, өзіңді шектеуің керек. Өзіңізге жаныңыз ашымаса да, басыңызға қатер төнсе, үйде аңырап қалатын ата-анаңызды, қаңырап қалатын шаңырағыңызды ойлауыңыз керек. Үйіңізде қалған бала-шағаға да қауіп төндірмеу керек. Яғни аса бір қауырт шаруа болмаса, сыртқа көп шықпаған дұрыс.

Қателеспесем, жазушы Марк Твеннің сөзі болу керек: «Ыстық пешке бір отырып қалған мысық екінші қайтара ыстық пешке де, суық пешке де отырмайды», — дейді. Қазақ «Аузы күйген үрлеп ішеді» дейді. Әлеуметтік желілерде адамдардың шаңырағында болып жатқан қайғылы хабарларды күн сайын оқып, қабырғамыз қайысып отыр. Мына індеттің кесірінен жақынынан айырылмаған адам жоқ шығар қазір. Осының бәрін көре, ести, біле отыра, жайбарақат қонаққа барып, өзі де той жасап жатқандарды еш түсіне алмаймын…

«Жақыныңа жанашыр бол!» деген ұранға әркім өз үлесін қосып, бәріміз жұмылып жұдырық болып, елдігімізді, бірлігімізді көрсетуіміз керек. «Басшылар қайда қарап отыр?» деген бос сөзді айта бермейік, себебі бұл — тек біздің елде ғана емес, тұтас әлемде болып жатқан жағдай. Тіпті азуын айға білеген алпауыт Американың өзі абдырап отыр, бүкіл технологиясы, медицинасы дамыған мемлекеттердің өзі дәрменсіздік, қауқарсыздық танытуда. Бұл індет қауіпті қарсылас болып отыр. Сондықтан онсыз да қиындыққа тап болып отырған ел басында жүрген адамдарға демеу болар сөз айтудың орнына біз қазір «жау жағадан алғанда бөрі етектен аладының» керін келтірмейік.

Әлеуметтік желіні ашудың өзі қазір қорқынышты. Осындай бірігіп, бір жеңнен бас шығаратын уақытта бір-бірімізге ауыр сөз айтпаған абзал.

«Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін қабар» демекші, бұл жағдайдың өзі  адамдардың ниетінің бұзылуының, адамгершіліктің азаюы, алдау-арбаудың өршуінің салдары шығар деп ойлаймын. Мынадай мысал бар: баяғыда бір жалғыз ана мен бала өмір сүріпті. Екеуі қорасындағы жалғыз сиырды сауып, тірлік еткен. Бір күні қатты жаңбыр жауып, сиырын сел ағызып кетіпті. Анасы күйініп жылағанда, баласы: «Анашым, несіне жылайсыз, сіз жұртты алдап, сүтке су қосып сататын едіңіз, сүтке қосқан сол су сел болып, сиырыңызды алып кетті», — депті. Яғни ештеңе де тектен-тек болмайды.

Бұл індет бізге көп нәрсені түсіндіргендей болды. Көптеген құндылықтарымызды қайтадан бағамдауға тырысуымыз керек. Бұған дейін бір-біріміздің, тума-туыстың қадірін білмей кетсек, қазір туыстарды айтпағанда, есіктің алдындағы көршілерімізді көруге зар болып қалдық.

Біз… тіпті осы бүгінгі жағдайдың өзінен ғибрат алуымыз керек. Баяғыда бір әңгімеде «Бұған Қиясбайдың емес, Абайдың көзімен қараңызшы» дегеніндей,  мен сіздің басылым арқылы тұрғындарға бұл жағдайға да даналықпен қарауды, бұл жайттан да бір ғибрат алуды сұраймын. Той-томалаққа тыйым салса, одан да жақсылық көруіміз керек…

Ертеде бір ұстаз шәкірттерімен жолға шығыпты деседі. Жолда келе жатса, алдарынан үсті-басы кір-қожалақ, қаңғыбас адам шығыпты. Шәкірттерінің бірі «үсті сасық» десе, екіншісі «киімі кір», үшіншісі «денесін күс басып кетіпті» деп, неше түрлі жағымсыз сөздер айтқанда, ұстазы тұрып: «Тісі неткен аппақ еді!» — депті… Бұл — кез келген жағдайдан жақсылықты, сәулені іздеу керек деген сөз. Мынау әлемді жайлаған коронавирус дертінен біз қанша жапа шегіп жатсақ та, жақсылықтан күдер үзбеуіміз керек…

Бұл жайт біздің тұтас өмірге деген көзқарасымызға өзгеріс енгізді, біз жақындарымызды қадірлеуді үйрендік, уақыттың, денсаулықтың қадірін түсіндік. Сондықтан осындай құндылықтарымызды сақтауға тырысып, өзімізге, жақындарымызға жанашыр болайық.

Басқа жаңалықтар

Back to top button