Әлеумет

Бұқара

«Ақтөбе»-85

УАҚЫТ ЖӘНЕ ҚАЛАМГЕРЛЕР

Өзіміздің «Ақтөбе» газетінің өмірге келіп, жұртшылықпен араласа бастағанына осы жылдың 7 маусымында 85 жыл толады екен.

Осы кезең ішінде газет атауы заман тынысына орай әлденеше рет өзгеріп, әрқилы мазмұнға көшкені, басылымда көптеген қаламгерлер қызмет еткені елге белгілі.

Мысалы, осыдан отыз алты жылдай бұрын өмірден өткен, өмірді жан-жүрегімен сүйетін аяулы ағайым Тобық та өз шығармашылығына қоса осы газетте біраз жылдар бойы жұмыс жасаған еді. Денсаулығы мығым болып, Аллам өмір бергенде, ел-халқына тарту етер шығармашылық сыйы, қаламдастары мен інілерін, өзінен кейінгі сан мыңдаған ұл-қыздарды сүйсінтетін еңбектері көп болар еді. Анда-санда өз редакциясына келіп-кетіп, газеттің туған күндеріне немесе түрлі мерекелік шараларына қарт жазушы ретінде қатысып, ой-пікірін ортаға салып шаттана күліп, жарқылдап жүрер еді-ау деген арман кей кездері жүректі тілгілейді.

Сондай-ақ, күні кеше көз алдымызда жүріп, өмірден өткен Тобық ағасының еңбектерін есіне алып, қалам тербеген «Ақтөбе» газетінің  белді қаламгерлері, азаматтығы мен адамгершілігі мол Әмір Оралбай, Әлімбай Ізбай сынды аяулы бауырларды да газеттің қадірлі мүшелері ретінде осы 85 жылдық мерейтой қарсаңында еске алып отырмыз. Алды өздеріне, арты бала-шағаларына құт болып, газет оқырмандары мен ұжым мүшелерін Алланың рақымымен желеп-жебеп, демеп жатсын дегіміз келеді. Аяулы бауырларымыздың рухтары риза болғай!

Өзіміз де өмір бойы осы газеттен нәр алып, түрлі хабарларға күн сайын қанығып келе жатқан оқырманның біріміз. Соңғы жылдары газетке жыл сайын үзбей жазылып, үйге келуін асыға күтеміз. Бұл газет облыс өңіріндегі барлық оқырмандардың, әсіресе, зейнеткерлердің рухани жан азығы екені белгілі. Себебі газет өте көркем, түрлі айдарлар бойынша тың тақырыппен шығады.

Көңілге қонымды әңгімелермен, жеке тұлғалардың өмір жолдарымен, шағын да қызықты түрлі мақалалармен танысып, құттықтауға толы лебіздер мен өмірден өткендерді еске алуларды да осы газеттен  оқып-біліп отырамыз. Атақты ақын-жазушылардың, жас талапкерлердің өлең-жырларын оқып, мәз болып қаламыз. Жалпы, газет өмірде кездесер бар мәселелерді назардан тыс қалдырмай қамтып келеді деп ойлаймыз.

«Ақтөбе» газетінің оқырман қолына тигенге дейін жасалатын жұмыстардың қиындығы мен қарбалас сәттеріне мойымай газет шығарушы қаламгер бауырлармен, жас жорналшы ұл-қыздарымыздың, осы салада түрлі жұмыс істеп жүрген азаматтарымыздың еңбектері ұшан-теңіз екенін біз жақсы білеміз. Бұл бағытта оқырмандарға сапалы да салиқалы өнім беріп отырған «Ақтөбе» газетіндегі барлық қымбатты ұжым мүшелерін газеттің 85 жылдық мерейтойымен отбасымызбен бірге құттықтаймыз. Сіздерге денсаулық, саналарыңа саңлақты сарқылмас ой, шығармашылық табыс, ұзақ өмір тілейміз. Оқырмандарыңыз көбейе берсін!

Әсем ЖАРМАҒАМБЕТОВА,

зейнеткер.

Үлгі

Файзулланың тәуекелі

Самара-Шымкент автокөлік тас жолы бойында Қалыбай деген ауыл бар. Ақтөбеден 350 шақырымның бедерінде, аудан орталығы Ырғыздан жүз шақырымдай. Бір кездегі партияның ХХV cъезі атындағы кеңшар фермасының орталығы. Ұзын жолдың бойында орналасқандықтан автокөліктерге май құю бекеті, шайхана жұмыс істеді. Кеңес Одағы дәуірінде ары-бері қисапсыз ағылып жатқан алуан ұлттың адамдары осында аялдап, тынығып алатын.

Қазір анда-мұнда көшкендерден елу үйдің шамасындай қалды. Бір тәуірі, орталау мектебі интернатымен бар.

Файзулла Абдолов – ауылдың байырғы тұрғындарының бірі, сонау Нұрадан көшіп келіп, бастапқыда автокөлік жүргізді, 1992 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін ширек ғасырдай «К-700» тракторының «құлағында ойнады».

Ауыл шаруашылығын жекешелендірудегі асығыстықтар талайды түсінбестікке салғаны, әбігерге түсіргені рас. Ұпайды көбірек жинағандар да ұтылып, сан соққандар да болды. Файзулла болса мәселені тиянақты шешуге тырысты. Сөйтіп, тиесілі пайына орталықтан тоғыз шақырым жердегі бес отар қой қыстатылып келген «Тепсең» базын, тас жол іргесіндегі кеңшар күшімен шпалдан тұрғызылған шайхананы өз меншігіне қаратып алды. Базды алуын алды-ау, келгенде кешегі қоралардан іргетас қана қалғанын көріп, көңілі құлазығаны бар. Болар іс болды, шегінерге жер жоқ, жігіт боп қалған ұлдарын жұмылдырып, қарабурадан қора тұрғызды, төбесін жапқан соң қабырғасын іш жағынан темір тормен құрсаулап тастады. Әрі жылы, көп шығын жұмсалған жоқ, мал сүйкеніп, ауыз сала алмайды.

Қаршадайынан техникамен жағаласқанның пайдасы – бір «МТЗ-80», бір «Т-40» тракторларын, үш шөп машинасын, екі кабинасы бар бортты «УАЗ-482» автокөлігін тоқтаусыз жүргізіп, малға азықты уақытында дайындап үлгереді.

Әке ниетін жақсы ұққан келін-балалары Ерлан мен Алтынгүл, Темірлан мен Лена басқа көп құрбыларынан бөлекше қылуа көрсетіп, ауылдағы шаруаны өз қолдарына алды. Қазір «Темірлан» шаруа қожалығының бағымында үш жүздің үстінде қой-ешкі, 80 ірі қара, жиырмаға жуық жылқы бар. Шайхананың тірлігін ақсақалдың қызы Күлән үйлестіріп отырады.

Жаз айларында жиырмаға тарта сиырды сауып, сепараторға тартып, май шайқап алу қожалықтағылардың дағдысына айналды. Күзге салым тай өгіз, құнан өгізді сұрыптап, базарға шығару да жақсы нәтижесін көрсетіп келеді. Ет, сүт, май өздерінен болғасын дастарқан да ажарлы, екінші жағынан қаладағы балалары, ауылдағы өздері күнделікті жұмсауға қаражаттан тарықпайды. Бір баласына қаланың орталық көшелерінің бірінен пәтер сатып алып, сыңғырлатып жөндетіп қойды.

– Мынау дағдарыс дегенің қай елге де оңай тимей жатқан  түрі бар, – деді ақсақал бізбен  әңгімесінде. – Осындайда жастар қалада бос жүріп қалмай, ауылға ойысқаны дұрыс. Қайсыбірі айтарлықтай ақша төлеп, пәтер жалдап отырған көрінеді. Жұмыс қысқарды, айлық жоқ. Бос селтеңбай тірліктен қылмыстық жолға түсіп кетуі мүмкін.

Файзекең: «Өзім аман жүрген уақытта балаларымды меншігімізге алған жерде егіс салу тірлігіне бейімдесем…», – дейді. Кешегі кеңшар кезінде бұл алқапта арпа тұқымы себіліп, түсімі тым-тәуір болғанын айтады.

Тәуекелшіл қарттың көркем қиялы жүзеге асқанын тіледік.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

Лебіз

Ағаны сағыну

Саналы ғұмырын мәнді де сәнді қылып өткізген, «Атаның ұлы болмай, адамның ұлы болсын» деген халықтың дана сөзіне лайық боп осы өмірден өткен ел ағасы Амантай Әліпов туралы сөз қозғағым келіп отыр.

Ол кісінің өмірден озғанына да бір жылдың жүзі болып қалды. Аға орны толар емес. Жаны жайсаң ағаларым азайып бара жатқандай сезінемін.

Амантай ағаны соңғы көруім туған күнімен құттықтап баруым еді. Сыйлығымды алып, інім Дархан екеуміз өмірден озатынын білгендей арнайы барып құттықтадық. Біздің келгенімізге балаша қуанып, өте риза болды. Ұлы Серікке шкафты аштырып, орден-медальдары тізілген костюмін алғызып Дарханға: «Сипа Дархан, сен де атаңдай еліңе еңбек етіп сыйлы азамат бол, еліңе еңбегің сіңіп, омырауың осындай орден-медальға толсын», – деп батасын берді.

«Аталарың Амантай ауырады екен» деген сөзді естіп жүргем, көзіммен көргенімде «бәрі бекер, атамның кескін-келбеті керемет» деген ойда болдым. Атам білдірмеген екен ғой, артынша қайтыс болғанын естігенде төбеден жай түскендей болды.

2007 жылы менің отбасымда үлкен қуаныш тойы болды. Үлкен ұлым Дарын Алматыдан жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіріп, инженер-энергетик мамандығымен Ақтөбеге келсе, кіші ұлым Дәурен №36 орта мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Қазақстан-Британ техникалық университетіне грантпен түсті. Сол тойдың алғысөзі Амантай ағаға берілді. Біз бір тұқымнан болатынбыз. Соларды айта келе, біздің отбасыға лебізін білдіріп, жолдасым Саматқа шапан жауып, «Өмірімнің өлшемі» атты кітабын сыйға тартты. Абзал ағаны еске алғанда сол кітапты ара-тұра қолыма алып, суреттерін қарап қоямын.

Мен өткір сөздің иесі болған Мазы Бұзаубайдың шөпшегімін. Сол Бұзаубай атамыздың 170 жылдығы Ырғыз өңірінде облыс көлемінде аталып өтті. Сол шараға Амантай атаның сіңірген еңбегі орасан зор. Әрине, сол кездегі Ырғыз ауданының әкімі Кенжеғали Толықбаев бастаған аудан азаматтарының, облыс орталығындағы азаматтардың, Шалқар, Хромтау, Қарабұтақтан келген ағайын-тумалардың еңбектері де осал емес. Бәріне де ризамын, Ата рухы бәріңізді қолдай жүрсін!

Өмірінің ақырына дейін Амантай ата осы еске алу шараға менің үлесімнің зор екенін маған айтса, мен ол кісінің еңбегінің зор екенін өзіне айтушы ем. Сөйтіп, ағайынды екеуміз бір-бірімізге сілтеп күлуші ек. Тіпті, кітабында да осы іске мұрындық болғанымды екі жерде жазып жіберген.

Амантай Әліповті көпшілік біледі. Мінезі жұмсақ, қашан көрсем де күлімсіреп тұратын. Газет бетінен, теледидардан түскен жоқ. Себебі ол зейнеткер жасында болса да облыстық мәдени шаралардың ортасында жүрді. Ол Жуковтың жауынгері болатын. Нағыз Ленинград блокадасын басынан өткерген, еліміздің өркендеуіне маңдай терін аямай төккен қазақтың аяулы ұлдарының бірегейі еді. Сондықтан болар, ол кісі 80 жасқа дейін еңбек етті. Себебі ол керек адам болды.

Осы ағалар жүріп өткен сара жолдармен үмітті жастарымыз жүріп өтетініне кәміл сенемін. Аға, Сіз жүріп өткен жолдармен тіршіліктің қиындығы мен қызығын бастан кеше, ел ісіне белсене араласа отырып, ұрпақтарыңыз жапырағы жайылып мәңгі жасай жүріп отырады. Сіздің айтқан ақылдарыңызды, әзіліңіз жарасқан қуақы сөздеріңізді, сіздің жарқын, нар тұлғадай бейнеңізді әр кез естен шығармаймыз. Сізді сағына еске ала отырып, осы жолдарды қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім, асқар таудай арқа сүйер болған Амантай ата. Жаныңыз жаннатта болып, ұрпақтарыңызды жебей жатыңыз.

Светлана МУАФЫҚОВА.

Мамандық

Алдамаған арман

Әскери киімді көбінесе ер-азаматтардың үстінен көріп, көзіміз үйренгендіктен бе, шаруамызбен әкімдікке барғанда алдымызда полиция формасымен күлімдеген қара көз қазақ қызының тұратыны біртүрлі көңілімізге жағатын.

Бір реті келген күні жолығармыз деген ойда жүретінмін.

Әңгімелесе келе Рахиланың тек сырт бейнесі ғана емес, ішкі жан дүниесінің де әдемі екеніне көз жеткізгендей болдым.

Полиция сержанты Рахила Бисенқұлова Алға ауданы Қарабұлақ ауылында туып-өсті. Барлық балалар секілді мектепте дәріс алып, оны тәмәмдап шықты. Тек бір өзгешелігі, басқа қыз балалардай әнші, мұғалім, тігінші немесе тағы басқа әйел затына тән мамандықты таңдамай, полиция қызметкері болуды армандады.

– Мен бала кезімнен әскери адамдардың киіміне қатты қызығатынмын. Өскесін қалайда тап осындай киім кисем деп өзгеше армандайтынмын, –  дейді Рахила.

Мектеп бітірген балауса қыз Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің заң факультетінің кеден мамандығына оқуға түсті. 2005 жылы оқуын аяқтаған Рахила Ақтөбе қаласындағы «Күзет» бөліміне күзетші болып жұмысқа орналасады.  Сол жылы жұмысқа Жаңажолға жіберіледі де, содан өткен жылдың мамыр айына дейін вахталық әдіспен жұмыс жасайды.

Рахила жай қызметкер ғана емес, алдыңғы қатарлы полиция қызметкері. 2008 жылдың шілде айында мамандандырылған күзет қызметкерлері арасында облыстық сайыс өткізіліп, Алға ауданы атынан полиция сержанты Рахила қатысқан болатын. Үш күнге созылған бұл байқау үш кезеңге бөлінді. Алғашында арулар білімдерін тексеру кезеңінен өтсе, екінші бөлімінде спорттық қабілеттерін байқатты, ал үшінші кезеңде  «Макаров» тапаншасынан ату сайысы өткізілді. Полицей әйелдер арасында өткен сол «Үздік маман» байқауында әдемі келіншек намысты қолдан бермей үшінші орынға ие болып, грамотамен марапатталды.

2006 жылы осы қызметте жүріп, жан жары Нұрболды кездестіріп, екеуі отау құрды. Жолдасы Нұрбол Нұрмағанбетов те полиция қызметкері.

Қазіргі таңда ерлі-зайыпты екі жас Алға ауданының әкімдігінде күзетшілік қызметінде жұмыс жасайды. Шаңырағы екі жасар сәбиі Мансұрдың күлкісіне толып отыр.

Бибінұр СЕЙІТОВА,

Алға ауданы.

Алғыс

Үмітті сөндірмеген үш сағат

Өткен жылы қарашаның 3-і күні облыстық туберкулезге қарсы диспансердің  өкпеден тыс бөліміне ауыр халде келіп түстім. Қойылған диагноз – өкпеге су жиналған. Тиянақты тексерулерден соң диспансердің бас дәрігері Н.Ағзамов пен бөлім меңгерушісі Н.Қалмақов ота жасау керек деп шешті. Себебі екі апталық терапиялық ем оң нәтиже бермей, жағдайым күрт төмендей берді. Тәуекел етуге тура келді. Әрине, бұл тәуекелге Н.Ағзамов пен Н.Қалмақов сынды дәрігерлердің жоғары деңгейдегі біліктілігіне сенгендіктен бел будым. Отаны медицинаның әлемдік дәрежедегі соңғы жетістіктерінің бірі видеоторокоскопия арқылы жасады. Оташы Н.Қалмақов, көмекші А.Ғұбайдулина, анестезиолог Қ.Рзағазиев үш сағат бойына менің өмірім үшін арпалысты. Еңбек зая кеткен жоқ, ота сәтті аяқталды. Отадан кейінгі мұқият тексерулер менде туберкулез таяқшалары жоқ деп тапты.

Бас дәрігер Н.Ағзамовтың талабымен алынған медициналық жаңа құрылымның арқасында қаншама науқасқа сәтті ота жасалып, айығып шығып жатыр. Ресей медицина институтының түлегі өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін, ізденімпаз, тәжірибелі оташы Н.Қалмақовтың дертімді дәл тауып, күндіз-түні демей демалыс күндерінде де, тіпті Құрбан айт күні де менің денсаулығымды қатаң бақылауда ұстап, дұрыс ем қолданғанының арқасында 43 күнде құлан-таза айығып шықтым. Әрине, отадан кейін ерекше күтім жасаған, әзіл-қалжыңдарымен жанымды жадыратқан медбикелер мен мейірбикелерге де алғысым шексіз.

Бұл күндері ем-домның да түрі көп. Ақ халатты жандардың да білім деңгейлеріне кейде қарның ашады. Бірақ осы замандағы аз жалақысымен үлкен жауапкершілікті арқалап жүрген Н.Қалмақовтай дәрігердің арамызда жүргеніне риза боласың. Ақ халатты абзал аға Нығметтула Қибашұлы, сізге зор денсаулық, отбасылық бақыт, кәсібіңізге береке тілеймін! Еңбегіңіз Алладан қайтсын. Осы бөлімнің барша ұжымына мерейлеріңіз әрқашан үстем болып, еңбектеріңіз жана берсін демекпін!

Ізгі тілекпен, емделуші Жазира НҰРЛЫБАЙҚЫЗЫ.

Тілек

Еңсемізді биік ұстайық!

Біз қарға тамырлы, бөрі тектес қазақпыз, Қытай, Үндістан секілді көп емеспіз, шоқтай шашыраған аз-ақпыз. Осындай жерде туып-өскен ұрпақтар бақыт пен шаттыққа кенелсін. Сөзімді жалғап, ойымды жинап, сары алтындай салмақты, айшықты да айбарлы сөздермен бастасам, үш жүзге бөлінген еліміз бар, қазақ деген тегіміз бар, дана халықпыз. Жаңадан өркен жайған жас қаламыз бар, «Бәйтерегі» жарасқан Астанамыз бар, ипотекалық несиеге беретін баспанамыз бар. Ал ел жайын айтар болсам, сол несиені бұзау қылып алып, сиыр етіп қайтаратын заман болып тұр. Дағдарыс өтер де кетер. Дағдарыста еңсемізді биік ұстайық!

«Құлаш бойым құласа да, тіккен туым құламасын», – дейді Шыңғыс хан.

Шыңғыс хан айтқандай, тіккен туымыз құламасын. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», ендеше, қазағымның шаңырағын уық боп тірейтін азаматтар көп болғай, еліміз қуатты, күніміз шуақты болсын!

Айбол САҒЫНЖАНҰЛЫ,

Ә.Молдағұлова атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің ІІІ курс студенті.

Спорт

Тегеуріні мықты төл ойын

Абайдың: «…Тегінде баласы, адам баласынан ақыл, ғылым… деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық…», – деген сөзі бар. Ақыл-ой сайыстарының құны қашан да жоғары болған. Қазір спорт түрлеріне қосылған осындай ақыл-ой сайыстарына жылдар мен ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан үндінің шахмат, орыстың дойбысымен қатар қазақтың тоғызқұмалағын да қосуға болады. Ұлт басына түскен зобалаңдарға байланысты ұмыт қалған төре ойынымыздың қайта жандануы салт-санамыз жаңғыра бастаған өткен ғасырдың 70-жылдары елдің оңтүстік өңірлерінде бастау алды. Басы-қасында басқалармен бірге ұлт намысын ту еткен, елге танымал Несіп Жүнісбаев жүрді. Біздің облысқа бұл ойын сол 80-жылдардың аяғына таман қайта оралды. Темір ауданының Қайыңды ауылында мектеп мұғалімі Төлеген Жүсібәлиев шәкірттерін даярлай бастады. Біраз жыл республика көлемінде Төлеген шәкірттері облыс намысын қорғады. Төлеген Дәндібаев, Арал Ашықбаев сияқты белді ойыншылары болды. Бүгінде тоғызқұмалақтың облыстағы даму жағдайы жақсы. Қазір бұл ойынның тізгінін ұзақ жылдар бойы өз шәкірттерін тәрбиелеп жүрген ұстаз Нұршин Қабидолла ұстап отыр. Бастапқы жылдары республикалық жарыстарда оңтүстік өкілдері бәйгені шаппай алып жүрсе, бүгінде Павлодар, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарымен бірге ақтөбеліктер де өз жетістіктерімен алғашқы бестіктен көрініп жүр. Мысалы, өткен жылы Шымкентте өткен ел біріншілігінде ерлер арасында Нұрбек Қабиев күміс медаль алса, қыздар арасында Алмагүл Тәкішева үшінші орын алып, қола медаль тақты. Астана қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен чемпионатта Аят Жүсібәлиева пен Зорбай Төлегенов (екінші жыл қатарынан) чемпион атанды. Қараша айында Алматыда болған жастар біріншілігінде классикалық тоғызқұмалақтан Аманбек Өндірбаев екінші орын алса, блиц-турнирден  Салтанат Қозыбағарова чемпион атанды. Биылғы ақпан айының соңында Түркістан қаласында өткен Қазақстан кубогы жарысында облыс құрамасы үшінші жүлделі орынды иемденді.

Қазір облыста 3 спорт шебері, 20 шақты спорт шеберлігінен үміткер бар. Төрт бірдей ойыншы өз тақталарында екінші орын алды. Қандай деңгейдегі жарыс болмасын әділ қазылық етуге сенім артар он шақты төрешілеріміз бар. Мысалы, Алматыда өткен жастар чемпионатында Қабиболла Нұршин бас төреші болса, күні кеше Түркістан қаласында өткен Қазақстан кубогы жолындағы жарыста жерлесіміз Бауыржан Төлегенов бас қазылық етті. Аталған екеуінің де жоғары дәрежелі ұлттық төреші атағы бар. Осыдан-ақ облыс тоғызқұмалағының ел шеңберіндегі орнын бағамдай беруге болады.

Ресми жарыстарды қоспағанда, әр түрлі деңгейде өтетін оннан астам облыстық жарыс бар. Атап айтқанда «Ақтөбе» газеті жүлдесі үшін, Ш.Берсиев атындағы республикалық турнир, Наурыз, Тәуелсіздік күніне арналған жарыстар жыл сайын дәстүрге айналған.

Қазір тоғызқұмалақ облыс аудандарының барлығын қамтыған. Әсіресе, мектеп жасындағы балалар арасында даму қарқыны өте жоғары. Бұл, әрине, жаттықтырушылардың еңбегі. Жемісті еңбек етіп жүрген ұстаздарға Ақтөбе қаласындағы Қабидолла Нұршин, Зорбай Төлегеновті, Байғаниндегі Омар Атшыбаевты, Хромтаудағы Нұрқасым Саудинді, Мәртөктегі Аманғос Аязбай, Мейрамгүл Ізбаеваны, Шалқардағы Ғабит Тәшкенбаевты, Мұғалжардағы Аят Жүсібәлиевті, Әйтеке би ауданындағы Әсет Қуанышқалиевті қосуға болады.

Тоғызқұмалақ ойынының тәуелсіздігіміздің қалыптасуына, ұлттық сана, ар-намыс, салт-дәстүріміздің бекуіне де үлес қосарына талас жоқ. Төл ойын қазір ұлттық мейрам-мерекелерде, Наурыз тойында ұйымдастырылады. Брлық деңгейде бірден-бір таза мемлекеттік тілде өтетін шара ретінде де құнды.

Алайда бұл тоғызқұмалақпен өзге ұлт өкілдері айналыспайды деген сөз емес.

Мысалы, орысы қалың біздің Қарғалы ауданында Олейников пен Павлов сияқтылар бұл ойынды отбасымен меңгерген. Түрлі деңгейде жарысқа қатысып жүрген оларға «бастаушы», «қостаушы», «тұздық», «атсырау», «атсырату» деген сөздер жұмбақ емес.

Қорыта айтқанда, облыстағы тоғызқұмалақтың болашағына алаңдауға негіз жоқ. Тізгін сенімді қолда. Футбол, күрес, бокс, шахмат сияқты спорт түрлерімен тең дәрежеде дамып келеді. Насихаты кемшіндеу болып жатқанына қарамастан, бұқаралық сипаты олардан жоғары деуге болады.

Айдана МАРСОВА,

В.Пацаев атындағы орта мектеп оқушысы.

Қарғалы ауданы.

Пікір

Дәулетімізге сәулетімізді қауыштырсақ…

Сол бір мамыражай жылдардың елестері әлі де бәз қалпында көз алдымда.

Бұл жетпісінші жылдардағы халық шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениетпен қатар ауыл шаруашылығының өркендеп, облысымыздың республикада алдыңғы қатарға көтерілген гүлдену дәуірі болатын. Мал шаруашылығы дамып, егіннен көл-көсір мол өнім алғаны үшін 1968 жылы республика басшысы Д.Қонаевтың облысқа Ленин орденін тапсыру салтанатына келгенінде арнайы концерт бергендердің қатарында болғанымды мақтан тұтатынмын. Ақтөбенің батыс бөктеріне салынған еңсесі ерекше көз тартатын зәулім партия комитетінің үйінен сәулеттің самалы есіп тұрғандай сезетінмін. Соншалық үйлесіммен сәл төменірек орын тепкен драма театрынан жоғары өрлеп, арка арқылы әсем аллеяға шығу қиялымды қытықтарлық күйге бөлеп ғажайып ертегі қақпасына жетелейтін. Жасыл желекке оранған А.Пушкин атындағы демалыс паркі жарқын жүздерді жадыратар жан жайлауындай жарасатын. Үйлесім тапқан «Қазақстан» кинотетры, готика жобасының ұшқыны бар музей, «Елек» қонақ үйінен теміржол вокзалы аллеясына қиысар тұсқа дейінгі алқап-көшені төменнен жоғары өрлеген көк аспан аркасына тірелетін Енисей алқабына теңейтінмін.

Ақ жаңбырдан кейін көше бойындағы жасыл желекті талдар түбінен шегенделген арықтардан сарқырап ағар жауын суын кіші Алматы өзеніндей көретінмін. Ал ауасы ше? Көкірекке қонған ал қоңыр сәулелі сәттерді суреттеу ақын-жазушының жетістігі болса екен дер едім.

Жоғары төбедегі қызыл кірпіштен өрілген су мұнарасы қала халқының тіршілік көзі болса да, көшеге Патоличев есімі берілгеніне қарағанда, еңбегі сіңген сыйлы азамат болғанға  ұқсайды. Көк әлеміне саяхаттауға мүмкіндік беретін «Планетарий» күмбезі, оның саябағы, Пионерлер сарайы, ескерткіштер, театр, көшедегі тас мүсіндер – бәрі-бәрі үйлесімін тауып тұратын.

Қаламыз Ақтөбе деп аталып, бекініс бекеті мақсатында бой көтергеніне де биыл 140 жыл толады екен.

Сәулеті мен сәнін келтіретін қыруар еңбектер жасалып, тер төгілгенімен, кемшін қалған тұстары да бар секілді маған. Мен көкейімде сайрап тұрған тұжырымдарымды ой елегінен екшеп ұсынып отырмын. Атап айтсам, осы қаладағы отыз жылдай тіршілігімде қаланың бас жобасы бір-екі рет өзгеріске душар болды, қайта жасалып та жатыр. Күнделікті су, жылу, тұрмысқа қажеттіліктерге орай жер рельефінің үйлесімін тауып, табиғи байлықтарымыздың өзегі – өзен арналарын еркімізге бағындырсақ, басқа елдердің табиғи көрнекіліктерін армандағанша, бұрынғы жасыл желегімізді жайпап қырқып, саңырауқұлақтай қылқиған коттеджерді қаптатқанша, жүйелі жоспармен болашаққа бағыт ұстанған ұлағатты істерге бет бұрсақ, дәулетімізге сәулетімізді қауыштырсақ…

Қалада көлік қозғалысына жол болғанмен жаяудың жүрісі «шабандап» тұр. Тротуар, аллея, көгал гүлдене түссе…

«Шамның жарығы түбіне түспес» дегендей, даңғылдарды жылтыратып жамай бергенше, шеткі көшелерге де көңіл бөліп, жағдайын неге жасамасқа?!

Көше шаруашылығын түзеп, оның ішінде нөмір, көше аттарын жазып, оның жарықтандырылуын қадағаласа, халықтық үме – сенбіліктер үнемі жасалып тұрса, игі істің бастамасы осы болар еді…

Киікбай НҰРҒАЛИЕВ,

Ақтөбе қаласы.

Игілік

Жақсының жақсылығын айт

Жабасақ ауылы облыс орталығынан 450, аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылдың тыныс-тіршілігі нарық заңына бейімделіп, жоғарыға қол созбай, маңдай тер табан жалы екенін ұғына күн көруде. Кешегі тоқырау кезіндегі тіршілік пен бүгінгі тіршіліктің арасы жер мен көктей. Дайындықсыз келген нарық заңы кімді де болса есеңгіретіп тастағаны рас. Қыс айы түгіл жаз айында да халықтың жағдайын білейік деп едік деп келген бір адамды көрмеген кездеріміз де болды. Сол кезде менің өз басым адам баласының іздеусіз қалатын күндері де болады екен-ау деп ойлаушы едім. Ал қазір ше?

Елбасымыздың халыққа үндеген Жолдауын іске асырып жатқан аудан, ауыл басшыларына Жабасақ ауылы тұрғындарының айтар алғысы шексіз.

Соның бірі – аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының бастығы Сәбит Еңсепбаев қарамағындағы суретшісі Аманбай Құлтаевты және бөлім қызметкерлерімен бірге ауылдарды аралауы. Олардың қаңтардың қақаған аязы мен ақпанның ақ түтек бораны демей, шалғай жатқан Аққұм, Байжанкөл елді мекендеріне дейін барып, азаматтардың төл құжаттарын рәсімдеуі, халықтың көкейінде жүрген сұрақтарына ауызба-ауыз жауап беріп, шешіп беруі қарапайым халыққа жасалған құрмет әрі қамқорлық емес пе?! Қаншама адам сол үшін жол пұлын шығындап, аудан орталығына барып қайтуы керек.

Бұл жақсылықты көзбен көріп отырып, осындай шара ұйымдастырған аудан, ауыл басшыларына қалай рахмет айтпассың… «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме.

Халықтың қамын ойлап, жәрдем етсем екен деп, еңбек етіп тер төгіп, «Жабасақ» деп жол тартқан аудан, ауыл басшыларына, қызметкерлерге еңбектеріңіз жемісті болсын, дендеріңізге саулық берсін деймін.

Мәрия НӘЖІМҚЫЗЫ,

зейнеткер.

Жабасақ ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Оқырман хаттарын топтастырған Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА, bukara07@mail.ru.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button