Басты жаңалықтар

 Алға қай істе де артта қалмайды…

Пайдаланылмайтын жер телімін қайтаруға кім кедергі?

45 мың тұрғыны, 12 ауылдық округі бар Алға ауданындағы елді мекендердің 95 пайызы газбен және ауызсумен қамтылған. Ауданда газ жүргізілмеген Сарықобда ауылдық округінің Сарықобда және Болгарка елді мекендері ғана қалғанымен, бұл екі ауылға газ жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп қойылған.

Ауданның көзге түсерліктей кемшілігі — шағын өзендері, бұлақты тоғандары көп болғанымен, суармалы шаруашылық желісі ақсап жатыр, шағын және орта бизнес нашар дамыған, шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындары арасында жайылым үшін үнемі дау туындап жатады. Бидай, мал азығы дақылдарын егуді де келістіре алмай жүр.

 

 

 

 

 

 

 

 

— Иә, жайылымдық, шабындық жерлер иелігі — күрделі мәселелеріміздің бірі.  Мәселен, бірнеше жыл бойы игерілмеген жер бос жатыр. Қанша іздесе де, иесін таппайсың. Ауыл тұрғындары осы жердің шөбін шаба бергенде, аяқ астынан қожайыны жетіп келеді. Қазір пайдаланылмайтын жер телімдерінің мемлекетке қайтарылып жатқан сәтін пайдаланып, бірнеше жыл иесіз жатқан жер телімдерін мемлекетке қайтаруға сотқа бердік. Алайда көп жағдайда аудандық сот жеке тұлғаның жерді пайдалану құқығын бір жылға созып, жеке адамның пайдасына шешіп беріп жүр, — дейді аудан әкімінің орынбасары Әнуарбек Қонжар.

Суармалы шаруашылықтарды дамытуға байланысты ауданда қолға алынған 13 жобаның ең ірісі — Тамды су тоғанын қалпына келтіру. Алғада жерасты  бұлақтары көп болса да, сол бұлақтармен жалғасқан өзен арналары кеуіп жатыр. Себебі су көздері, шлюздер тазаланбайды, суы тайызданып, жіңішкерген өзен арналары қамыс, қоқыстан аршылмайды. Бұл күнде егіс алқаптарына көң төгу, ерте көктемде қар тоқтату жұмыстары ұмытылды.

Біз Талдысай (бұрынғы Жаңа Украинка) ауылына бара жатып, Алғаның шетінде күтімсіз қалған ескі қарағаш тоғайын көрдік. Тоғай шөлдеп тұр. Жан-жағында  қураған, кәрі ағаштар шашылып жатыр. Жас көшеттер көптен бері егілмепті. Кәрі қарағаштардың қураған бұтақтары кесілмеген, түбі әктелмеген.

Нубийлік ешкілер, африкалық жайындар

Биылғы жарты жылда жұмыспен қамту бағдарламасымен ауданда 600 жұмыс орны ашылған. «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалынан оқып шыққан 350 азаматтың ішінен 10 адамның бизнес-жобалары мақұлданған. Енді әрқайсысы 550 мың теңгеден қайтарымсыз грант алған 10 тұрғын ешкі, сиыр, қоян өсіріп, жылыжай салуға кіріскен.

Мәселен, ешкі өсірумен шұғылданғысы келген бір азамат ешкінің Заанендік тұқымын сатып алуды жоспарлаған. Бір сауғанда 4 литр сүт беретін бұл ешкінің бағасы — 100 мың теңге. Күніне екі сағат далада жайылады, көп жемді қажет етпейді. Алғада ешкі сүтінің 1 литрі — 800 теңге, ал сиыр сүті 200 теңге тұрады.

— Заанен ешкілерін ең әуелі  Маржанбұлақта тұратын Андрей есімді жігіт Орынбордан сатып әкеліп, тұқымын көбейтті. Кейін аудан тұрғындары Андрейден сатып алды. Қазір Андрейдің сүтті ешкілерін Нубий тұқымды ешкілер ығыстыра бастады. Бұл — африкалық ешкілермен будандастырылған түр, — дейді Әнуарбек Қонжар.

Кәсіпкерлік палатасынан 550 мың теңгеге қайтарымсыз грант алған тағы бір тұрғын Алғаның суларына африкалық жайындарды көбейтпекші болып жүр. Бүгінде еліміздің оңтүстік облыстарында жайындарды үш ай өсіріп, жинап алып, сатылымға шығарады. Жайын — құрғақта да, суда да өсе беретін қосмекенді балық. Ол судан шығып, топырақ арасына кіріп, тығылып жата береді. Африка жайындар мен нубийлік ешкілердің Алғаның ауыл шаруашылығын қаншалықты деңгейге көтергенін алдағы уақытта білетін боламыз.

Ауылда пошташы тұрақтамайды

Редакциямызға Есет батыр, Павловка, Қарабұлақ, Бесқоспа ауылдық округтерінің тұрғындары хабарласып, «Ақтөбе» газетінің уақтылы жеткізілмейтініне шағымданды. Біздің Алғаға келу мақсатымыз газет таратудағы кемшіліктерді анықтау болатын.

«Қазпошта» АҚ аудандық торабының нұсқаушысы Қазына Абитованың айтуынша, Қайнар, Тоқмансай, Павловка ауылдарының жеке көлік жүргізушілері газеттерді күнде алып кетеді. Бұл ауылдар мен Алға қаласының арасы 20 минуттық жол. Ең алысы Сарықобда ауылдық округінің ауылдары болса, соның ішінде Болгарка — Алғадан 63 шақырым, Сарықобда — 80 шақырым. Қыста Алға мен Сарықобда арасында жиі-жиі қатынас болмай қалады. Мұндай кезде Ақтөбе арқылы айналып барғанда жол 140 шақырымға ұзарады. Сарықобданың жеке көлік жүргізушілері аудандық пошта торабында жиналған газеттерді аптасына бір рет алып кетеді. Аудандық пошта газет таситын көлік иелеріне айына 3 мың теңге төлейді.

Ауылда пошта қызметкері тапшы. Өйткені жалақысы өте аз, бар болғаны 25 мың теңге. Аптасына үш рет жұртқа газет, ай сайын зейнетақы тарату керек. Қазір декреттік демалысқа кетіп жатқан Бесқоспа мен Бестамақ ауылдарының  пошташыларының орындарына адам табылмай жатыр. Бестамақтың пошташысына берілген жұмыс көлігі — үш аяқты велосипед те бұл жағдайдан құтқармай отыр. Бұл жерде «Қазпошта» АҚ-ның  ауылдағы тарату желілері дұрыс жолға қойылмағаны байқалады. Ауыл пошташысының тағы бір міндеті — зейнетақы тарату. Бір рет Алғадан ауылға зейнетақы алып бара жатқан пошта қызметкерін тонап кетті. Алғада банкомат болғанымен, ол ауылға жетпеген.

Ниет пен несие

Нұркен Бердібаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы: «Осы жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша жастар, аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналар және мүгедектігі бар азаматтар арасынан 80 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Алға филиалындағы оқу орталығынан 16 маусымнан бастап бірінші топ онлайн форматта оқып шықты. Шілдеде енді 40 тұрғын оқиды.  Биыл «Еңбек» бағдарламасы арқылы 74 азаматқа «Даму» қоры арқылы 300 миллион теңгеге шағын несие беру жоспарланды. Осы кезге дейін 30 алғалық азамат 130 миллион теңгеге шағын несие рәсімдеді. Бұл жердегі күрделі мәселе — несие алғанда кепілдікке қоятын жылжымайтын мүліктің талапқа сай келмейтіндігі. Ауылдың үйлерін банктер кепілдікке алуға құлықсыздау. Мұндай кезде банктер сұралған соманың тек 50 пайызын береді. Мәселен, кепілге қойылған тұрғын үй 5 миллион теңге деп бағаланса, банк несиені 2,5 миллион теңгеге рәсімдейді.

Биыл ауданда кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін тұрғындарға 56 грант беру жоспарланғанымен, әзірге 10 грант берілді. Қалған 40 грантты шілде, тамыз айларында таратамыз. Бұған қоса төтенше жағдайға, дағдарысқа қарсы шараларды қолдау негізінде жыл соңына дейін 40 адамға қайтарымсыз 555 мың теңге көлемінде қаржы бөлуді  жоспарлап отырмыз. Мақсат — осы жоба бойынша 100 адамның жеке кәсібін бастауға демеу болу. Кәсіпкерлер көбейсе, бізге де салық түседі, өздеріне де жұмыс табылады».

Ақтөбедегі «Табыс» коммуналдық базарында өтетін жәрмеңкелерге шаруалар өнімдерін апаратын. Әр аптаның сенбі-жексенбісінде Алғаның базарында тұрақты  өткізілетін жәрмеңкелер ауылдық округтер арасында жақсы бәсеке қалыптастырған болатын. Карантин кезінде бұл да тоқтап тұр. Қиындықтарға қарамастан, қайтарымсыз грантқа сиыр, ешкі, тауық сатып алған шаруалардың өз өнімдерін қала тұрғындарына жеткізу сервистік қызметін Алғаның таксистері атқарып жүр.

Әлеуметтік көмекке арқа сүйемей, еңбек ет!

2019 жылы Алға ауданында 1500 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, биыл 259 отбасыға ғана мақұлданған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарының сиреу себебін Әнуарбек Қонжар былай түсіндірді: «Атаулы әлеуметтік көмек төлеу тәртібі өзгергендіктен, азаматтарымыздың еңбекке құлшынысы артты. Атаулы әлеуметтік көмек сомасы отбасы табысының жетпейтін бөлігіне ғана төленеді. Енді бұл әркімге әртүрлі шығады. Соған қарамастан, 1000 теңге шықса да көмек алуға құжат тапсыратын осал топтар бар. Бұған қоса атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жас арасында қанша баласы болса, әр балаға бөлек азық-түлік пакеті беріледі. Мұндағы әр пакеттің құны — 4700 теңге. Осы сомаға бекітілген нұсқаулыққа сәйкес керек-жарақтарын саламыз. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының 2 баласы болса — екі пакет, үш баласы болса, үш пакет беріледі. Қазір әр тоқсан сайын атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсыру керек. Жұмыссыз азаматтарға жұмыс ұсынамыз, ол бас тартса, мемлекеттен берілетін жәрдемақы тоқтайды. Бұған келіспегендер басында  «Маған неге бермейсің?» деп жанжал шығарып жүрді. Nur Otan партиясы филиалы төтенше жағдай кезінде Алғада тұратын көпбалалы аналарға, әлеуметтік жағдайлары нашар отбасыларға 50 мың теңгеден таратты. Бірақ, неге екені белгісіз, күйеулері бар жап-жас келіншектер қайта-қайта сұрамсақтанып келе береді. Кей жағдайда әлеуметтік көмектер нағыз мұқтаж адамдарға тиесілі болмай жатқан жағдайлар да кездеседі. Өйткені бұл адамдар жоқ болса да, сұрауға арланады».

Ауызсудың сұрауы бар

Жаз шықса, Алғада жыл сайын ауызсу тапшылығы туады. Аудан әкімі Мамырғали Аққағазов бәріне ауызсумен бақша суарғандар кінәлі деп санайды. Жаздың үш айында ауызсу үшін тұрғындармен шайқасатын басшының басты ұстанымы — бақша еккен әрбір тұрғын өз шарбағынан ұңғы қазып алуы тиіс.

«Былтыр Маржанбұлақта тұрғындармен кездесуде «Ауызсуды бақша суаруға қолдану заңсыз. Мұның сметалық құжатпен бекітілген нормасы бар. Мәселен, күніне 3 мың текше метр ауызсу жіберілу керек болса, тұрғындар 6 мың текше метр қолданады. Жоба артық жасалып, 3 мыңға тағы 1500 текше метр қосылды.  Адамдар осы артығымен бөлінетін қорды да жеп жатыр. Неге? Өйткені ол таңертең тұрған бойы бақшаға құбырды ашып тастайды да, кетіп қалады. Бар су құбырға жақын үйлерден ауыспайды. Көшенің кейінгі басындағыларға жетпегесін  жаз басталған бойы «су жоқ» деген айқай-шу да басталады. Су тапшылығының негізгі себебі — осы. Бізде маусым, шілде, тамыздың соңына дейін судың дауы қызады. Ал жылдың басқа мезгілдерінде мұндай мәселе туындамайды.

Біздің міндетіміз — тұрғындарымызды ауызсумен қамтамасыз ету, біздің міндетімізге ауызсуды бақшаға пайдалану кірмейді. Бау-бақша еккісі келе ме, ұңғы қазсын. Қазір айтқанды орындамайтындарға айыппұл салыңдар деп айтып жатырмын. Бүгінде Алға қаласында 45 ұңғы, Маржанбұлақта 34 ұңғы қазылып, су келіп тұр. Шарбағынан қазып алған суға құбыр жалғап, үйіне су өткізіп қойған азаматтар да бар. Алғада ауызсу — 8-34 метр, Маржанбұлақта — 110 метр, Тамдыда 78 метр тереңдіктен шықты. Ал бау-бақша суаруға 12-15 метр тереңдіктен шыға береді, одан тереңдей берсе, ауызсуға ілінеді, — дейді Мамырғали Аққағазов.

Атаулы әлеуметтік көмекке екі бас сиыр сатып алды

Жаңа Украинка ауылының қазіргі атауы — Талдысай. Аз ғана үйлері бар шағын ауыл табиғаты тамаша екен. Ауылда тоғызжылдық мектеп, амбулатория бар. Бұл жерде су екі метрден шығады, жері қара топырақты, ауыл ортасында бұлақ ағып жатыр, оның жан-жағы — қайың, үйеңкі, терек, жабайы қарақат, таңқурай. Бұл күнде украиндардың өздері жоқ болса да, қолдарының іздері қалған. Лай кесектен құйылған, қамыспен мұқият жабылған тоқал тамдар, тал бұтақтарынан тоқылған шарбақтар хуторларды еске түсіреді. Әр үйде бір-бір құдық. Бұл жақта су екі метрден шығады екен, сулары өте тұщы. Құдықтың іші тастармен сондай шеберлікпен қаланған.

Біз атаулы әлеуметтік көмекке екі сиыр сатып алып, жеті баласын асырап отырған  Гүлнұр Қошқарбаеваны іздеп бардық. Гүлнұр мен күйеуі Талдысай ауылына Бестамақтан жақында ғана көшіп келген екен. Атаулы әлеуметтік көмекке алған екі бас сиыры бір жарым жылдың ішінде алты бас болған. Гүлнұр былай дейді:

— Мен 2018 жылдың көктемінде 7 балама 300 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алдым. Оның 250 мың теңгесіне баспағымен қоса бір сиыр сатып алдым. Қалғанына шөп, жем алдым. Екінші жартыжылға осындай сома тағы түскенде, еш ойланбастан, тағы бір бас сиыр алдым. Үлкен ұлымыздың жасы 23-те, ол Алға индустриалды колледжін бітірді, одан кейінгі қызым 18 жаста. 16 жастағы ер балам бар. Қалғандары кішкентай. Биыл атаулы әлеуметтік көмек қысқарғанымен, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін грант бөлінетінін естіп, аудандық  жұмыспен қамту орталығына бардым. Осы мекеменің қызметкері Жазира грант алудың жолдарын жақсылап түсіндірді. Оның алдында Бестамақ ауылының Мәдениет үйінде аудандық халықты әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Болатбек Қанғожин жұртты жинап, грант алудың тәртібін түсіндірді. Мен  «Келіспейтін шаруа ғой» дегенімде, Болатбек ағай: «Әрине, әрекет етпей отыра берсеңіздер, ешқашан да шаруа келіспейді. Алға ұмтылыс жасап көрмейсіздер ме?» — деді. Осы кісінің сөзі мені қатты қамшылады. «Атамекеннің» Алғадағы филиалында кәсіпкерлік негіздеріне бір ай оқып, 555 мың теңге грант алдым. Оқып жүрген уақытымда 14 мың теңге стипендия да берді. Өзім қойшының қызымын, малдың шаруасын жақсы білемін. Енді осы грантқа меринос тұқымды қойлар  алуды жоспарладық. Күйеуім екеуміз Хромтау ауданындағы меринос қойларын өсіретін бір шаруашылыққа барып көріп келдік. Осы шаруашылықта жүн қырқатын және жуатын аппараттар да бар екен. Меринос қойларының жүнінен көрпе тігіп, шұлық, кеудеше тоқып сатқым келеді.

Былтыр атаулы әлеуметтік көмекке екі бас сиыр, биыл қайтарымсыз грантқа меринос қойларын алған көпбалалы ана Талдысайда бақша егіп, мал өсіруге кірісіп кетті.

Баян СӘРСЕМБИНА,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button