Денсаулық

Ақтөбеде пульмонология және респираторлық медицина орталығы ашылады

Ақтөбе өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен тікелей эфир барысында облыс әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Әсет Қалиев пен Ақтөбе облысының ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының міндетін атқарушы, COVID-19 және пневмониядан емдеу мәселелері жөніндегі call-орталығының басшысы Советхан Байманов облыстағы қазіргі қауіпті індетпен күрес жайы мен ақпараттандыру бағытындағы сұрақтарға жауап берді.

КҮНІГЕ 700-ДЕН АСТАМ АДАМҒА КЕҢЕС БЕРІЛЕДІ

COVID-19 және пневмониядан емдеу мәселелері жөніндегі сall-орталығы өңірде 5 шілде күні ашылған болатын. Советхан Баймановтың айтуынша, бүгінге дейін түсіп жатқан телефон қоңырауларында есеп жоқ.

— Телемедицина қызметін де қосымша атқарып жатырмыз. Медицинадан бөлек, басқа да тақырыптар бойынша сұрақтар түсіп жатыр. Бүгінгі таңда орталықта тәулік бойы 14 дәрігер жұмыс істеп жатыр, басқа да саладағы мемлекеттік қызметшілер де бар. Аудио, видео хабарламалар және ватсап желілері арқылы келіп жатқан сұрақтар көп. Орталыққа сұрақ үшін тек қана ватсап арқылы хабарласу керек. Одан бөлек дәрігер-операторларымыздың ватсап қабылдайтын телефоннан бөлек, стационарлық телефондары да бар. Ол арқылы күніге кем дегенде 500 науқасқа ақпарат беруге тырысып жатыр. Яғни ол науқастарға жедел жәрдем келгенге дейін телефон арқылы кеңес береді, басқа да сұрақтар бойынша жауап беруге тырысып жатыр. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті базасында жұмыс істеп жатқан сall-орталығында эпидемологтар, педиатрлар, терапевтер, хирургтер мен кардиологтар бар. Тұрғындар 906-606 қалалық нөмірімен бірге 9 ұялы байланыс нөмірі арқылы хабарласа алады. Ұялы телефон нөмірлердің үшеуі тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді, қалғандары таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін істейді. 14 дәрігердің 10-ы күндіз, 4-еуі түнде тұрғындар сұрақтарына жауап береді. Тәулігіне стационарлық телефон арқылы кемінде 500 адамға, ал ватсап желісі арқылы аудио, видеожазбалар бойынша 200 адамға көмек көрсетіліп отыр. Яғни тәулігіне телемедицина бойынша кемінде 700 адамға ақпарат беріліп отыр, — деді С.Байманов.

2649 НАУҚАС ЕМ АЛЫП ЖАТЫР

Облыста коронавирус инфекциясына және өкпе қабынуына байланысты жағдай әлі де күрделі. Бірақ жағдай толықтай жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылауда. Әсет Қалиевтің айтуынша, өкпе қабынуына байланысты ауруханаға түсіп жатқан науқастардың саны азайып жатқан жоқ, алайда өсу динамикасы да байқалмайды, жағдай бірқалыпты. Соңғы тәулікте 98 науқас екі жақты өкпе қабынуымен провизорлық госпитальге жатқызылған, барлық науқастарға тиісті деңгейде ем жүргізіліп жатыр.

—  Облыс бойынша қазіргі уақытта 2649 науқас өкпе қабынуына байланысты ем алып жатыр, оның ішінде 761-і амбулаторлық деңгейде ем-дом қабылдап жатыр. Аудандар бойынша өкпе қабынуына байланысты ем алып жатқан науқастар саны — 618. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Алдағы айларға жоспарланған дәрі-дәрмек жеткізілді. Медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігіне қатысты қиындық бар, дегенмен олар бүгінгі күні кесте бойынша барлық провизорлық стационарларда жұмыс істеп жатыр, — деді Ә.Қалиев.

Бүгінде облыста инфекциялық, провизорлық кереуеттер саны да жеткілікті екені айтылды. Қазіргі таңда кереуеттердің 72 пайызында науқастар жатыр, яғни әлі де науқастарды қабылдау үшін орын жеткілікті.

Провизорлық госпитальдердегі орындар бойынша статистика мынадай: «Шағала» санаторийінде — 151, «Дару» — 166, Ақтөбе медициналық орталығында — 460, теміржол ауруханасында — 194, медициналық университеттің жатақханасында — 164, туберкулезге қарсы күрес диспансерінде 453 орындық провизорлық госпиталь жұмыс істеп жатыр.

— Алдағы дүйсенбіде облыстық балалар ауруханасының әкімшілік корпусында тағы 100 орынға арналған провизорлық госпиталь ашылады. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Ә.Қалиев.

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ОТТЕГІ БАЛЛОНЫ ҚАНШАЛЫҚТЫ ТИІМДІ?

Әлеуметтік желілерде оттегі баллондарын пайдалану арқылы жасанды оттегі беру аппараттарын жасап алып жатқан тұрғындардың түрлі посттары жарияланып жүр. Бұған қатысты облыс әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесшісі  Әсет Қалиев былай дейді:

— Негізінен, барлық ем-шаралар тек дәрігердің бақылауы арқылы жүргізілуге тиіс. Әлеуметтік желілердегі оттегі баллондарын пайдалануға қатысты ақпараттарға байланысты айтарым: әрине, олардың науқасқа көмегі болуы мүмкін, бірақ бір ескеретін жағдай — оттегі ылғалдандырылған болуы мүмкін. Егер ол құрғақ болса, керісінше, тыныс алу жолын құрғатып, науқастың жағдайын одан сайын нашарлатып жібереді. Сондықтан ондай нәрсені жасағанда оттегі баллонын жасау техникасын білу аса маңызды. Науқастар тек дәрігердің бақылауымен, дәрігердің тағайындауыменем қабылдауы қажет.

Ә.Қалиев провизорлық госпитальдерде оттегі көпшіктері, оттегі концентраттары, жасанды тыныс алу аппараттары жеткілікті екенін айтты.

Тікелей эфир барысында тұрғындар рентгенге түсе алмай жүргендерін де айтты. Ә.Қалиевтің айтуынша, облыста қазіргі уақытта 46 рентген аппараты болса, оның 18-і провизорлық госпитальдерде тұр. Бүгінде медициналық университет базасында рентгенге түсіретін жылжымалы кешен жұмыс істей бастаған.

— Бұл тұрғындар арасындағы сұранысты өтеуге септігін тигізетін болады. Дәрігердің нұсқауынсыз рентгенге түсе беруге болмайды, себебі рентген сәулесінің ағзаға әсері бар, — деді Ә.Қалиев.

РЕСЕЙЛІК БРИГАДА АҚТӨБЕГЕ КЕЛЕ МЕ?

Қазақстан мен Ресей басшылығы арасындағы келісімдерге сәйкес Нұр-Сұлтан қаласына РФ Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олег Гриднев бастаған қауіпті инфекциямен қарсы күрес шараларына тікелей қатысқан 32 жетекші маман келген-ді.

Ресейлік бригаданың бірі біздің өңірге де келуі мүмкін.

— Қазір ресейлік әріптестер астанада жұмыс істеп жатыр. Біз Ақтөбе облысына  ресейлік бригада келіп, біздің мамандармен бірлесе жұмыс істеуге қатысты өз ұсынысымызды жібердік. Егер бұл оң шешілсе, дұрыс болар еді, — деді Ә.Қалиев.

ӨКПЕСІ ҚАБЫНҒАНДАР ОҚШАУЛАНУҒА ТИІС

— Пандемия наурыз айында жарияланды. Сол уақыттен бері бізге толық дайындық жүргізу үшін уақыт жеткілікті болды ғой, неге оған дайын болмадық? — деп сұрақ қойды тікелей эфир барысында тұрғындардың бірі.

Әсет Қалиев облыста дайындық жұмыстары сол уақыттан бастап толық жүргізілгенін алға тартты.

— Барлық дайындық жұмыстары сол уақытта басталды. Біз екінші толқын маусым айында емес, қыркүйек айында болады деп болжаған едік. Алайда маусымда науқастар көп тіркелді. Оған карантин шараларының жеңілдетілгені де себеп болған шығар. Десек те, маусым айында жедел әрекет еттік деп айта аламын. Науқастардың көбеюіне байланысты қауіпті індеттің болжамды екінші толқынында ашу жоспарланған бірнеше провизорлық орталықтарды жедел іске қостық. Қазіргі уақытта Ақтөбе медициналық орталығының 4-қабатында пульмонология және респираторлық медицина орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Халықаралық стандартқа сәйкес келетін бұл орталық 1 тамыз күні ашылатын болады. Сонымен бірге жұқпалы аурулар аууханасында да мамандандырылған мекеме жұмыс істейтін болады. Бұларды, негізінен, қыркүйек айында ашуды жоспарлаған болатынбыз, қазіргі уақытта мердігерлермен арада жұмысты жеделдетуге қатысты келіссөздер жүргізілді, — деді Ә.Қалиев.

Ә.Қалиевтің айтуынша, жақында жарияланған екі апталық шектеу шаралары өз нәтижесін беруі тиіс. Егер инфекцияның жұғу тізбегі үзіліп, ауру азайса, тұрғындар өзін-өзі сақтау, сақтану шараларын қатаң ұстанса, дәл бүгінгідей жағдай болмауға  тиіс.

— Менің есебім бойынша аурудың таралуының шарықтау шегі облыста дәл қазіргі уақытта тіркеліп отыр, күзде аурушаңдық шамалы болуы мүмкіндігін жоққа шығармаймын, бірақ дәл бүгінгідей болмауға тиіс, — деді ол.

Ә.Қалиев өкпе қабынуы белгісі бар азаматтарға мүмкін болса, оқшаулануға кеңес береді.

— Әрине, тест нәтижесі бойынша коронавирус инфекциясы жоқ болуы мүмкін. Бірақ қазіргі өкпе қабынуы ауруының коронавирус инфекциясының әсерінен болуы мүмкіндігін ешкім жоққа шығармайды. Өкпе қабынуы дәл коронавирус инфекциясы сияқты аса жұқпалы емес, дегенмен ол жұқпайды деп тағы да жоққа шығаруға болмайды, жұқпалылығы бар. Әрі бұл өкпе қабынуы — бұрын кездеспеген қабыну, ол қиын және ұзақ емделеді. Сондықтан әркім өзіне, өзінің жақындарына жанашырлықпен қарағаны жөн, — деді Ә.Қалиев.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button