Жаңалықтар

Арнаулы топ: 1221 ескерту жасалды (Видео)

Рейд

Сейсенбі күні облыс әкімдігі жанынан құрылған мобильдік топ Ақтөбе қаласындағы сауда, қызмет көрсету орындарының санитарлық жағдайын тексерді. Пандемия кезінде кәсіпкерлер бас санитар дәрігердің талаптарын орындап жатыр ма, осыған ерекше мән берілді.

Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер, барлығы он адамнан тұратын арнаулы топ сақтық шараларының орындалу жайын қарап қоймай, түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Олар Әбілқайыр хан даңғылы, Мәскеу, 8 және 11-шағын аудандар мен теміржол вокзалы аумағындағы 20-дан астам кәсіпкерлік нысанын аралады.

Рейд барысында бас санитар дәрігердің қаулысын елемей, сағат 21.00-ден кейін жұмысын тоқтатпаған, санитарлық талаптарды орындамаған азық-түлік дүкендері анықталды. Оларға мобильдік топ тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, құзырлы органдар тарапынан заңға сәйкес шаралар қабылданды.

Сол сияқты бірқатар көлік жөндейтін орталықтар мен дәмханалардың да тәртіпке бағынбай отырғаны белгілі болды. Аталған кәсіп иелеріне де тиісті шаралар қолданылды.

Айта кетейік, мобильдік топ өз жұмысын наурыз айында бастады. Топ халық көп шоғырланатын саябақ, қызмет көрсету орындары, т.б. аралап, жұртшылықтың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Облыс бойынша осындай 198 (5 облыстық, 25 қалалық және 168 аудандық) мониторингтік топ құрылды. Олар бүгінге дейін барлығы 4709 рет тексеру жұмысын жүргізіпті (облыс — 783,​ қала — 1451,​ аудан —​ 2475). 1221 ескерту берілген.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button