Білім

Құжаттар онлайн қабылданып жатыр

Медициналық анықтама кейін тапсырылады

Облыстағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты емханалар медициналық тексеру жүргізбейтін болғандықтан облыстық білім басқармасы тарапынан 1 тамызға дейін білім беру ұйымдарына құжаттар қабылданбайтыны туралы шешім шығарылған болатын. Дегенмен Білім және ғылым министрлігі  білім беру ұйымдарына құжаттарды медициналық анықтамаларсыз қабылдауға уақытша рұқсат беру туралы бұйрық шығарды.  Соған байланысты қазір білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау Egov.kz  электронды үкімет порталы арқылы онлайн режимінде жүзеге асырылып жатыр.

Қандай құжаттар қабылданып жатқаны туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовадан білген едік.

1-сыныпқа құжаттар 1 тамызға дейін қабылданады. Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады. Құжаттар мектептің қызмет көрсету аумағынан алғашқы 3 өтініш берушіден, одан кейін басқа шағын учаскеден 1 өтініш берушіден (3:1 қағидаты бойынша) қабылданады.

20 маусымнан бастап колледждерге құжаттар қабылданып жатыр. Құжаттар 25 тамызға дейін қабылданады. Биылғы ерекшелік —  қабылдау емтихандары өткізілмейді. Конкурс аттестаттың міндетті және бейінді пәндерінің жиынтық балы бойынша жүргізілетін болады. Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар үшін арнайы конкурстар ұйымдастырылады.

Айта кету керек, 13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім гранттары конкурсына құжаттарды қабылдау басталады, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, медициналық анықтамаларды алу бойынша туындап жатқан қиындықтарға байланысты, медициналық анықтамаларды кейін, оқу жылы басталғанға дейін өткізуге рұқсат етілген.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтамаларды алуда туындаған қиындықтарға байланысты Білім және ғылым министрі білім беру ұйымдарына (балабақшаларға, мектептерге, колледждер мен жоғары оқу орындарына) құжаттарды медициналық анықтамаларсыз қабылдауға уақытша рұқсат беру туралы бұйрыққа қол қойды. Соған байланысты Egov.kz порталы арқылы құжаттарды жіберу барысында медициналық анықтамаларды кейін ұсынуға мүмкіндік беретін функция іске қосылады. Медициналық анықтамаларды оқу жылы басталғанға дейін мүмкіндік болған кезде тапсыруға болады, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button