Жаңалықтар

Жаңа көпір пайдалануға берілді (Видео)

Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолында салынған көпір пайдалануға берілді.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қала аумағында жол салып жатқан «КТП» мердігер мекеме басшысы Н.Павлычевке сапаға аса мән беруді тапсырды.

Елорда күнінде ашылған көпір тоғыз жолдың торабын Елбасының өзі мұрындық болып салғызған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізіне қосады. Яғни ауыр жүк көліктері қалаға кірмей, оңтүстік айналма жолмен өтеді. Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді, — деді Асхат Шахаров.
Ұзындығы 13 шақырымдық оңтүстік айналма жолдың бойындағы 3,2 шақырымдық көпірді «КТП» ЖШС пайдалануға берді. Кепілдік мерзімі — 5 жыл. Алдағы уақытта көпір үсті жарықтандырылып, қажетті жол белгілері қойылады. Ал жолдың қалған 10 шақырымында жұмыс жалғасып жатыр.

100 аула жөнделеді

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл Ақтөбе қаласында көп қабатты  үйлердің 100 ауласы жөнделеді. Аулаішілік жолдар асфальтталып, воркауттар, балалардың ойын алаңдары және спорттық алаңдар орнатылады. Бұл жұмыс қазіргі күні жүзеге асырылып жатыр.

Асхат Шахаров қайта жаңғырту жоспарына енген 101-атқыштар бригадасы көшесіндегі абаттандырылған аулалардың бірін БАҚ өкілдерімен бірге барып көрді.

Заманауи қалалардағы аулалар осындай болуы керек. Бұл — облыс әкімінің тапсырмасымен жасалып жатқан жұмыс. Жасанды төсеніші бар футбол алаңы, әткеншектер, воркаут тұрғындар үшін жасалды. Болашақта көп қабатты үйлердің аулалары осы үлгімен абаттандырылады. Ал жасап берген заттарды күтіп ұстау — тұрғындардың өздерінің міндетінде, — деді А.Шахаров.
Бұл күні тұрғындардың қуанышында шек болмады. Балалар да қала әкіміне алғыс айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button