Әлеумет

Жеңілдік кезеңі аяқталды: сақтандыру жарнасы қалай төленеді?

Шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам қызметкері 1 қазанға дейін медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдарынан босатылған.

Шағын және орта бизнес қызметкерлері МӘМС пакетінен медициналық көмек алу үшін олардың жұмыс берушілері ай сайын 1 қазанға дейін қорға жалдамалы қызметкерлер туралы ақпаратты беруі тиіс.

1 шілдеде МӘМС жүйесінде қазақстандықтар үшін жеңілдік кезеңі аяқталды. Осы уақытқа дейін барлығы шартты түрде сақтандырылған деп саналды және тиісінше МӘМС пакеті шеңберінде медициналық көмек алуға құқылы болды.

Үкіметтің №224 «Салық салу мәселелері бойынша экономиканы тұрақтандыру жөніндегі бұдан былайғы шаралар туралы» қаулысына сәйкес алдағы үш айда шағын және орта бизнестің 29 санаты ғана жарна төлеуден босатылды. Бұл —шағын және орта кәсіпорындардың 800 мыңнан астам қызметкері.

Жеңілдік кезеңін ұзарту шағын және орта бизнесті қолдау үшін жасалып отыр. Бұл кәсіпорындар қызметкерлерінің еңбекақысынан салық пен аударымдарды ұстамайды. Олар медициналық сақтандыру пакетіне толық қол жеткізе алады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақпарат беруі керек. Жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің тізімін ай сайын 25 күннен кешіктірмей, электронды форматта ұсынуы тиіс. Олар Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында https://msb.fms.kz/login  сілтеме бойынша өтуі тиіс және тізімдегі БСН бойынша өз ұйымын табуы керек (осы тізімде БСН болмаған жағдайда ұйымды тіркеу мүмкін емес). Бұдан кейін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және қордың ақпараттық жүйесіне кіру және пайдаланушылық келісімге қол қою қажет. Одан әрі МӘМС төлеуден босатылған қызметкерлердің ЖСН-і қосылады. Бұл Excel бір файлымен де, әр жеке қызметкерге жеке жасалуы да мүмкін. Бұдан кейін деректерді қайта енгізудің қажеті жоқ, тек осы деректерді өзектендіру қажет. Өз кезегінде бұл ақпарат ай сайын Мемлекеттік кіріс комитетіне берілетін болады.

Егер шағын және орта бизнес кәсіпорындарының бірінің қызметкері емханаға келіп, қандай да бір себеппен сақтандыру бойынша медициналық көмекті ала  алмайтынын байқаса, онда ол деректерді Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы өз бетінше жібере алады. Ол үшін қосымшаны жүктеу керек және электрондық мекенжайы, тегі, ЖСН, телефон нөмірін көрсетіп тіркеліп және өтініш  жазу керек. Өтініш форматы: «Мен, шағын және орта бизнес қызметкері, оның иесі салықтардан және әлеуметтік аударымдардан босатылған, бірақ сонымен бірге мен туралы ақпаратты медициналық сақтандыру қорына бермеген». Бұдан әрі ұйымның БСН, жұмыс берушінің ЖСН және өз ЖСН нөмірін көрсетіп, жұмыс берушімен еңбек қатынастарын растайтын құжатты тіркеу қажет (тағайындау туралы бұйрық немесе еңбек келісімшарты).

Операторлар жарты сағат ішінде осы ұйымның шағын және орта бизнес бойынша  босатылған субъектілер тізімінен сәйкестігін салыстырып, жағдайды анықтайды және қызметкерге бір айға мәртебе береді.

Шағын және орта бизнестің 29 санатының толық тізімімен Үкіметтің №224 «Салық салу мәселелері бойынша экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» қаулысы арқылы танысуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, МӘМС жүйесі Қазақстанда 1 қаңтардан бастап жұмыс жасады. 1 сәуірде жарна төлеу бойынша жеңілдік кезеңі ұзартылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button