Денсаулық

Ең қажетті 16 түрлі дәрі-дәрмек Орынбордан  әкелінеді

Коронавирус және пневмония ауруы бойынша өңірдегі ағымдағы жағдай туралы жергілікті билік өкілдері әлеуметтік желінің тікелей эфирі арқылы брифинг өткізді.

Қазіргі күні облыс аумағындағы ауруханаларда инфекциялық, провизорлық стационарлар жұмыс жасап тұр. Бүгінде инфекциялық стационарлардың 36 пайызы, провизорлық орындардың 74 пайызынан астамында науқастар ем алып жатыр. Негізінен, жағдайы ауыр түрдегі науқастар Ақтөбе медициналық орталығына, туберкулез және теміржол ауруханаларына орналастырылса, ауруы орташа және жеңіл түрдегі науқастар «Дару» оңалту және «Шағала» орталықтарымен қатар Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің жатақханасында ем-дом алып жатыр. Қазіргі таңда  медициналық ұйымдарда бос орындар жеткілікті. Бүгін ғана бас дәрігерлермен, провизорлық орталықтардың басшыларымен кездесу өткізіп, жедел жәрдем арқылы науқастарды провизорларға орналастыру бойынша арнайы кесте бекітілді. Сол сияқты провизорлардың медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, ол жерлерде де тәжірибелі мамандардың қамтылу мәселесі кестеге сәйкес бекітілді. Мұндай орталықтар жедел жәрдем бекетімен бірлесе жұмыс жасап, науқастарды қабылдап, оларға тиісті ем-дом жүргізетін болады, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.

Брифингте ол тұрғындар арасында жеке мейрамханаларды уақытша ем қабылдау орталықтары ретінде пайдалану мәселесі көтерілгенін айтып, бұл сауалға қатысты:

Бүгінгі күні тұрғындар тарапынан мұндай ұсыныстар бар. Мәселен, «Атамекен» қонақүй кешенінің басшылығы 100 орын беруге әрі науқастарды тамақпен қамтамасыз етуге дайын екенін айтты. Бірақ біз әзірге жеке мекемелер мен басқа да нысандарды провизор ретінде ашу жоспарын қарастырып отырған жоқпыз. Себебі бүгінгі күні провизорларда 30 пайыздай бос орын бар. Одан бөлек резервте 700-дің үстінде орын қарастырылып отыр. Жалпы Аққағаз Досжанова атындағы жатақхананың сыйымдылығы 1000 адамды қамтығанмен, біз соның 600 орнын ғана ашып отырмыз. Сондықтан бұл жатақханадан қосымша орын ашуға мүмкіндігіміз бар. Алайда мәселе орындардың санында емес, сапалы медициналық қызмет көрсетуде болып отыр. Егер біз көбірек орын ашып немесе өзге өңірлердегідей үлкен спорт нысандарын осындай мақсатқа пайдалану жағын көздесек, көп жұмыстануға тура келеді. Себебі мұндай жерлерде науқасқа жайлы жағдай жасалуы керек әрі медицина қызметкерлерімен және арнайы құрал-жабдықтармен қамтылуы қажет. Егер біз жан-жаққа кадрларды тарата беретін болсақ, онда медициналық қызметтің сапасы төмендеуі мүмкін. Сондықтан біз әзірге талапқа сәйкестендірілген медициналық мекемелердің ғимараттарында провизорлық орындарды ашып, халыққа қызмет көрсетуді жоспарладық, — деп жауап берді.

Ол өз сөзінде медициналық мекемелердің бас дәрігерлерімен кездесу кезінде науқастардың емделіп шығу кестесі жасалғанын айтты. Арнайы кестеге сәйкес мұндай орталықтарда 7-10 күннен астам ем алып, жағдайы қалыпқа келген науқастар одан әрі сол жерде амбулаторлық емін жалғастыратын болады.

Қазіргі таңда М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті базасында арнайы call-орталық ашылып, аталған оқу орнының оқытушы-профессорлық құрамы тұрғындардан түскен сауалдарға жауап беріп, кеңес айту  үшін іске кіріскен.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес провизорлар мен күндізгі стационарларды қосымша резерв ретінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін Ресей Федерациясының Орынбор қаласындағы дәріхана қоймаларымен келісімшарт жасалды. Алдағы уақытта сол жақтан 10 түрлі негізгі препаратты әкелу жоспарланып отыр. Оның ішінде цефтриаксон, азитромицин сияқты қазіргі сұранысқа ие дәрі-дәрмектер бар. Сол сияқты Ақтөбедегі дәріханалар желісіне дәрі-дәрмектер күнделікті әкелінгенмен, сұраныстың артуына байланысты жетпей жатады. Сондықтан мұндай дәріханаларда дәрі-дәрмектің орнын толтыру үшін облыс басшысы дәріхана желілерінде айналым қорын күшейтуге 500 миллион теңге көлемінде қаржы бөліп отыр. Осы қаржының арқасында қазіргі кезде 16 позиция бойынша ең қажетті дәрі-дәрмектер Орынбор қаласындағы медициналық мекемеден әкелінеді. Оның ішінде 300 мыңнан астам флакон цефтриаксон, 100 мыңнан аса жиынтықтағы парацетамол сияқты препараттар бар. Осындай шаралардың негізінде аймақта аурушаңдық көрсеткішін төмендетуге біраз мүмкіндік болады деп есептейміз, — деді Н.Қалауов.

Оның айтуынша, облыс әкімі және аймақтағы медицина ұйымдары басшылары тарапынан аурушаңдықтың белгілерін төмендету бойынша нақты жұмыстар жасалып, арнайы жоспар құрылған. «Мәселе күрделі болғанмен, қатаң бақылауға алынды. Демалыс, мейрам күндеріне қарамастан, бұл бағытта күн сайын жұмыс жүргізіліп жатыр», — деді Нұржауған Қалауов.

Сол сияқты брифингте Ақтөбе облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева аймақта карантин шараларын күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталса, облыс әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Әсет Қалиев оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button