Пікір

Тәуелсіздікті ең асыл құндылық ретінде қастерлеген тұлға

Қуанышбай КНЯЗБАЕВ,

Шалқар ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы.

1991 жылы желтоқсанда егемендік алдық деп қуанғанымызбен, бұрынғы кеңестік насихатқа, КСРО-ның мызғымастығына сеніп келген жұрт үшін болашақ бұлыңғыр сезіліп, көңілде көп алаң болғаны рас еді.

Қол жеткізген табыстары, алдына қойған нақты мақсат-міндеттері бар, ертеңіне үмітпен қарайтын бүгінгі белеске жету еліміз үшін тіпті де оңай болмағанын біздің буын жақсы біледі.

Заман алмасып, «қазан» алмасып, ел жаңарып жатқан қиын тұста халықты жұмылдырып, болашаққа бастау тіпті де оңай болмасы кім-кімге де түсінікті. Сол тұстағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімдері мен қадамдарын, өлшеусіз еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында жазылған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласын оқи отырып, мен өткен күнді тағы бір ойша шолып шықтым.

Мысалы, ел астанасын көшіру туралы бастаманы, өз басым, сол кездегі жағдайға қарай жуық арада орындала қоймайтын арман сынды қабылдаған едім. Бұл арман аз жыл ішінде іске асады деп кім ойлаған?! Бұл қазақ халқының өз жерінің мәңгілік иесі болып қалуын қамтамасыз ету жолындағы стратегиялық қадам болғанын қазір баршамыз мойындап отырмыз.

«Әуелі экономика, сосын саясат» деген қағида да осы жылдар ішінде өз жемісін берді. Одақ ыдыраған тұста қираған, тоқтаған, көшіп бара жатқандар тонап әкеткен кәсіпорындардың орнына жаңа зауыт-фабрикалар ашылды. Оның игілігін бүгінде елімізде мыңдаған азаматтар көріп отыр.

Кеңестік заманда ең бір «әттеген-айлап» шегінген тұсымыз — руханиятымыз еді. Басқаны айтпағанда, тіпті тілімізден де айырылып қала жаздадық. Тәуелсіздік жылдарында тұңғыш Президенттің жетекшілігімен рухани саладағы олқылықтардан да бірте-бірте арылдық, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды, халқымыз салт-дәстүрін жаңғыртты, тарихымызды түгендеуге көштік. Еліміздің дамуы мен өркендеуі жаңа белеске көтеріліп, басқа елдермен иық тірестіріп тұратын жағдайға жеткенде, Елбасы «Мәңгілік ел» идеясын ұсынып, дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену бағытын айқындап берді. Елбасы бастамасымен әзірленіп, бүгінде кең көлемде насихатталып, жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы рухани салада әлі де талай игі істерге жол ашылмақ.

Тәуелсіздікті ең асыл құндылық ретінде қастерлеп, баршамызды соған үндеп келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің ертеңін баянды ету жолындағы істерін кейінгі ұрпаққа үлгі ету — біздің парызымыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button