Мереке

Хромтау жерінің құтты қонағы

Біздің ауданның тарихи-өлкетану музейінде тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991,1996,1998, 1999, 2001,
2006 жылдары Ақтөбе облысына келген жұмыс сапарларындаХромтау ауданын аралаған фотошежірелері, бейнехроникалары сақталған.

Н.Назарбаевтың Дөң кен байыту комбинатына қарасты «Қазақ ССР-нің 20 жылдығы», «Қазақ ССР-нің 40 жылдығы»,
«Молодежная», «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» шахталарына түскені, кеншілермен емен-жарқын әңгімелескен сәттері, Хромтау кірпіш және керамика зауытының жұмысшыларымен кездесу сәттері фотосуреттер мен бейнематериалдар түрінде музей қорына жинақталды.
1999 жылы Президент жылына 100 мың тонна хром кенін шығаратын «Центральная» шахтасының бірінші кезегінің ашылу салтанатында Үкіметбасшысына осы шахтада күнітүні еңбек етіп жатқан кеншілердің материалдық-әлеуметтік жағдайын жақсартуға тапсырма бергені хромтаулықтардың есінде. Осы жылдардан бастап Дөң кен байыту комбинатына инвестициялар құйылып, комбинаттың ескі жабдықтары алмастырылды, өндірістің перспективалық даму жоспары бекітілді. Жақсы ұйымдастырылған менеджменттің арқасында 1998 жылдан бастап комбинат жылына 1 миллион 850 мың тонна кен
шығара бастады. Тұңғыш Президентіміз әр жылдары Хромтауға келген сапарларында тұрғылықты халықпен емен-жарқын сөйлесіп,
олардың мәселелерін тыңдаудан жалыққан емес. 2001 жылдың желтоқсанында тұңғыш Президент Н.Назарбаев Ақтөбе облысына қысқа мерзімді жұмыс сапарымен келгенінде Хромтауға тағы да аялдады. Бұл жолы Дөң кен байыту комбинатына қарасты жылына 2 миллион тонна хром кенін шығаратын «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы шахтаның жұмысымен танысты.
Бұл жерде комбинат директоры Виктор Тильге хром кенінің беткі қабаттарын ғана өңдемей, кен қосындыларын терең өңдеп, кәдеге жарату жөнінде тапсырма бергені кеншілердің есінде. Хромтау ауданының ардагерлері тұңғыш Президентіміздің 1999 жылғы тамыз айындағы сапарын әлі ұмытқан жоқ. Бұл жолы Президент халықаралық өлшемдерге сай, жылына 30 миллион дана күйдірілген кірпіш шығаратын зауыт жұмысымен танысты. Зауытта италиялық қондырғы жұмыс істеп тұрды. Бұл өндіріс сол уақытта
еліміздің батыс облыстарының арасында теңдесі жоқ кәсіпорын болатын. Президент кірпіш зауытының жұмысшыларынан
еңбекақы көлемі мен әлеуметтік пакеттер алатын-алмайтындықтары туралы сұрады. Тұңғыш Президентіміздің 2006 жылы кезекті жұмыс сапарында «Ақтөбе мыс компаниясы» ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, өндірістің лентасын қиған фотосуреттері
музей экспозициясында тұр.
Хромтаудағы мыс компаниясының ашылу салтанатынан кейін Президент бір мезетте 310 адамның спортпен айналысуына лайықталған денешынықтыру-сауықтыру кешенін ашты. Осы кешен ғимаратында бірнеше спорт түрлерімен шұғылданып жатқан балалармен тілдесті. Президенттің осы кешендегі екі суға жүзу бассейнін көріп ерекше риза болғанын жергілікті спорт ардагерлері мақтаныш етеді. Бұл жерде аса құрметті қонақты әлем чемпионы Қазыбек Қожахметов жаттықтыратын жас таэквондошылар күтіп алды.
Арасында сол жылы Шотландияда жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатының жүлдегері — 15 жастағы әлем
чемпионы Айна Жұмақанова да болды. Бір қарағанда, кіп-кішкентай әрі нәзік Айна әлемдегі қарсыластарын тізе бүктірген
таэквондошы деп ойламайсың.
Президент денешынықтыру-сауықтыру кешенінен шыққан бойы дәл қасындағы базарға жаяу келіп, жұртшылықпен әңгімелесе бастады. Қала тұрғындарынан жұмыс жайын, отбасылары туралы сұрап, жолыққан
ақсақалдармен қалжыңдасыпта үлгерді. Тәуелсіздік алғаннан бері Хромтау ауданына алты рет келген сапарларының ішіндегі осы жолғы сапары тым тосын болды, алдын ала болған дайындықты көпшілік байқамады. Президент ешкімді әбігерге салмай, жұртшылықпен еменжарқын әңгімелесіп, аудан орталығының тыныс-тіршілігімен танысып кетті.
Биыл күзде облыстың ең қуатты аудандарының бірі Хромтау ауданының құрылғанына 85 жыл толады. Тарих адамдардың жүріп өткен жолымен, айтулы оқиғалармен қаланатынын ескерсек, аудан тарихындағы ең бір жарқын беттер — тұңғыш Президентіміздің Хромтау ауданына алты рет келгені деп айтар едік. Президенттің еңбек ардагерлерімен талай кездесуінің куәсі — Хромтау ауданының шаруашылықтарын талай жыл басқарған Өмірзақов Қуаныш ағай болатын. Біз музей қорына деректер жинау кезінде марқұм Қуаныш ағамыздың көмегіне көп жүгіндік. Нәтижесінде бірқатар экспозициялық деректерді жинап үлгердік.

Нұргүл АМАНҒАЛИЕВА,
Хромтау аудандық тарихи-өлкетану
музейінің директоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button