Мереке

Елорда — елдің бірлігі, Елбасы ерлігі

Осындай атпен С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұжымы Елорда күні мен Елбасының туған күні қарсаңында виртуалды кітап көрмесін ұйымдастырмақ.  

Кітапханашылардың айтуынша, мұндай іс-шара кітапханада жыл сайын ұйымдастырылады. Биыл қалыптасқан жағдайға байланысты мұндай тақырыптағы кітап көрмесі виртуалды өткізілмекші. Аталған кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлмайрам Алатаева «Елорда — елдің бірлігі, Елбасы ерлігі» атты виртуалды кітап көрмесі кітапхананың инстаграм әлеуметтік желісінде тікелей эфирде өткізілетінін айтады.

Мерекелік іс-шара онлайн режимінде ұйымдастырылады. Біз виртуалды кітап көрмесін оқырмандарымыздың назарына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Астана — Қазақстанның жаңғыруының, көпұлтты мемлекет пен ондағы ерік-жігердің символы. Бұл — елдің қиын-қыстау кезеңдерде жарқын болашаққа деген берік сеніммен батыл қадамдарды атқаруының жемісі. Бұл — ұлттың сенімі мен үмітінің, еркіндік ала отырып, болашақтағы жетістіктерге деген сенімнің символы» деген сөзімен ашуды ұйғарып отырмыз, — дейді ол.

Оның айтуынша, қазір кітапханада Елбасы, елорда тақырыбында жазылған кітаптар көп. Әсіресе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың авторлығымен жазылған кітаптарға оқырмандар тарапынан сұраныс жоғары. Сондай еңбектердің бірі — «Қазақстан жолы» кітабы.

Виртуалды кітап көрмесінде Нұрсұлтан Әбішұлының авторлығымен жарық көрген «Қазақстан жолы» атты кітапқа библиографиялық шолу жасалады.  Елбасының бұл еңбегі Қазақстанның қазіргі тарихының аса күрделі де жарқын сәттерін баяндайды.Тоғыз тараудың әрқайсысы тәуелсіз жас мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы айшықты қадамдарын ашып көрсетеді. Жекелеген тарауларда жекешелендіру мен жер реформасын жүргізу үрдісі әңгімеленеді. Сол сияқта бұл еңбекте елорданы Астанаға көшіру және Қазақстан азаматының тұңғыш ғарышқа ұшуы да сөз болады, — дейді Гүлмайрам Алатаева.

Кітапханашылардың айтуынша, ел дамуының маңызды мәселелеріне арналған «Қазақстанның жаңа тарихы», сол сияқты «Ақмола» энциклопедиясы мен «Ақмола тарихы» атты еңбектер де бүгінде оқырмандардың кең сұранысына ие.

Елбасының «Еуразия жүрегінде» атты кітабы әлі де болса өзінің маңыздылығын жойған емес. Аталған еңбекте  Астананың Назарбаевтың тек саяси және экономикалық қана емес, жеке, адами жобасы болғаны жайында жазылады. 2003 жылы «Wall Strett jornal» газетінің «Президент астананы жобалау мен салуға өзі қатысты ма?» деген сұрағына ол: «Әрбір үйге, әрбір сәулеткерлік жобаға, тіпті әр үйдің түр-түсіне дейін қатыстым… Мен сәулетшімін әрі осылай деп айтуға қысылмаймын» дегендей кітаптағы тартымды әңгімелер оқырманын өзіне қызықтыра түседі, — деді библиограф.

Бүгінде кітапхана сөресінен «Нұрсұлтан Назарбаев», «Ел жүрегі — Астана» атты еңбекті, сол сияқты қаламгер Сәдуақас Тортайдың Есіл-Нұра-Қарқаралы-Шыңғыстау-Көкше-Омбы-Жетісу желісімен жазылған «Астана аймағы» атты тарихи-танымдық жинағын да кезіктіруге болады.
Тақырыпқа байланысты ұйымдастырылатын виртуалды кітап көрмесінің оқырмандар үшін берері мол. Біріншіден, оқырмандарымыз мұндай мүмкіндікті пайдалану арқылы кітапханада Елбасы, елордаға қатысты жарық көрген кітаптардан хабардар болса, екіншіден, мазмұнына библиографиялық шолу жүргізіледі. Оқырмандарымызға өздерін қызықтырған тақырыптарды таңдауға кең мүмкіндік жасалады, — дейді Гүлмайрам Алатаева.

Кітапханашылардың айтуынша, виртуалды кітап көрмесі кезінде «Тұлға туралы толғамдар», «Елорда», «Астана ғасырлары», «Астана суретшілер көзімен», «Жан жүрегім — Астана», «Ақорда», сондай-ақ тәуелсіздік құрдастарының шығармалары басылған «Жеңімпаз ұрпақ», «Тәуелсіздік дәуірі» сияқты басқа да еңбектердің шығу тарихы мен мазмұнына кең көлемде шолу жүргізіледі.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button