Басты жаңалықтарМереке

Еуразия кіндігіндегі елордамыз — Тұңғыш Президенттің тарихи идеясы

«Шындығында, маған жаңа елордамыз үшін жан жүрегіммен алаңдай отырып, талай мәрте жобалар мен сызбаларды зерделеп, ұйқысыз түндер өткеруге, нақты құрылыс басында кеңес өткізуге тура келді.

Мен «Бәйтерек» монументі, «Пирамида», «Отан қорғаушылар» архитектуралық ансамблі, «Хан шатыр», «Астана Опера», «Мәңгілік Ел» кешендері  сияқ­ты бірқатар ғимараттардың үлгісін сызып, кәсіби шеберлерге олардың бейнесі мен идеясын ұсындым.

Иә, мен де бүкіл қазақстан­дықтар сияқты бұл қаланы бүкіл жан жүрегіммен қатты жақсы көретінімді жасыра алмаймын. Шетелдерге немесе Қазақстанның өңірлерінде болған алыс сапарлардан оралып келе жатып, мен әрқашан иллюминатордан елорданың панорамасын көргенше асығамын.

Менің туған күнімнің Елорда күнімен тұспа-тұс келгенін айрықша мақтан тұтатынымды ашық айтқым келеді. Өйткені Тәуелсіз Қазақстан, оның жаңа елордасы менің тағдырыма, өміріме, зор бақытыма айналды».

                                  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті —        

                                                                       Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Биыл құрылғанына 22 жыл толатын еліміздің бас қаласы — Нұр-Сұлтан туралы аз жазылып жүрген жоқ. 6 шілде — Елорда күні қарсаңында мұндай материалдар тіптен көбейеді. Енді ше, Алаш елінің астанасы — Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһары, жалпыұлттық идеяның басты нышаны. Ерке есілдің бойындағы әдемі шаһармен қалай мақтансақ та жарасады…

«Өткенсіз болашақ жоқ». Біз Нұр-Сұлтан қаласының тарихы, бүгінгі тынысы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына арнайы тоқталуды жөн көріп отырмыз.

Аумағы 722 шаршы шақырымнан тұратын шаһар

Тұңғыш Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Елдің жаңа астанасының халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Ал 1999 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Астана «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болды. 2000 жылдан бастап Қазақстанның бас қаласы — астаналар мен ірі қалалардың Халықаралық Ассамблеясының мүшесі. 2019 жылғы 23 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы — Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгертілді.

Қазіргі уақытта елорданың аумағы 722 шаршы шақырымнан, ал тұрғындар саны 1 миллионнан асады. Қала төрт ауданнан — Алматы, Сарыарқа, Есіл және «Байқоңыр» ауданынан тұрады. Нұр-Сұлтан Қазақстанның орталығынан солтүстікке қарай құрғақ далалық өлкеде, құрғақ бозды-бетегелі дала аймағында орналасқан. Қала аумағы аласа терраса — жайылма жер бедері түрінде келеді. Есіл өзені елорданың басты су көзі саналады. Ауа райы күрт континентальды — қысы суық әрі ұзақ, жаз мезгілі ыстық және бірқалыпты қуаң. Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы ел астанасын экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.

Құрылыс бұйымдарын шығарудан алдыңғы орында

Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Қала экономикасының негізі — сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары. Шаһардың өнеркәсіп өндірісі, негізінен, құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Бас қала Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді. Қаланың ірі кәсіпорындары қатарында Целиноград вагон жөндеу зауытын, «Цесна-Астық» концернін, «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құрастыру зауытын, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауытын айтуға болады. Қала Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді — елордада 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді.

«Біздерде мынадай бар…»

«Бәйтерек» кешені елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулетті ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат — «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум — «Думан» орталығын, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі мешіт — «Әзірет Сұлтан» мешітін, Әулие Успен Богородица кафедралдық соборын, Әулие Мария Архиепархиясы рим-католиктік кафедралдық соборын, «Бейт Рахель Хабад Любавич» синагогасын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, Қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады.

Қазақстанның елордасы елдің барлық өңірлеріндегі талапкерлер үшін тартымды орталыққа айналды. Мұнда отандық білім беру ісінің жетекшілері — Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан.

БИЫЛ ЕЛОРДА КҮНІ ҚАЛАЙ АТАП ӨТІЛЕДІ?

 Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, эпидемиологиялық ахуалға байланысты бұған дейін Елорда күніне жоспарланған барлық іс-шаралар тоқтатылды. Шаралар тек онлайн режимде өтеді. Бұл туралы қалалық мәдениет басқармасы хабарлады. Мысалы, «Домбыра күні» шарасын тұрғындар «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан тамашалай алады.

Іс-шаралардың көпшілігі әлеуметтік сипатта өтеді — ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған реабилитациялық орталық, жұмыссыз әйелдерге шағын және орта бизнес негіздерін үйрететін «Кәсіпкер ана» әлеуметтік орталығы, Жағалау ауданында жедел жәрдем стансасы мен «Доктор у дома» медицина орталығы және басқа да әлеуметтік нысандардың ашылуы болады. Шараларға қатысатын адамдар саны шектелген.

Сонымен қатар үй кезегіндегілер мен үлескерлерге пәтер кілттері тапсырылады.

Шетелдік делегаттар бас қосатын мекен

Бүгінде бұл қала халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Соңғы жылдар ішінде Қазақстанның елордасы бірнеше рет барша әлемдік қоғамдастықтың басты назарында болды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Нұр-Сұлтанда ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады.

2017 жылы елордада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтті, бұл мақсатта Есіл өзенінің сол жағалауында  көрме кешені — ЭКСПО-қалашығы бой көтерді. «ЭКСПО-2017» көрмесінің архитектуралық символына айналған көрме кешенінің орталық нысаны «Нұр әлем» деп аталады. Алып шар тәрізді ғимарат — әлемдегі ең үлкен сфера. Оның диаметрі 80 метр болса, биіктігі — 100 метр. Сегіз қабаттан тұратын нысанның әр қабаты ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергияға арналған. Ал сегізінші қабат «Астана — болашақтың қаласы 2050» экспозициясына арнайы бөлінген.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайтында атап өтілгендей, аталмыш сфераның төменгі қабатындағы 5 мың шаршы метр аумақта Ұлттық павильон бар. Павильон «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты екі басты тақырыпты қамтиды. Павильонның бірінші бөліміне ландшафт, мәдениет, тарих, Қазақстанның өткені мен болашағы туралы мәліметтер берілген. Ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетика — қуат көздерінің негізгі түрлері сандық, мультимедиялық және интерактивті технологиялар арқасында келушілердің назарын аударады.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің Тәуелсіздігінің символына айналды.

Жаңа жасыңмен, Нұр-Сұлтан!

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button