БілімБасты жаңалықтарМереке

 Назарбаев мектебі мен университеті  — Қазақстанның білім  саласындағы бренді  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтқанда, оның жастарға жанашырлықпен қолға алған бастамаларын атап өтпеу мүмкін емес. Соның жарқын мысалы — Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университеті мен еліміздің әр өңірінде жұмыс істеп жатқан Назарбаев зияткерлік мектептері.

Еліміздегі бірегей оқу ордасына — 10 жыл

Тұңғыш Президенттің бастамасымен 2010 жылы негізі қаланған Назарбаев университеті — әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуды көздейтін мемлекеттің флагмандық оқу орны.

Мұндағы баспасөз қызметінен білгеніміздей, студенттердің басым көпшілігі гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, инженерия, ғылым мен технология, сондай-ақ білім беру, мемлекеттік саясат және бизнестің жоғары мектептері бойынша оқиды. Жастардың арасында компьютерлік ғылымдар, инженерлік механика, роботты техника және мехатроника, білім беру ісін басқару, биологиялық ғылымдар, электрлік және электрондық инженерия мамандықтары ерекше сұранысқа ие.

Университетте білім алғандардың арасында жерлестеріміз аз емес. Солардың бірі — Жансен Ахметов. Ақтөбедегі Назарбаев мектебінде үздік оқыған ол биыл Нұр-Сұлтандағы біз айтып отырған жоғары оқу орнын да «қызыл дипломмен» тәмамдады. Кейіпкеріміз АҚШ-тағы екі бірдей университетке грантқа қабылданып тұр.

— Биыл электрлік және электрондық инженерия мамандығын үздік оқу үлгерімімен аяқтап отырмын. Енді магистратураға түспек ойым бар. Америкадағы екі университет білімімді тегін жалғастыруға шақырды. Күзге таман індетке байланысты жағдай түзелсе, таңдауымды жасап, жол жүру — басты жоспарым. Назарбаев университеті маған не берді дегенге келсек, ең алдымен, уақытты тиімді пайдалануды үйретті. Яғни мұнда бәрі жоспармен, бір минутыңды босқа өткізбейсің. Тайм-менеджменттің арқасында көп іске үлгеретін болдым. Сондай-ақ тек оқумен ғана шектелмей, стартап, спорт пен өнермен айналысуға мүмкіндік бар. Мысалы, мен хорға қатысып, театрда өнер көрсеттім. Мұнда шетелдегі мықты университеттердің оқытушыларымен бірлесіп, ғылыми зерттеулер жүргізуге болады. Егер жобаң жақсы болса, бірнеше ай сол жақта ақысыз тәжірибеден өте аласың. Мәселен, өзім Қытайдағы Zhejiang университетінде ғылыми-зерттеу жүргізіп, оның таныстырылымын жасау үшін АҚШ-тағы конференцияға сапарлаттым, — дейді 20 жастағы Жансен.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Назарбаев университетінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, 10 жыл ішінде аталған жоғары оқу орнын 4600 түлек тәмамдаған. Олардың 94 пайызы қазіргі таңда Қазақстанда әртүрлі салаларда еңбек етіп жүр.

«Барлық жағдай жасалған…»

Ал Гауһар Орынғалиева — Ақтөбедегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы. Биыл 12-сыныпқа көшкен ол осыдан 5 жыл бұрын жоғарыда аталған білім ошағына қабылданған.

Назарбаев мектебінде оқушыларға барлық жағдай жасалған. Ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Шетелден келген педагогтер жұмыс істейді. Яғни тіл меңгеруде мүмкіндіктер көп. Мектеп жанынан ашылған үйірмелер жетерлік. Және оның бәрі ақысыз. Мысалы, домбыра, актерлік шеберлік, хореография, қолөнер, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, футбол, робототехника, дебат, тағы басқалар. Бізде «Шаңырақ» қауымдастығы бар. Яғни жоғары мен төменгі сыныптардың кураторы, яғни жетекшісі — бір адам. Соның арқасында ұйымшылдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді жақсы қасиеттер ерекше дәріптеледі. Маған осы жоба ұнайды, — деп атап өтті Гауһар.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ақтөбедегі бұл мектепте зертханалар мен педагогикалық және ақпараттық технологияларды интеграциялау орталығы, жеке сабақ беру, психологиялық бейімдеу кабинеттері, 360 орындық асхана, екі спорт және акт залы, қысқы бақ бар. 159 компьютер мен 660 ноутбук, 60 интерактивті тақта оқушылардың игілігіне ұсынылған. Мекеме аумағында 5400 шаршы метрлік футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, теннис пен хоккей корты орналасқан. Аталған білім ордасының өзі 2013 жылдың 25 ақпанында шәкірттерге есігін айқара ашты. Бұл — Елбасының бастамасымен ашылған республикамыздағы оныншы зияткерлік мектеп.

Идея қалай жүзеге асты?

Елде әсіресе 2000 жылдардың басында білікті кадрларға сұраныс артты. Қазақстанда даярланбайтын мамандарды айтып отырмыз. Сондықтан 2008 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша зияткерлік мектептер құру жөніндегі жоба іске қосылды. Мұндай оқу ошақтары бастауыш мектеп (оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту), негізгі мектеп және жоғары мектеп деңгейлері бойынша білім беру бағдарламаларының қазіргі заманғы модельдерін әзірлеуді, оларға мониторинг жүргізуді, зерттеуді, талдауды, байқаудан өткізуді және іске асыруды жүзеге асыратын эксперименттік алаң ретінде құрылды. Жаңа технологияларға баса мән берілді. Іле-шала инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру үшін қажетті білім беру саласындағы қазіргі заманғы басқару нысандарын енгізу, академиялық еркіндік пен дербестікті дамыту үшін «Назарбаев университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Бұл мәртебе білім беретін оқу бағдарламаларын дербес бекітуге, қабылдау емтихандарына қойылатын талаптарды белгілеуге, үлгерімді бақылауға, аралық және қорытынды аттестациялау мен басқаларына құқықты білдіреді. Академиялық еркіндік қағидаты жаңа бағдарламаларды әзірлеу мен байқаудан өткізуді жеделдетуге, орта білім беру жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Осы қажеттіліктен елордадағы алғашқы Назарбаев зияткерлік мектебі 2009 жылы өз жұмысын бастады. Араға бір жыл салып, Назарбаев университеті ашылды.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button