Басты жаңалықтарМереке

Елбасы ашқан нысандар

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін республикамыздың түкпір-түкпірінде, оның ішінде облысымызда Елбасының қатысуымен бірқатар ірі кәсіпорындар мен әлеуметтік ғимараттар ашылды. Бүгінгі күні бұл нысандардың барлығы Ақтөбенің ажарын айшықтап, ел игілігіне қызмет етуде. Сонымен…

 «Нұр Ғасыр» мешіті

Бүгінде ақтөбеліктердің ғана емес, күллі еліміздің мақтанышына айналған, «Қазақстанның Тәж-Махалы» (Мырзатай Жолдасбеков) атанған Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр» мешіті — Елбасының қатысуымен ашылған нысандардың бірі. Ол екі жарым жыл ішінде салынып, 2008 жылы 22 қыркүйекте қасиетті Рамазан айында пайдалануға берілді.

Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының бұрынғы Президенті Дмитрий Медведев қатысты. Елбасы мешіттің ашылу рәсімінде халықпен кездесіп, өзінің жылы лебізін білдірген болатын.

Мешіттің құрылысына 220 мың адам, яғни облыста тұратын әрбір отбасы өз үлесін қосты. Оны тұрғызуға 5 миллион теңгеге дейін қаржы аударған отбасылары да бар.

Мешіттің «Нұр Ғасыр» аталуының да өз себебі бар. «Нұр» сөзі «Көк аспан», «Құдіретті Күштінің мейір шапағаты» деген мағынаны білдіреді.

Құрылыстың жалпы алаңы — 5,5 мың шаршы метр. Бүкіл аумағы — 400 мың шаршы метр. Мешіттің күмбезі — 40 метр, мұнараларының биіктігі — 63 метр. Күмбез алтынмен қапталған. Мешіттің іші-сырты, ұстындары, едендері, баспалдақтары түрлі түсті мәрмәрмен, сұрғылт гранитпен қапталған. Мешіт алдында субұрқақ және гүлзарлы алаң, түнде айналаны сәулелендіретін прожекторлар мен шамшырақтар қойылған.

Мешітте жұма және айт намаздары кезінде 4 мыңға жуық адам емін-еркін құлшылық жасай алса, жазда 10 мың адамның сәждеге жығылуына мүмкіндігі бар. Бүгінде бұл мешіт — Ақтөбедегі көз тартар зәулім құрылыстардың бірі.

Ақтөбе халықаралық әуежайы

Ақтөбе халықаралық әуежайы 2008 жылы екі жыл бойы қайта салынып, күрделі жөндеуден өтіп, Астана мен Алматыдағы халықаралық әуежайларының қатарына қосылды. Жаңа кешеннің алғашқы жолаушысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болды. Әуежай 2008 жылы Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының V форумы өткен күндермен сәйкес пайдалануға берілді.

Әуежайды қайта салуға шамамен 7 млрд теңге қаржы жұмсалған. Құрылыс жұмыстарының алғашқы сатысын астаналық «К-Дорстрой» компаниясы жүзеге асырса, «Тэхнэ-Строй» компаниясы шаруаны тиянақтады. Қайта жаңғырту жұмыстары кезінде ұшу-қону алаңының ұзындығы 3100 метрден 3200 метрге ұзартылып, әуежай төсеніштерінің көтеру қабілеттілігі күшейтілді. Әуежайдың жаңа ғимаратына аспалы айналма жол мен автопаркинг құрылғысы қойылды. Су және жылу жүйесі күрделі жөндеуден өтіп, жүк терминалы және әуе кемелеріне қосымша тұрақтар салынды.

Бүгінгі күні Ақтөбе әуежайы халықаралық стандарттар мен талаптардың бәріне толық жауап береді.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты

Облыс орталығындағы қазіргі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимараты, бұрынғы Достық үйі 2008 жылы құрылып, 2009 жылдың 10 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылды.

Ғимараттың ашылу рәсімінде Елбасы: «Біздің Қазақстан — көпұлтты ел. Әр ұлтқа өз мәдениетін, тарихын ұмытпауға, жаңғыртуға мүмкіндік берілген. Балаларға да өз ана тілін үйренуге жағдай бар. Оған дәлел — осы Достық үйі.

Мен үшін ең керемет концерт — Ассамблеяның концерті. Әр ұлттың өз мәдениетін көрсеткен сәті де өте әдемі. Сан ұлт өз тілінде ән шырқап, өз билерін билеген шақ бір әдемі гүл шоғыры іспеттес. Өмірдің гүл шоғыры! Мен сондай сәтте ерекше бір күйге бөленемін», — деді.

Достық үйінің атауы 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына байланысты «Қазақстан халқы Ассамблеясы» болып өзгертілді. Бүгінде мұнда 18 ұлттық-мәдени бірлестік жұмыс жасайды. Ғимаратта концерт залы, салтанат залы, хореография және конференц-залдары, ұлттық-мәдени бірлестік жетекшілерінің жұмыс бөлмелері, дыбыс жазу студиясы бар.

Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ

2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына арнайы келген сапарында облыс орталығында Орталық демалыс және мәдениет саябағында орналасқан Қазақстан халқы арасындағы достық пен бірліктің символы болатын «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарының тұсауын кесті. Шарада Елбасы:

— Қазақстанның жері ықылым заманнан бері қарай шығыс пен батыстың ортасында, үлкен жолдың торабында — Ұлы Жібек жолында орналасқан. Бағзы заманнан күні бүгінге дейін біздің жеріміз сауда мен мәдени айырбастар арқылы Азия мен Еуропа арасын өзіндік бір байланыстырушы буын қызметін атқарып келеді. Ғасырлар бойы Ұлы дала төсі көптеген халықтардың бейбіт мекені болды. Ол бүгін де ұлттар мен ұлыстардың ортақ үйі болып отыр. Бұл — бірлігіміздің жемісі. Ендеше алдағы уақытта ауызбіршілігіміз артып, ынтымағымыз жараса берсін! — деп тілегін жеткізді.

Кешеннің ашылу салтанатында қала халқы «Бірлік пен келісім» сулы-жасыл гүлзарына «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саябағы» атын беру туралы ұсынысын айтқан болатын. Кейін тұрғындардың бұл ұсынысы қолдауға ие болып, бүгінде орталық саябақ «Тұңғыш Президент атындағы саябақ» деп аталады.

Қазіргі таңда бұл саябақ көпшілік-мәдени, мерекелік іс-шаралар өткізетін, ақтөбеліктер бас қосатын орынға айналды.

Көктау мыс комбинаты

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы Хромтау ауданындағы Көктау ауылындағы мыс кенін байыту комбинатының ашылуына арнайы келіп қатысты. Салтанатты жағдайда комбинаттың бірінші кезегі іске қосылды. Жаңа комбинат 1,5 жылда салынып бітті. Комбинаттың бірінші кезегінде 900 адам, екінші кезегінде 1700 адам жұмыс істейді. Комбинаттың жанында қиыршық тас зауыты бар.

Сол жылы Елбасы Көктауға келген сапарында ауыл тұрғындарының өтініші бойынша басына киген каскасына қолтаңбасын қойып, ескерткішке беріп кеткен. Бұл құнды экспонат аудандық мұражайда сақтаулы тұр.

Полиэтиленді құбырлар шығаратын зауыт

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы наурыз айында келген сапарында Ақтөбедегі «Актюбстройхиммонтаж» ЖШС полиэтиленді құбырлар шығаратын зауытта болып, жаңа өндірістің тұсауын кесті.

Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жұмыс істейтін бұл кәсіпорын тұтынушыларға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және мұнай-газ салаларында қолданылатын диаметрі 20-дан 630 миллиметрге дейінгі жоғары және орта қысымдық құбырларды ұсынады. Зауыттың қуаттылығы — жылына 20 мың тонна өнім. Өндірістік процесс барысында ең озық инновациялық технологиялар қолданылады. 

 «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС-ның газ өңдеу зауыты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің  20 жылдығында елордадағы «Велотрек-Са­рыарқа» спорттық кешенінде Индустрияландыру күнінде өткен телекөпір аясында Ақтөбедегі «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС-ның газ өңдеу зауытын салтанатты түрде іске қосты.

Нұрсұлтан Назарбаев ақтөбеліктерге ризашылығын білдіріп:

— Біздің елімізде Ақтөбе облысы мұ­най-газ өндіретін маңызды өңірлердің бірінен саналады. Мына газ өңдеу зауыты әсіресе елімізге аса қажет. Сон­дықтан жылдан-жылға газ өндіруді өр­кендетіп келе жатқан Ақтөбе облысы­ның еңбеккерлеріне ризашылығымды ай­тамын, — деді.

Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған бұл жобаның құны — 41,7 млрд теңге. Кәсіпорында жылына 420 миллион текше метр ілеспе мұнай газы өңделеді. Сондай-ақ мұнда 320 миллион текше метр тауарлық құрғақ газ, 57 мың тонна күйдірілген газ (пропан-бутанды қоспа) және 10 мың тонна түйіршіктелген күкірт өндіріледі.

 Ақтөбе рельс-арқалық зауыты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың нәтижелері қорытындыланған жалпыұлттық телекөпір арқылы Ақтөбедегі рельс-арқалық зауытының жылыту пешін іске қосты.

Елбасы жаңа өндірісті ықыласпен қабылдап:

— Бұл — Қазақстандағы тұңғыш рельс шығаратын зауыт. Өте қажет. Қанша шақырым теміржол салып жатқанымызды өздеріңіз көріп отырсыздар. Сондықтан бұл — үлкен қуаныш, құттықтаймын! Кәсіпорынды ашуға рұқсат етемін, — деді.

Ақтөбедегі рельс-арқалық зауыты пайдалану ресурсы жоғары жылдамдықтағы жүк және жолаушылардың жүрдек пойыздары үшін рельстер, арқалықтар, бұрыштамалар мен швеллер шығарады. Ақтөбенің рельс-арқалық зауытының өнімі ішкі нарықты қамтамасыз етумен бірге Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Грузия, Түрікменстан, Ресей Федерациясы мен Эстония, Иранға экспортталады. Бүгінгі күні зауытта «Siemens VIA Metals Techologies» атты жаңа технология қолданылады. Аталған технология зауытта шығарылатын рельстерді жоғары жылдамдықтағы қозғалыс желілерінде және жүк жүктемесі жоғары желілерде пайдалануға мүмкіндік береді. Жалпы Қазақстанның магистральді теміржол желісін жаңғырту үшін «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС арасындағы рельс сатып алу туралы ұзақ мерзімді келісімшарт аясында 2022 жылға дейін 600 мың тоннадан астам рельсті жеткізу жоспарланған.

«Қазхром» ТҰК» АҚ ферроқорытпа зауыты

2014 жылы облысқа жасаған жұмыс сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-ның жаңа ферроқорытпа зауытының бірінші балқыту пешін салтанатты жағдайда іске қосты. ҚР Тұңғыш Президенті кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесті, олар мемлекет тарапынан металлургтерге тұрақты түрде назар аударылып, қолдау көрсетілетіні үшін алғыс айтты.

«Қазхром» ТҰК» АҚ ферроқорытпа зауытының жобалық қуаты —  жылына 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохром өндіру. Жылына 226,5 мың тонна өнім өндіреді. Зауыт құрылысының құны — 843 млн доллар.

Айта кету керек, Елбасы 2017 жылы қазан айында өңірге келген ресми сапарында

«Қазхром» ферроқорытпа зауытында болып, кәсіпорынның  жай-күйімен, зауыттың №4 инновациялық цехының жұмысымен танысқан болатын. Сол кезде Елбасы: «Кәсіпорынның негізгі тұтынушылары мен экспорт көлемін одан әрі көбейту жолдарын қарастыру керек», — деп тапсырма берген.

Бүгінде «Қазхром» ферроқорытпа зауыты — Ақтөбе облысындағы ең ірі, негізгі жұмыс беруші кәсіпорын. Ондағы жаңа зауыттың өзінде 700 адам жұмыс жасайды.

Алға ет өңдеу комбинаты 

Елбасы 2015 жылы Индустрияландыру күні аясында жалпыұлттық телекөпір арқылы онлайн режимде индустрияландыру картасының 18 жаңа нысанын іске қосты. Олардың қатарында Алғадағы «АкТеп» ЖШС ет өңдеу комбинаты бар.

Еліміздегі баламасы жоқ ерекше кешен — ет өңдеу кәсіпорны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың телекөпір арқылы қатысуымен жүзеге асып, пайдалануға берілген.

Жобаның жалпы құны — 2,2 миллиард теңге. Оның 930 миллион теңгесі жабдықтарға, қалғаны құрылыс салуға жұмсалған.

«АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір мезетте 11 мың ірі қараны бордақылауға қояды. Жылына екі мәрте бордақылағанда бұл екі есе көбейеді, яғни 22 мың ірі қара болады. Жаңа ет өнімдерін өңдеу кешенінің толық қуаты жылына 7200 тонна ет немесе 36 мың ірі қара қажет етеді. Серіктестік жетпес ірі қараны жекелеген асылтұқымды ірі қара өсіретін шаруашылықтардан, шаруа қожалықтарынан қабылдап алып, кешенге тапсырады.

Газ өңдеу кешені

2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Тәуелсіздігі күні қарсаңында Индустрияландыру күніне арналған дәстүрлі телекөпір барысында тікелей эфир арқылы облыстағы «Gas Processing Company» ЖШС салған заманауи газ өңдеу кешенінің жұмысын бастауға пәрмен берді.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұнай-газ саласының зор қуатының еліміздің экономикасында алатын орнын, аталған жобаның стратегиялық маңызын атап көрсетіп:

Бұл — өңір тұрғындары үшін өте қуанышты жаңалық. Қазақстан — мұнай мен газ өндіретін елдердің бірі. Сондықтан тұрғындарды газбен қамтамасыз ету — біздер үшін маңызды міндет. Қазір біз «Сарыарқа» газ құбырын салайын деп жатырмыз және осының бәрі халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жасалуда. Мен сіздерді қуанышты жаңалықпен, өндірістің іске қосылуымен құттықтаймын. Сәт сапар! — деді.

Байғанин ауданының аумағында орналасқан, «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорны салған ілеспе мұнай-газын кәдеге жарататын заманауи газ өңдеу кешенінің қуаттылығы — сағатына 40 мың текше метр. Ол жылына 226 текше метр тауарлы газ, 37 тонна пропан-бутон қоспасын, 5,4 мың тонна газ конденсатын, 10,5 мың тонна түйіршіктелген күкірт шығаруға мүмкіндік береді.

Зауыт жүйесі толық автоматтандырылған. Бұл жобаның бір ерекшелігі, бастапқы газды меркаптан мен күкірт сутектен тазартуға мүмкіндік беретін «Дао» америкалық компаниясының инновациялық технологиясын қолданады.

Р.S. Бұл ғимараттар мен кәсіпорындар — Елбасының қатысуымен ашылған нысандар. Сондай-ақ 2018 жылы қазан айында Ақтөбеге арнайы келген сапарында ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Дару жарығы» офтальмологиялық орталығы мен «Аяла» балаларды әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту орталығының жұмысымен танысып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерген Мұз сарайы мен «Асе» теннис орталығына да барған болатын. Сонымен қатар Елбасы елорданың 20 жылдығында ақтөбеліктердің жасаған тартуы — «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу салтанатына да арнайы қатысқан. Аталған шарада Елбасы елорданың 20 жылдығына тарту жасаған Ақтөбе облысына ерекше ризашылығын білдірді.

Айта кету керек, «Бейбітшілік қабырғасының» жалпы ұзындығы — 111 метр, ені — 18,4 метр, биіктігі — 17,5 метр. Оны тұрғызуға жалпы аумағы 6 000 текше метр болатын 1200 тонна гранит пайдаланылған. Мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған. Жоба құны — 1,8 миллиард теңге.

Әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button