Ауыл

Тарышы ауылдың бір табысы туризм бола ала ма?

Әйгілі тарышы, рекордшы Шығанақ Берсиевтің атын иеленген Қаратал ауылы Ойыл ауданынан 20 шақырым жерде орналасқан. Әуелден құт дарыған өңірдің өлкесі кең, табиғаты әсем, көрікті жерлері көп.

Жазғы үміт — жаңбыр

Сүлеймендей сынықшы жатқан киелі жер қысы-жазы қонақтардан бір арылмайды. Одан беріде еңбек майданында батыр атанған Социалистік Еңбек Ерлері шыққан ауылдың тарихы республикаға мәлім.

Облыс орталығынан шалғай жатса да ақ тарының отаны саналатын ауылды көргісі келетін жандар көп. Әсіресе «Ойылдың бренді» атанған тарысы әлі де саудадан түскен жоқ. Облыс тұрғындары сөреден бірінші сол тарыны іздейді. Егер сол ауылға барып, аралай қалсаңыз, Ащы Ойылдың сағасындағы егін жаппаларын көресіз. Ғасыр алмасса да сол кездегі қайталанбас еңбектің ізін табиғат та

жаба алмаған.

Облыс орталығынан аудан орталығына барғанша жазық, жусанды төбелерден басқа көзіңізге ештеңе түспейді. Саралжынның тұсындағы екпе талдар ғана алда орман болуы мүмкін екенін елестетеді. Ал Ойылға кіреберісте ұзын жолдан кенет солға шорт бұрыласыз. Міне, сол кезден бастап қарағайлы ормандар, тау құмдар Қараталға жеткенше еріп отырады. Барқын құмының етегі неше түрлі ағаштарға толы. Сол жағыңызда орманды құм болса, оң жақта Ойыл өзені жанамалай ілеседі. Құм мен судың ортасындағы табиғатты тамашалай отырып, Қараталға қалай жеткеніңізді білмей қаласыз.

Өзге округтерге қарағанда, Қараталдың мәдениеті, рухани жетістіктері көш ілгері. Бұл жерден ақын, сазгер, әншілер көптеп шықты. Облыстан келетін әкім, басшы, қонақтар бұл ауылға бір соқпай кетпейді.

Сол ақ тарының отанында жасалуға тиіс барлық жұмыстар қарқынды жүрді. Әлеуметтік нысандары түгелдей жаңарды. Қараталдың көшелері соңғы екі-үш жылда айтарлықтай көркейді. Саябақ жасақталып, спорттық алаң салынды. Ендігі кезекте көптің күткені — көгілдір отын. Оның да келер күні алыс емес. Жобалық-сметалық құжаты жасалып жатыр. Ал жолы өткен жылы тегістеліп, жөнделді. Ауыл ішіндегі екі көшеге асфальт төсеуге қадамдар жасалуда. Округте 2030 адам тұрады. Орталықта 240 түтін бар. Көшу тоқтаған. Тұрғындары тұрақты. Негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғанымен, жастар жағы жаңа кәсіптерге бет бұрып келеді. Табиғаты дәстүрлі емес шаруашылықтарға өте қолайлы. Қарасу елді мекеніндегі өзенге қойылған үлкен плотина сол жақтың демалыс орны сияқты. Өзен жағасы демалушылардан бір босамайды.

Екінші ауылы Құмжарған — егін салып, мал өсіріп, нағыз шаруашылықты дамытатын жер. Биыл бұл ауылға «Билайн» ұялы байланыс желісі орнатылады. Бұл — тұрғындардың көптен бергі тілегі. Округте 67 шаруа қожалығы бар. Өрісінде 6 мыңнан аса ірі қарасы, 22 мың қойы, 2 мыңға тарта жылқысы жайылатын округте 3 мыңнан астам құс бағылады.

Еншісін еңбектен алған ауыл атаның ізін әлі де жалғастырып келеді. Екі-үш шаруа қожалығы тары салады. Демек, бұрындары ширек ғасыр ажырап қалған атакәсіп қайта жалғанды.

Бірақ тары егу де оңай шаруа емес. Диқаншылардың көбі қырлық тары егеді. Оны аспан суына тапсырады. Жаз жаңбырлы болса, егін де бітік шығып, өнім мол болады. Ал соңғы жылдардағы құрғақшылықтың салдары көп әсер етті. Сонда да диқаншылық кәсібін тоқтатпаған шаруалар үлкен тәуекелге барады.

7-8 жылдан бері тары егеміз. Сол ауылда жеріміз болғаннан кейін қол қусырып отыру Шығанақтай атамыздың атына сын. Негізінде, пайда көріп отырған жоқпыз. Тек өз шығынын жапса, соған шүкір дейміз. Биыл 100 гектар жерге тары ектік. Бастапқыда жаңбыр жауып, қазіргі таңда жақсы көтеріліп тұр. Әлі екі-үш жаңбыр керек. Ал көктен ештеңе тамбаса, босқа күйіп кетеді. Қырлық тарының бір қиыны — осы. Суармалы жерге салуға оған арнайы техника керек. Ондай техникалар өте қымбат болғандықтан алуға мүмкін болмай тұр. Жалпы, тарының өсу ұзақтығы — 90 күн. Егер бітік шығып, дер кезінде орып, жинап алынса, пайда көп қой, — дейді «Ақжол-М» шаруа қожалығының басшысы Ғали Мусин.

Ел көзіндегі ауылдың әкімі

Мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеріп, жергілікті жастардан кадр дайындау — кезексіз қолға алынған іс. Сырттан маман іздемей, ауылдың жас мамандарын үлкен қызметтерге бейімдеп, жастарға мүмкіндік беру жұмыстары нәтижесін беріп келеді.

Әділбек Ізбасов — Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқып, дипломмен туған жеріне келген жас мамандардың бірі. Мемлекеттік қызметке ерте араласты. Басында селолық әкімшілікте жетекші маман, кейін бас маман болып бірнеше жыл абыройлы қызмет жасады. Облыс орталықтарында жұмыс табылғанымен, алғашқы еңбек жолын ауылдан бастауды жөн көрген ол қоғамдық жұмыстарға құлшына кірісті. Ауыл өміріне белсене араласты. Кейбір округке қатысты мәліметтерді сұрағанда, іркілмей жауап берген, құжатқа ұқыптылығымен, қабілетімен аудан басшыларының назарына іліккен оның осындай әрекеттеріне қарап ауылдастары «Әкім бала» деп ат қойды. «Халық айтса, қалып айтпайды». Ауыздарына Құдай салған болар. Кейін Әділбек 27 жасында өз ауылының тізгінін ұстағанда, жас деп ешкім таңғалған жоқ. Қайта өз ауылынан атқамінер бала шыққанына қуанды. «Жас келсе — іске» деп қолдау көрсетті. Ал Әділбектің айтуынша, әкім болу — үлкен жауапкершілік.

Біріншіден, бұл — елдің көзінде тұрған ауыл. Өзге округтерге қарағанда, келім-кетім кісі көп мекен. «Ақ тарының атасының ауылы» деп бір адам келсе, «әулие жатқан киелі жер» деп екі адам келеді. Әрбір келген адам — сыншы. Бұрын білінбейтін. Қазір барлық көз бен сөз өзіңе тиетінін сезесің. Сондықтан ауылдастардың да, қонақтардың да әр сыны маған сабақ. Әкім болғанда тау қопарып, мынаны жапырып істеймін деп ешкімге уәде бермедім. Иедяларымды халықпен бірге жүзеге асырамын. Үлкендермен ақылдасамын. Ортақ шешімін іздеймін. Қателесуге болмайды. Ауылымызда мүмкіндік көп. Қомақты қаражат керек. Бірақ соған қарамастан, алға қойған жоспарларым бар. Мал бағу, егін салу, кәсіп ашу деген әркім өзі үшін жасайтын тірлік. Ал мен ортақ дүние қалыптастырғым келеді. Соның бірі — туризм саласын жандандыру. Табиғатымыз соған сұранып тұр. Өзен мен орманның ортасында отырмыз. Табиғат сыйлаған осынау сыйды тиімді пайдалану керек. Қарасу ауылында демалыс орнын жасап, бие байлап, келушілерге киіз үйлер тігіп, қымызбен қарсы алсақ деймін. Шығанақ атамыздың кесенесі де сонда. «Егізқара», «Байбике», «Құсмұрын» секілді көптеген тарихи жерлеріміз бар. Соның бәрін жандандырып, келушілердің көзін тартатындай, қызығатындай етіп жасау алдағы күннің еншісінде тұр. Менің әкімдік қызметке келуім маңызды емес. Әкім бүгін келеді, ертең кетеді. Маңыздысы — елмен бірге елге қызмет ету. Жерге қызмет ету. Ұрпақ қызығын көретін іс қалдыру, — дейді ауданның ең жас әкімі.

Оның сөздерінің жаны бар. Жас болса да бас болып, ең керекті жобаларға қол созуы — аудан үшін де шешімін күткен шаруалар.

Әділбек енді 29-ға толады. Жақында отау құрды. Өзі әкім бола тұра, шақырылуы тиіс қонағын қысқартты. Қазіргі жағдайдағы талаптарды сақтады. Қазір той жасау үшін адам санына қатысты әкімнің рұқсаты керек. Ал әкімнің өзі тәртіпке бағынды.

Өміріңде бір келетін үйлену тойын кімнің дүркіретіп өткізгісі келмейді. Бірақ 20-30 адаммен ғана шағын той өткізіп, бет ашу, сырға салу рәсімін жасадық.  Киіз үй де тіккен жоқпыз. Мұнымен той-садақалардың шектеулі болуы керек екенін жастар да білуі тиіс. Қазір жұрт түсінді. Бұрынғыдай адам шоғыры жоқ. Ағайын-тума, ет жақындарымен ғана өткізіп жатыр. Әзірге тек рәсімін жасап, үлкен тойды кейінге қалдырған дұрыс, — дейді Әділбек.

Қалай айтсақ та, әкімі жақсы ауылдың ажары кіреді. Ал әкім ауылымен абыройлы. Қаратал селолық округінің әкімі Әділбек Ізбасов өзіне сенім білдірген ауылдастарының аманатын арқалап жүр.

«Қай істе де жерлестердің қолдауы керек. Өзің ештеңе жасай алмайсың. Кешегі карантин кезінде бір кісідей жұмылып, бір-біріне демеу болды. Көмекке мұқтаж жандарға қол созды. Мен ауылдастарымның осындай сын сағаттарда әлі де белсенділік танытатынына сенімдімін. Ал тары өсіруде Болатбек Мырзакенов, Таңат Бейсенғалиев, Серікқали Құлтеміровтерге ерекше алғыс айтқым келеді», — деп қорытты сөзін ол.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button