Жаңалықтар

Ақтөбеде дәрі жетіспеушілігі әлі бар

Брифинг

Өңірде пандемияға байланысты жағдай мәз емес. Коронавирусқа шалдыққан науқастардың саны күн санап артып жатыр. Дәріханаларда ұзын сонар кезек. Осыған байланысты нендей шаралардың атқарылып жатқаны турасында кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов пен облыс әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Әсет Қалиев онлайн режимдегі брифингте айтып берді.

— Бүгінгі таңда облыс бойынша 2500-ден астам орынға шақталған провизорлық және инфекциялық стационарлар жұмыс істеп тұр. Нақтырақ айтатын болсақ, оның 2194-і провизорлық, ал 337-сі инфекциялық.

Қосымша стационарларды дайындау — қазіргі кездегі басты мақсатымыз. Кеше «Дәру» емханасында 174 науқасқа арналған провизорлық стационар ашылды. Бүгіннен бастап Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 600 орындық жатақханасы провизорлық стационар ретінде жасақталып жатыр. Сосын 10 шілдеден бастап инфекциялық аурухананың жанынан 25 орындық бөлімше жұмысын бастамақ. Ол жерге ауыр жағдайдағы науқастар қабылданады. Сондай-ақ, 12 шілдеден бастап балалар ауруханасында ересектерге арналған 50 орын қарастырылады. Ал тамыз айында емдеу-сауықтыру мекемесінде 130 орындық тағы бір осындай провизорлық орталық ашылады деп күтілуде.

Қазіргі кезде барлық провизорлық орталықтарға дәрі-дәрмектер жеткізіліп жатыр. Ондағы препараттар біздің жоспарымыз бойынша 20 күнге жетеді. Стационарлар мен дәріханаларды препараттармен қамту үшін Ресейдің ірі компаниясымен келісім жүргізіліп жатыр. Жуық арада 3 айға жететін дәрі қоры қамтамасыз етілетін болады.

Әрине, дәріханаларда дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі барын білеміз. Оны жасырмаймыз. Бұл тұрғындардың препараттарға сұранысы көп болғаннан кейін орын алып отыр, — деген Нұржауған Қалауов кеше емдеу мекемелеріне 25 жасанды тыныс алу аппаратының әкелінгенін, жоғарыда аталған медициналық мекемелердің жұмысымен облыс әкімінің танысқанын атап өтті.

Оның сөзінше, қазіргі таңда провизорлық стационарларда 2 мыңнан астам дәрігер жұмыс істеп жатыр. Вирус жұқтырғандардың арасында ақ халаттылар да бар, олар емделу үстінде.

«Талапкерлер медициналық тексерістен өте алмай жүр, жалғыз ғана емханадағы кезекті сөзбен жеткізу қиын» деп шағымданған ата-аналарға Әсет Қалиев бұл мәселенің шынымен өзекті екенін, келесі аптада қосымша емханалар қарастырылатынын айтты. Сондай-ақ ол провизорлық стационарлардағы науқастардың саны туралы:

— 1287 науқас провизорлық стационарда ем алып жатыр. Тарқатып айтсам, теміржол ауруханасында — 266, Ақтөбе медицина орталығында — 377, туберкулезге қарсы диспансерде — 428, «Шағала» шипажайында — 128, ал «Дәру» емханасында 88 науқас бар, — деді.

Тікелей эфир барысында ақтөбеліктер қажетті дәрілердің қат екеніне кезекті рет арызданды.

Жұртшылық арасында үйінде өздігінен ем алып, қажетті ем-домын жасап жатқандар аз емес. Солардың сұрақтарына жауап беру үшін таяуда «қызу желі» іске қосылмақ. Тұтқаның арғы жағынан М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушылары хабарласушыларға ақыл-кеңесін береді деп жоспарланып отыр. Ақысыз арнайы қызметтің телефон нөмірлері бірер күнде жарияланады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button