Жаңалықтар

32 отбасы баспаналы болды

Мереке қарсаңында қобдалықтардың да қуанышы еселене түсті. Мереке алдында тұрғын үй кезегінде тұрған 32 отбасы баспаналы болса, Қобда, Жиренқопа, Ақырап ауылдарында газ құю бекеттері ашылды. Аталған шаралар аудан әкімі Болат Құловтың қатысуымен өтті.

Аудан әкімі алдымен ауданның Ресей Федерациясымен шекаралас жатқан Жиренқопа ауылында болып, құны 10 миллион теңгені құрайтын газ құю бекетінің ашылу салтанатына қатысты. Ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықтарымен құттықтаған аудан әкімі алдағы уақытта да ауылдарда шағын және орта кәсіпті дамыту басты назарда екендігін айтты.

Бұдан соң  «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұзтөбе» республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойында орналасқан 700-ге жуық тұрғыны бар Ақырап ауылындағы газ құю бекетінің ашылу шарасы өтті. Жаңадан ашылып жатқан газ құю бекетінде жергілікті тұрғындардан 3 адам жұмыспен қамтылады. Ал Қобдада ашылып жатқан газ құю бекеті аудан орталығында — алтыншы бекет. Тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан үшін газ құю бекеттерінің санын арттыру маңызды іс. Өйткені ұзын сонар кезек болмайды әрі көгілдір отыннан тапшылық туындамайды.

Бұл күні қобдалықтар тағы бір үлкен қуаныштың куәсі болды. Аудан әкімі 32 отбасыға пәтер кілттерін табыс етті. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген тұрғын үйді иеленгендер қатарында аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және бюджеттік мекеме қызметкерлері бар.

— Елорда күні қарсаңында аудан аумағында бірқатар жағымды жаңалықтардың куәсі болып отырмыз. Қобда, Жиренқопа, Ақырап ауылдарында газ құю бекеттері ашылып, ауыл азаматтары жұмысқа орналасса, бірнеше жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар баспаналы болып жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы өткен жылы 8 пәтерлі 3 үй пайдалануға берілсе, биыл 16 пәтерлі 4 тұрғын үй халық игілігіне берілді. Өткен жолы облыс әкімінің қатысуымен 32 отбасыға пәтер кілттерін табыстаған болатынбыз, — деп тұрғындарды қуанышымен құттықтаған аудан әкімі қобдалықтарға қазіргі жағдайда барынша оқшауланып, өздерін күтуді сұрады.

— Аудан бойынша дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Азық-түлік те жеткілікті. Сондықтан елдегі жағдайды ескере отырып, себепсіз облыс пен аудан орталықтарына бармауларыңызды сұраймыз, — деді өз сөзінде.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан тұрғындарының  75,6%-ы таза ауызсумен, 47%-ы көгілдір отынмен қамтылып отыр. Бұған дейін И.Білтабанов, Калиновка, Бегалы және Егіндібұлақ  ауылдарына газ тартылса, қазіргі уақытта Жаңаталап, Терісаққан, Жарсай ауылдарын газдандыру үшін  жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, сараптамадан өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ Қобдада шағын және орта бизнесті дамыту бағытында қарқынды жұмыстар жасалып жатыр. Соңғы екі жылдың ішінде ауданда 10-ға жуық ірі кәсіпкерлік нысандары бой көтерген.  Мәселен, ағымдағы жылы аудан орталығындағы Алматы көшесінің бойынан «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының аясында жиһаз дүкені мен шағын цехтың құрылысы басталған. Құны 40 миллион теңге болатын жоба аясында 5 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.  Сонымен қатар Қобдада ветеринарлық дәріхананың құрылысы жүргізілуде. Ал қазір жергілікті әкімдіктің ұсынысымен бұрынғы ветеринарлық зертхананың ғимараты демеушілер тарапынан жөнделіп жатыр.  Алдағы уақытта қажетті дәрі-дәрмектермен қамтып, 1 тамызға дейін қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Қобдалықтардың бірнеше жылдан бері айтып жүрген ұсыныстарының бірі —  ескі кәріз жүйесін қайта жаңғырту. Биылғы жылы осы мәселе шешімін тауып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020»  бағдарламасы аясында кәріз жүйесі қалпына келтірілуде.  Қобдалықтар кәріз жүйесінің келуін жалпы өркениеттің алға басуы деп санайды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button