Жастар

«Жасыл ел»: жасақтың жаңа маусымы

«Жасыл ел» еңбек жасағының XVІ маусымы өз жұмысын бастады. Облыс бойынша биылғы еңбек маусымына 3105 жасты тарту жоспарланған.

Жастардың жұмысы биыл да облыстық жастар саясаты мәселері жөніндегі басқарма арқылы 3 басқарманың: Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен бірігіп ұйымдастырылуда.

Еңбек жауынгерлері үш бағытта, яғни құрылыс, абаттандыру және көгалдандыру жасақтарында жұмыс істеп, жұмыстан тыс уақытта қаламызды көркейту және қоршаған ортаның экологиялық жағдайына көңілін аудару мақсатында «Таза қала — таза жағалау», «Менің атаулы ағашым», «Экология — жастар көзімен» тәрізді акцияларға өз үлестерін қосып тұрады.

Осыдан 15 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел жастары еліміздің гүлденуіне, көркеюіне үлес қоссын деп «Жасыл ел» қозғалысын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Осы жылдар аралығында республика бойынша мыңдаған еңбексүйгіш жас туған жердің өркендеуі жолында еңбек етіп, бірталай шаруалар атқарды. Олардың қатарында біздің ақтөбелік жастардың да ойып тұрып алар орны бар.

Биыл да жылдағыдай жұмысқа тұрғысы келетін жастар 16-ға толған болуы шарт. Жұмысқа қабылданған жастардың әрқайсысымен жеке еңбек шарты жасалып, ай сайынғы жалақылары банк карталарына аударылады. Жалақылары шамамен 70 мың теңге көлемінде, — дейді Ақтөбе облысы бойынша «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының үйлестірушісі Әлішер Мәжит.

«Жасыл елдің» алғашқы маусымында 400-ден астам жас жұмысын бастап кеткен. Қазіргі уақытта жасақшылар Ақтөбе қаласы мен облыстың 12 ауданын көркейту, көгалдандыру және тұрғын үйлер мен маңызды әлеуметтік ғимараттарды тұрғызумен айналысып жатыр.

Әлішер Мәжиттің айтуынша, жаз айларында «Жасыл елде» еңбек еткісі келетін жастардың саны көп. Бірақ биыл еңбек мауысымына қабылданып жатқан жастардың дені — аз қамтылған, көпбалалы, толық емес отбасылардан шыққандар.

— Біздің мақсатжастарға жұмыс тауып беріп, орналастыру. Ал атқаратын жұмыстарды жұмыс беруші тарап ұсынады. Биылғы беріліп жатқан жұмыс формалары жұмысқа ыңғайлы әрі барлық талаптарға сай. Бетперде, жұмыс қолғаптары да тегін беріледі. Жастар аптасына бес күн жұмыс жасап, екі күн (сенбі, жексенбі) демалады. Жұмыс кестесі — таңертең 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін, — дейді «Жасыл ел» жасағының үйлестірушісі.

Айта кетейік, жылдағы дәстүр бойынша биыл да «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының үздіктері қосымша марапатталатын болады. Маусым қорытындысы бойынша ең үздік жұмыс жасаған 25 адамға Нұр-Сұлтан қаласына баруға жолдама беріледі.

«Ақтөбенің» анықтамасы:

 «Жасыл ел» – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Нұр-Сұлтан  қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы­ның республикалық штабы құры­лып, республиканың барлық аймағында бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен болатын.

«Жасыл ел» бағдарламасына содан бері республика бойынша 250 мыңнан астам жас тартылды. Олар 44,295 млн түп ағаш егіп, 148 992 гектар жер өңдеді.

МӘРТӨК: 150 ЖЫЛДЫҚҚА — 150 ЫҚЫЛАС

«Жасыл елдің» жаңа маусымы Ақтөбе қаласымен қатар, облыстың барлық 12 ауданында жүзеге асырылып жатыр. Өңірдің орман алқаптары бар аудандарында тұратын жастар орман шаруашылығы бағытында жұмыстар жасап жатса, қалған  ауданның жастары туған жерін көгалдандыру үшін тер төгуде.

Мәселен, биыл мерейлі Мәртөк ауданына 150 орын бөлінген. Яғни ауданның 150 жасы жаз бойы туған өлкесін гүлдендіру жолында еңбек етіп, ай сайынғы жалақысын алады.

Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Рүстем Ерімбетовтің айтуынша,

бүгінгі таңда жастар тарапынан құжаттар қабылданып, жұмысқа қабылданғандар тізімі шығарылған.

— Ауданда жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында нақты жұмыстар қолға алынған. Биыл да жастарды уақытша қоғамдық жұмыстарға орналастыру, аумақты көгалдандыру және абаттандыру, құрылыс жұмыстарына қатыстыру бойынша төрт жақты өзара меморандумға қол қойылған болатын. Ал «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарына студенттер мен мектеп оқушылары алынды. Жаз айларында «Жасыл елде» еңбек еткісі келетіндер көп. Бірақ біз еңбек жасағына аз қамтылған, көпбалалы, толық емес отбасылардан шыққан жастарды тартып отырмыз, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы.

Аудан көлемінде көгалдандыру жұмыстарына 40 адам бағытталса, абаттандыру бойынша 110 жас тартылып отыр. Көгалдандыру бағыты бойынша алғашқы маусымда өз жұмысын бастаған 20 жас Мәртөк орман шаруашылығында өз жұмыстарын бастаса, абаттандыру бағыты бойынша іске кіріскен Мәртөк жастары ағаш әктеу, қала көшелерін қоқыстан тазалау секілді жұмыстармен айналысып жатыр.

Шілденің алғашқы күнінен бастап Мәртөк орман шаруашылығында жұмысын бастаған жастардың бірі — Әлия Сабырова. Биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан ол «Жасыл елде» еңбек етуді жөн көріпті. Алғашқы еңбек жолының туған жерінің көркеюі жолында басталғанына жас түлек ерекше қуанышты.

— Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасы жыл сайын өзінің жемісін беріп келеді. Осы уақытқа дейін мен секілді мыңдаған жас осы жерде еңбек етіп, адал ақша тапты. Меніңше, «Жасыл ел» — адал, Отанын шексіз сүйетін біз секілді жастардың тірегі. Бұған дейін «Жасыл елде» отбасымыздан ағам ғана еңбек еткен болса, биыл екеуміз бірге жұмыс жасап жатырмыз. Жұмыстың еш қиындығы жоқ. Барлығы уақытымен және өзіміз секілді жастар болған соң көңілді өтеді, — дейді Әлия.

Осы жылдар аралығында «Жасыл елде» облыстың 50 мыңнан астам жасы еңбек етті. Олар қаланы қоқыстан тазалап, өңірді көгалдандыру бағытында тер төкті. Мыңдаған тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың тұрғызылуына өзіндік үлестерін қосты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button