Басты жаңалықтарДенсаулық

Облыс әкімі бас дәрігерлермен кездесті

«Облыс әкімі Оңдасын Оразалин денсаулық сақтау қызметкерлерімен кездесті» — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға облыс әкімінің  орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармасының басшылығы және медициналық мекемелердің бас дәрігерлері қатысты. Кездесу барысында  COVID-19, өкпе қабынуына шалдығушыларды емдеуге қатысты мәселелер талқыланды.

«Біздің жағдайымызды сырттан келіп ешкім шешпейді. Өз күшімізге сенуіміз керек. Бұған дейін де атап айтқанымдай, мен ақ халатты абзал жандардың жауапкершілігі мен біліктілігіне, тәжірибесіне сенемін. Қолымыздан келгенше бар жағдайды жасаймыз», — деді облыс басшысы.

Бұған дейін дәрігерлердің  ұсынысымен орта есеппен 100-200 орынға арналған күндізгі стационар жұмыс жасауды бастаған болатын. Облыста науқастарды  қабылдауға арналған орындар саны жеткілікті. Жақында қосымша «Дару» емдеу мекемесінен 150 орын ашылып, науқастарды қабылдау жұмыстары жүргізілмек. «Ақбөбек» емдеу мекемесінің талапқа сай келетіндігі тексерілуде. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерде  үш, теміржол ауруханасында төрт жасанды желдету аппараты жұмыс істейді. Жалпы облыста 125 аппарат бар. Тағы 50-і жеткізілмекші. Оның 30-ы берілу үстінде.

Бас дәрігерлер осы құрылғының санын арттыру қажеттігі туралы ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар науқастарға қызмет көрсетуде дәрігер санының жетіспеушілігіне байланысты аудандардағы дәрігерлер  мен медицина мамандығы бойынша білім алатын студенттер жұмылдырылатын болады. Яғни М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 112 резиденті мен 165 оқытушылық-профессорлық құрамы осы іске тартылды. Жедел жәрдем қызметі мен провизорларға қосымша көмекке Ақтөбе медициналық колледжінің студенттері  қол ұшын созады.

Облыс басшысы дәрігерлердің жанқиярлық еңбектеріне алғыс айтып, қиын кезеңді бірге жеңетіндеріне сенім білдірді. Және жоғарыда аталған ұсыныстарға қаржылық тұрғыдан  қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button