Басты жаңалықтар

Ақтөбе қаласының әкімі дәріханаларды аралады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қаладағы бірқатар дәріханаларды аралап, ондағы дәрі-дәрмек мөлшері мен олардың бағасына көз жеткізді.

Ақтөбе қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шаһар басшысы 30 маусымда түнде қаладағы ашық тұрған бірқатар дәріханаларды өзі жүріп аралап шыққан. А.Шахаров түнімен қызмет жасап тұрған дәріханаларда парацетамолдың 125 теңгеден сатылып жатқанын көрген. Сол сияқты өзге де препараттардың дәріханаларға жедел жеткізіліп жатқанын дәрі-дәрмек алуға келген тұрғындардың өздері айтыпты.

Дәріхана сөрелерінен табылмаған антибиотиктер де болды. Бірақ, негізінен, дәрімен қамту шаралары шұғыл қолға алынғандықтан, кешелі бері дәріхана қызметкерлері жаңадан келіп жатқан қораптарды қабылдап, дәрі-дәрмекті бірден сатуға шығарып жатқандарын айтты, — деді баспасөз қызметіндегілер.
Бұл күні қала әкімі «103» жедел жәрдем бекетінде де болған. Түнгі кезекшілікте қоңырау қабылдаушы Айгүл Пралинаның айтуынша, таңертеңгі сағат 8.30-дан түнгі 22.30-ға дейін жедел жәрдемге 1090 шақырту түскен.

Қазір қаладағы жедел жәрдем қызметінде 28 көлік бар. Қала әкімі жедел жәрдем бекетіне барған кезде түнгі кезекшілікке орталық көшелерге — 8, ал қаланың ескі бөлігіне 11 жедел жәрдем көлігінің жіберілгені айтылған. Асхат Шахаров шақырту  түскен науқастың үйіне жедел жәрдем көлігіне отырып, медициналық көмек бригадасымен бірге еріп те барды.
Сол сияқты шаһар басшысы қала сыртындағы облыстық балалар ауруханасындағы жағдайды да өз көзімен көріп, дайындықтарын тексерді.

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қаланың ескі бөлігіндегі бірқатар дәріханаларға мониторинг жүргізді. Ол жағдайды өз көзімен көріп, ондағы қызметкерлермен, дәрі алуға келген тұрғындармен тілдесті. Шернияз көшесіндегі

«Миллениум» дәріханасында гормоналдық препараттар тапшы болса, «АРС» дәріханасындағылар антибиотиктер келгенмен, әп сәтте-ақ өтіп кетіп жатқанын айтты. «Миллениум» дәріханасындағылар соңғы 10-20 күнде вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктерге сұраныстың артқанын айтады.

  • Дәрі-дәрмек түскенмен, тез арада өтіп кетіп жатыр. Халықтан сұраныс жоғары. Дәрі-дәрмек тапшылығы бар. Алайда келген дәріні біз сатып жатырмыз. Алдағы уақытта да дәрі-дәрмектер болады, тапсырыс берілді. Қазіргі уақытта халық індеттен сақтану үшін дәріні алдын ала алып жатыр, — деді «Миллениум» дәріханасының меңгерушісі Гүлмира Қарағұлова.

Асхат Шахаров қалада соңғы күндері дәрі-дәрмек тапшылығына байланысты халық наразылық білдіріп жатқанын, соған сәйкес облыс әкімінің тапсырмасы бойынша бір ай көлемінде аймақта халықты азық-түлік пен дәрі-дәрмекпен қамту және олардың бағасына мониторинг жүргізілетінін айтты.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, коронавирус жағдайында кеңпрофильді антибиотик қолданылмайды. Демек, учаскелік дәрігер науқасты қарағаннан кейін нақты нұсқама беруі қажет. Сол алгоритмге сәйкес жұмыс жасауы керек.  Бұл жердегі ең басты мәселе — дәрілер дәрігердің нұсқамасынсыз сатылып жатыр. 

Дәрі-дәрмектің тапшылығы осыдан пайда болады. Дәрігердің нұсқамасынсыз антибиотиктердің сатылуы дұрыс емес. Сондықтан біз дәріхана жүйесі басшыларымен кездесіп, осы мәселені анықтауымыз қажет. Егер олардың бұл мәселені реттеуге мүмкіндіктері жетпесе, онда біз жағдайды құзырлы органдармен бірлесіп, жан-жақты қарастыруға көшеміз, — деген А.Шахаров  журналистер, қоғам белсенділерімен бірге бұл жағдайды алдағы уақытта да бақылауға алатынын жеткізді.

Мониторингтік тексеріс кезінде қала әкімі Шернияз көшесі бойындағы «Айболит», «Биосфера», сол сияқты Әбілқайыр хан даңғылындағы «Еврофарм», Бейбітшілік даңғылы бойындағы «Гиппократ» дәріханаларында болып, ондағы жағдаймен танысты.

Ақтөбе қаласының 23 секторға бөлінгенін білесіздер. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қазір барлық секторларда мобильді топтар жұмыс жасап жатыр. Бұған дейін қалалықтар дәрі-дәрмектің тапшылығын айтып, наразылықтарын білдірген еді. Әрине, сұраныс бар кезде осындай мәселелер болады. Біз жағдайды өз көзімізбен көру үшін дәріханаларға мониторинг жүргізіп жатырмыз. Бүгін тағы да қалаға Ресейден дәрі-дәрмек жеткізу жағы қарастырылып жатыр, — деді Асхат Шахаров.

Сондай-ақ шара кезінде Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары, бас фармацевтикалық инспектор Сәбит Ескендіров облысқа дәрілік заттар екі жүйемен келетінін айтты. Оның біріншісі — кепілдік берген көлемдегі дәрілер. Олар — медициналық мекемелердің мұқтаждығы үшін алынатын дәрі-дәрмектер. Екіншісі — халыққа дәріханалар арқылы сатылатын дәрі-дәрмектің көлемі.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысы аумағында 573 дәріхана жұмыс жасайды. Соның 292-сі Ақтөбе қаласында орналасқан.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button