Жаңалықтар

Шектеу шаралары енгізілсе, алдын ала хабарланады

Брифинг

Ақтөбе өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен тікелей эфир барысында Ақтөбе облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыс әкімінің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Әсет Қалиев облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, 1 шілде күнгі дерек бойынша, коронавирус инфекциясын жұқтырған 886 адам тіркелді. Оларда ауру белгілері байқалған. Сонымен бірге ешқандай ауру белгілері байқалмаған, бірақ ауру жұқтырған 5635 адам тіркелген.

— Коронавирус инфекциясын жұқтыру қарқыны өсімі 2,4 пайыз болып отыр. Облыс бойынша коронавирус дертінен 463 адам толық айығып шықты. Коронавирус инфекциясы облыс бойынша Ақтөбе қаласы тұрғындары арасында көп тіркелді, қазіргі таңда қала бойынша 1223 адам тіркелді. Оның 494-і — ауру белгісі байқалмаған науқастар. Сонымен бірге Әйтеке би ауданында — 17 адам (оның ішінде симптомсыз 6 адам), Алғада — 24 адам (симптомсыз 21адам), Байғанин ауданында — 7 адам (симптомсыз 3 адам), Ырғызда — 30 адам (симптомсыз 23 адам), Қобда ауданында симптомсыз 7 адам, Ойыл ауданында — 4 адам (симптомсыз 3адам), Хромтау ауданында — 37 жағдай (симптомсыз 18адам), Шалқар ауданында 66 жағдай (симптомсыз 13 адам) тіркелді. Қазіргі кезде үй карантиніне алынған 2011адамға медициналық бақылау жүргізіліп отыр, — деді Н.Беркімбаева.

29 маусым-1 шілде аралығында, яғни дүйсенбіден бастап үш күннің ішінде өкпе қабынуымен облыстағы провизорлық стационарларға 246 адам жатқызылған. Соның ішінде 56-сы — соңғы тәулікте түскен науқастар.

— Аурушаңдық азайды деп айта алмаймыз, бірақ күрт өсіп кеткен де жоқ. Қарқын бірқалыпты сақталып тұр. Бір көңілге медеу боларлық нәрсе бар — өткен аптадағы жағдайды барлығыңыз жақсы білесіздер, егер өткен апталарда бір күнде 100-200 адам өкпе қабынуымен ауруханаларға түскен болса, осы аптада үш күнде 246 адам түсті. Салыстырмалы түрде алғанда, азайғаны байқалады. Алдағы уақытта ауру қарқыны азаяды деген үмітіміз бар, — деді Әсет Қалиев.

Ә.Қалиев провизорлық госпитальдерде науқастарды қабылдау үшін кереует жеткілікті екенін айтты. Кеше «Шағала» санаторийінде 150 орынға арналған провизорлық госпиталь жұмыс істей бастады. Кеше өкпе қабынуымен түскен 56 адам осы жерге жатқызылған.

— Қазіргі кезде «Дару», «Әйгерім» секілді жеке емханалармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Егер қарқын бәсеңдемесе, осы аптаның аяғына қарай бұл жерлерде де провизорлық госпитальдер жұмыс істейтін болады. Провизорлық госпитальдерде науқастарға хаттама бойынша берілетін дәрі-дәрмек, оттегімен қамтамасыз ететін құралдар жеткілікті. Дәріханалардағы жағдайды да біліп отырмыз. Тұрғындардың дәрі-дәрмекке деген сұранысы өте жоғары. Өздерінің отбасын, туыстарын түгел дәрі-дәрмекпен қамтуға тырысып жатыр тұрғындар. Оған әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан түрлі ақпараттар дәлел бола алады. Біздің қызметкерлер де ұдайы қаладағы барлық дәріханаларды аралап, мониторинг жүргізіп отыр. Облыстағы дәрі-дәрмек әкелетін барлық кәсіпкерлерге кеденнен өткізу, фармкомпаниялармен келісімшартқа отыру мәселелерінде облыс әкімдігі толықтай қолдау көрсетіп отыр. Қазір дәрі-дәрмек әкелініп жатыр. Дәрі-дәрмекке сұраныстың өсуі тек облыста ғана емес, тұтас республикада болып жатқан жағдай. Қазір бұл мәселені ел Президентінің өзі бақылауда ұстап отыр, сондықтан мәселе алдағы уақытта толықтай шешілуі керек, — деді Ә.Қалиев.

Жақында әлеуметтік желілерде қала тұрғындарының бірі 200 мың теңгеге дәрі-дәрмек алып жатқаны туралы ақпараттар жарияланды. Бұған қатысты Әсет Қалиев былай деді:

— Бұған қатысты қазір құқық қорғау органдары зерттеу жүргізіп жатыр. Мұндай жайттарға жол беруге болмайды, — деді.

Бүгінде коронавирус инфекциясымен, өкпе қабынуы ауруымен күресте 2556 медицина қызметкері жұмыс істеп жатыр (олардың барлығына талап бойынша жалақысына үстемеақы төленеді). 68 маман ауру жұқтырған. Өкпе қабынуы салдарынан ем алып жатқан медицина қызметкерлері де бар. Ә.Қалиев провизорлық госпитальдерде маман әлде де жетіспей жатқандығын айтты.

Әсет Қалиев тұрғындардың жұқпалы аурулар ауруханасында 7 жүкті әйелдің қайтыс болғаны туралы сұрағына да жауап берді:

—  Бұл ауруханада тек бір ғана жүкті әйел өкпе қабынуынан көз жұмған болатын. Бірақ оның сараптама қорытындысында коронавирус анықталған жоқ. Жеті жүкті әйел қайтыс болды деген жалған ақпарат, — деді ол.

Әсет Қалиев сондай-ақ коронавирус инфекциясын жұқтырып, айығып шыққандардан коронавирус инфекциясын емдеуге арнайы плазма алынғанын, оның жағдайы ауыр науқастарға қатысты қолданылатынын айтты.

Эфир барысында өңірдегі карантиндік шектеу шараларын енгізу туралы да айтылды. Н.Беркімбаеваның айтуынша, министрлікке 4 апталық шектеу шараларын енгізуге қатысты ұсыныс жіберілген. Егер ол қолдау табатын болса, тұрғындарға алдын ала ескертілетін болады. «Бірақ блок-бекеттер қойылмайды», — деді Н.Беркімбаева.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button