Жаңалықтар

Жалпыұлттық «Birgemiz: saýlyq» жобасы басталды

Еріктілер жылы

Республиканың түкпір-түкпіріндегі еріктілер қозғалысының 1000 мүшесі медициналық қызметкерлерге көмекке келмек. Олар ауыр науқастарға, соның ішінде хоспистерде, онкологиялық диспансерлерде көмек көрсете бастайды. Еріктілер салауатты өмір салтын насихаттайды, дәрі-дәрмектерді ұтымды пайдалану принциптерін үйретеді.

Осы мақсатта «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы еріктілерге әрқайсысына 300 мың теңге көлемінде 70-ке жуық грант берген.

«Birgemiz: Saýlyq» жобасының мақсаты —  еріктілерді денсаулық сақтау саласына, науқастардың күтіміне көмек көрсетуге, соның ішінде хоспистерде, онкологиялық диспансерлерде және басқа да жерлерде көмек көрсетуге тарту.

«Азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау» жобасының екінші бағытын Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясының Ақтөбе қаласындағы филиалы жүзеге асырады. Дәл осы қоғамдық бірлестік «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ жариялаған грантты ұсыну конкурсын жеңіп алды.

Жоба жетекшісі, СӨС және паллиативтік көмек бойынша жаттықтырушы Татьяна Острецова әр облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда арнайы үйлестірушілер анықталғанын, кеңесші-сарапшылар, жаттықтырушылар тағайындалғанын айтады. Жақында жобаның барлық қатысушыларының алғашқы онлайн-кездесуі өтіп, оған жобаның орындаушылары, орталық басшылары мен өңірлік үйлестірушілері қатысқан.

—  Біздің ауқымды жоспарларымыз бар. Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншіден, Алматы, Қызылорда және Петропавл қалаларында денсаулық сақтау саласындағы еріктілерді қолдау орталығы құрылады. Олардың міндеті — еріктілер қатарына қосылғысы келетіндерге кеңестер беріп, кездесулер, тренингтер өткізу. Біз әртүрлі тақырыптарда вебинарлар өткіземіз. Мысалы, «Қазақстан Республикасындағы еріктілер қозғалысын дамыту», «Салауатты өмір салтын насихаттауда және халықты дәрі-дәрмектерді ұтымды пайдалану қағидаттарына тәрбиелеудегі еріктілердің рөлі» сынды вебинарлар өткіземіз. Жасыратыны жоқ, бүгінде тұрғындар иммундық жүйені нығайтуға, жадты қалпына келтіруге немесе әртүрлі органдардың функцияларын қалпына келтіру мақсатымен дәрумендерді, тағамдық қоспаларды пайдалану туралы жалған жарнамаларға сенеді. Азаматтардың сауатсыздығы кейде аллергиялық реакцияларға, антибиотиктерге тұрақтылық және ағзалардың уытты зақымдануына әкеліп соғады. Әрине, бұл бағытта елімізде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр, елімізде ұлттық дәрілік формуляр құрылды, осы нарықты реттейтін бірқатар бұйрықтар шығарылды. Алайда адамдар өздері дәрілік заттарды негізсіз пайдаланудың қауіпті екендігін түсінбесе, жағдайды түзету мүмкін емес. Сондықтан тұрғындарға соны айтып түсіндіру үшін еріктілер тартылады, —  дейді Татьяна Острецова.

Т.Острецованың айтуынша, жақында «Паллиативті көмекке мұқтаж пациенттерге көмек көрсетуге еріктілердің қатысуы» атты вебинар өтпек. Сондай-ақ семинар-тренингтер, әдістемелік ұсыныстар әзірлеу, бейнероликтер, буклеттер, жадынамалар, үздік еріктілер туралы жинақта шығару жоспарланып отыр. Жоба  жыл аяғына дейін жүзеге асырылады.

— Күзге жақын азаматтардың денсаулықты сақтау саласындағы жергілікті мәселелердің шешімін табуға және еріктілердің бастамаларын қолдауға бағытталған шағын гранттар (әр грант 300 мың теңге көлемінде) беруге конкурс жариялаймыз. Бұл қаражат еріктілердің бастамаларын жүзеге асыру үшін беріледі. Жоба бойынша 1000 еріктіні тарту және оқыту жоспарланған, еліміздің барлық аймағында кем дегенде 68 шағын грант беру жоспарланып отыр, — дейді  Татьяна Острецова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button